14.12 | Туиттер vs Трамп, белсенді Е. Қуандықтың көлігі өртенді, Google қандай аккаунттарды жояды?

Туиттер Трамптың постына лайк басу мүмкіндігін уақытша тоқтатты

Туиттер АҚШ президенті Дональд Трамптың үш постына лайк басуға уақытша шектеу қойды. Қысқа мерзімді шектеу өткен сенбіде қойылып, кейінірек әлеуметтік желі өкілдері бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы The Hills хабарлады.

Трамп президент сайлауының нәтижесі туралы твиттерде пост жариялаған еді. Ол Джо Байденнің Висконсин, Мичиган, Джорджия және Пенсильваниядағы жеңісінің күшін жоюға Жоғарғы сотқа арыз жазған. Сот оның талабын қабылдамаған болатын.

“Бұл сот тарапынан жасалған үлкен қателік болып, ұятқа қалдырды. АҚШ халқы алданып, біздің еліміз масқара болды”, — деп жазды қазіргі президент туиттерде.

Ал туиттер өкілі мұндай шектеудің абайсыздан жасалғанын айтты. Сонымен бірге, қазіргі уақытта шектеудің алынғанын хабарлады.

Google қандай аккаунттарды жояды?

Google компаниясы Gmail, Google Drive немесе Google фотоны екі жылдан астам уақыт бойы пайдаланбаған аккаунтты жойатыны туралы хабарлама жариялады.

Бұл шешім 2021 жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енеді. Сондықтан сіздің аккаунтыңыз жойылмауы үшін Gmail, Google Drive және Google Photos қосымшасын аз уақыт болсын қолдануыңыз қажет.

Компания бұл шешімнің Google Workspace, G Suite Education Edition және G Suit Non-profit Edition қолданушыларына еш қатысы жоқ екенін ескертті.

Белсенді Е. Қуандықтың көлігі өртенді

Алматыда тұратын ғалым, азаматтық белсенді Есенғазы Қуандық белгісіз біреулер көлігіне от қойып кеткенін айтады. 14 желтоқсанға қараған түні сағат 2-лер шамасында ол көлігінің жанып жатқанын көрген. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Терезеден қарасам, лапылдап жанып жатыр. Жалма-жан далаға жалаң аяқ атып шықтым. Үлкен шүберек тауып алдым. Сонымен ұрып-ұрып өшірдім. Сосын көршілерім шықты. Өрт сөндірушілер келгенше сөндіріп алдық. Салоны түгел жанып кетті, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

Ол көлігіне біреулер өрт қойды деп топшылайды.

14.12 | Туиттер vs Трамп, белсенді Е. Қуандықтың көлігі өртенді, Google қандай аккаунттарды жояды?
Есенғазы Қуандықтың өртенген көлігі. Алматы, 14 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Азаттық радиосы

Бензин багының қақпағы ішінен ғана ашылады. Ол ашық тұр. Ал қақпағы жерде жатыр. Ол өзінен өзі “замыкание” болып, секіріп кетпейді ғой. Және ол өрт шығатын жер де емес, “замыкание” әдетте мотордан болады, – дейді белсенді.

Есенғазы Қуандық оқиғаны өзінің азаматтық белсенділігімен, билікті сынаған жазбаларымен байланыстырады. Ғалым соңғы рет әлеуметтік желіде сайлау туралы пост жазып, билікті сынаған.

Президент “әлеуметтік араздық туғызатын заңға” қол қойды деп жазғанмын. Неге десеңіз, бізде партиялық тізімнің 30 пайызы – жастар мен әйелдерден құралуы керек деген өзгеріс сайлау туралы заңнамаға енгізілді. Ал бізде негізгі заңда ұлтына, жынысына, дініне қарамастан бәрі заң алдында тең деп жазылған. Халықаралық құжаттарға сүйеніп тұрып, талдап, бәрін жоққа шығарғанмын. “Бар кінәм” осы шығар, – дейді Есенғазы Қуандық.

Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының кезекшілігінде отырған қызметкердің айтуынша, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 202-бабы бойынша (“Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру”) қылмыстық іс қозғалған. Бірақ кезекші істің жай-жапсарын айтпады. Қылмыстық істермен айналысатын бөлім мамандары да жауап бермеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz