Алматыда бір топ белсенді Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысын және қозғалыспен аттас азаматтық декларацияны таныстырды. Oyan, Qazaqstan қозғалысы Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков бастаған және басқа да азаматтық белсенділермен ұйымдастырылған “Шындықтан қаша алмайсың” акциясынан өз өрісін алған.

Oyan, Qazaqstan азаматтық декларациясында елдегі саяси жүйені реформалап, саяси құрылымның реформасы негізінде тәуелсіз комиссия құрылуы тиіс деп көрсетілген. Жалпы декларация тоғыз бөлімнен тұрады. Құжатты жазуға түрлі сала сарапшылары, журналистер мен қоғам белсенділері қатысқан.
– Біз елімізде барлығы да заңның шеңберінде болғанын қалаймыз. Біздің қозғалысымыздың нәтижесі алдағы бес немесе он жылдан кейін болатын шығар. Елімізде сайлаудың әділ өтуін және саяси жүйенің ауысқанын қалаймыз, – деді қозғалыс мүшесі, саясаттанушы Димаш Альжанов.
Бұдан өзге Әсем Жәпішеваның сөзінше, қозғалыс билікке ұмтылмайды, тек елде демократиялық институттардың құрылуына әсер етпек.
Әзірге Oyan, Qazaqstan қозғалысы мүшелерінің нақты саны белгісіз. Бұны белсенділер өз қатарларына қосылуға өтініш білдірушілердің көптігімен түсіндірді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.