Гүлдара Нұрымова Қазақстан мен әлемдегі донорлық туралы қаншалықты рас сөйледі?

12 сәуірде Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Гүлдара Нұрымова трансплантология мен донорлық мәселесіне қатысты сауал жолдады. Сауал барысында мәжілісвумен бұл саланың әлемдегі және елдегі жағдайына тоқталды.

Гүлдара Нұрымованың сауалы (тайм-код: 1:22:26)

Factcheck.kz редакциясы Нұрымованың кей мәлімдемелерін тексерді.

Мәлімдеме: Қазіргі Қазақстандағы күту парағында дене мүшелерін ауыстыруға мұқтаж 3805 науқас бар. Оның 90-ы бала. Олардың көп бөлігі, яғни 91%-ы бүйрек ауыстыруды қажет етеді. 2022 жылы күту парағынан 320 адам қайтыс болып, шығарылды.

Гүлдара Нұрымова

Үкім: Шындық

Донорлық мүшелер керек науқастардың күту парағын онлайн режимде transplant.kz сайтынан көруге болады. 10 сәуірдегі жағдай бойынша, отырыста айтылған сандар статистикалық деректерге сай келеді.

transplant.kz сайтындағы реципиенттер тізімі қазіргі уақыт бойынша толығып, қысқарып отырады. 2023 жылдың 10 сәуірінде күту парағында расымен 3805 науқас болды, оның 90-ы бала. Шамамен 91%-і (3805 науқастың 3453-і) донорлық бүйрекке мұқтаж. 2022 жылдың қаңтарынан қазанға дейінгі аралықта 262 адам қайтыс болып, тізімнен шығарылды. Статистика 10 айды ғана қамтығанын ескерсек, техникалық тұрғыда мәжілісвумен айтқан 320 адам болуы мүмкін. Салыстыру үшін: 2021 жылы донорды күту кезінде 341 адам өмірден өткен.  

Мәлімдеме: Адамдардың көбі дәрігерлер дене мүшесін алып, пайдалану үшін науқасты толық емдемеуі мүмкін деп қорқады. Бірақ ми өлімін констатациялау үшін алдымен 24 сағат бақылау ережесі бар. Содан кейін ғана мүшелерді алуға болады.

Гүлдара Нұрымова

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұйрығына сәйкес, мидың қайтымсыз өлімі белгілерінің жиынтығы анықталған жағдайда, бақылау 12-ден 72 сағатқа дейін жалғасуы мүмкін. Уақыт клиникалық тест пен зертханалық зерттеу нәтижелеріне қарай артып немесе қысқарып отырады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 27 қазандағы бұйрығында ми өлімін констатациялаудың нақты ережесі бекітілген. Орталық жүйке жүйесі жұмысының тоқтағанын білдіретін белгілерден бөлек, құжатта қажетті тест пен диагностикалық зерттеулер тізімі көрсетілген. Мидың қайтымсыз өлімінің белгілері анықталған жағдайда бақылау 12 сағат (мидың алғашқы зақымдалуы) және 24 сағат (мидың екінші рет зақымдалуы)  бойы жалғасады. Бақылау уақыты ангиография (өткізу мүмкін болса) мен зертханалық зерттеу нәтижелеріне қарай қысқарып немесе артып отыруы мүмкін.

Мәлімдеме: Донорлық пен трансплантация бойынша көшбасшы ел – Испания пен Хорватия. Онда 1 миллион тұрғынға 45-50 донордан келеді.

Гүлдара Нұрымова

Үкім: Жартылай шындық

Халықаралық донорлық пен мүшелер трансплантациясы тізілімінің жылдық есебі бойынша, Испания расында өлімнен кейінгі донорлық бойынша көш бастап тұр. Сондай-ақ көзі тірісіндегі донорлық деген де бар, ол әсіресе Түркияда дамыған. Мәжілісвумен айтып өткен Хорватия доноры көп елдер (өлімнен кейінгі) тізімінде сегізінші орында тұр (1 млн тұрғынға 25 донор).

Халықаралық регистрде екі тізім бар:

  1. worldwide actual deceased organ donors rate (әлемдегі өлімнен кейінгі донорлық дәрежесі)
  2. worldwide living organ donors rate (әлемдегі көзі тірісіндегі донорлық дәрежесі)

2022 жылы Испания өлімнен кейінгі донорлар саны бойынша көш бастады. 1 млн тұрғынға 46-дан болды. Ел 50/1 млн арақатынасына жетуге ұмтылып жатыр. Испаниядан кейін трансплантология дамыған елдердің алғашқы бестігінде АҚШ, Бельгия, Чехия, Словения бар. Бір қызығы, «тірі» донорлық бойынша есеп мүлдем басқа: көш бастап тұрған – Түркия. Көзі тірісінде мүшесін беруге Сауд Арабиясы, Израиль, Ирак және АҚШ тұрғындары дайын.

Нұрымова атап өткен Хорватия өлімнен кейінгі операциялар рейтиңінде тек сегізінші орында (миллион тұрғынға 25 донор) және көзі тірісіндегі донорлықтан отыз үшінші орында (миллион адамға 2 донор) тұр. 2021 жылы Қазақстан «тірі» донорлары көп елдердің тізіміне енді (миллион тұрғынға 8 донор). Дегенмен, 2022 жылғы есепте ел жоқ.

Мәлімдеме: Иран мен Пәкістанда бүйрек сату заңды және реттелген.

Гүлдара Нұрымова

Үкім: Жартылай шындық

Иран — бүйрек сатуды заңдастырған әлемдегі жалғыз ел. Бұл мәселе бойынша басқа ешқандай «әлемдік тәжірибе» жоқ.

Иран мен Пәкістан туралы мәлімдемеден кейін Гүлдара Нұрымова «Шет елдің тәжірибесін зерттеуді» ұсынды. Мұндай сөйлем донорлықтың қаржылай жағы әлемде кең тараған тәжірибе деген түсінік қалыптастыруы мүмкін, шын мәнінде олай емес.

Қазақстандағы алдыңғы қатарлы трансплантолог Болатбек Баймаханов Orda.kz басылымына білдірген пікірінде «трансплантология саласындағы «тауар-қаржы» қатынасы көптеген құқықтық нормаларға сай келмейтінін атап өтті:

… елдің тұрақты дамуына қажет заңдарды қабылдауы керек заң шығарушы органның депутаты әлем бойынша тыйым салынған ережені енгізуді ұсынып жатса – оған пікір білдірмеу мүмкін емес. Оның үстіне ол бұрынғы медицина қызметкері. Қоғам ол медицина қауымдастығы мен денсаулық сақтау жүйесі атынан сөз сөйлеп отыр деп ойлауы мүмкін. Ұсыныс қазіргі нормативті-құқықтық актілерге – ҚР «Денсаулық пен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясы және Страсбург конвенциясына қарсы.

Болатбек Баймаханов

«Коммерциялық донорлық» тек Иранда заңдастырылған. 1988 жылдан бастап ол жақта бүйрек сату заңды және бірқатар ұйым қатаң бақылап отырады. Бүйрегін беруші мен репициент арасын байланыстыру үшін Dialysis and Transplant Patients Association (DTPA) – Диализдегі және трансплантацияға мұқтаж науқастар қауымдастығы жұмыс істейді. Осы ұйым донордың шешімі ерікті болғанына жауап береді.

Қатаң бақылау мен оң нәтижелер болғанымен, Иран тәжірибесі сыналып жатады. «Коммерциялық донорлық» кедей тұрғындарды одан да әлсіретеді, себебі олар үшін бұл аман қалу мүмкіндігі. Мұндай тәжірибе ДДСҰ қағидаттарына қайшы келеді (5-тармақ) және оны Стамбул трансплантациялық туризм және мүшелер саудасы туралы декларациясында ұйым айыптаған (12). Адам құқықтары және биомедицина бойынша Страсбург конвенциясында да сатуға тыйым салынатыны жазылған.

Қазақстанда мүшелерді алғаны немесе алуға мәжбүрлегені үшін 10 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Депутат үлгі ретінде келтірген Пәкістан ұзақ уақыттан бері донорлыққа қатысты көптеген қылмыстардың зардабын тартып келеді. Мәселен, 2023 жылы қаңтарда CBS news-те «құпия зертханалар» туралы материал шықты. Онда дене мүшелерін алатын операциялар жасалып отырған. 2017 Dawn газеті де осы тақырыпқа қатысты үлкен зерттеуді жариялады. Екі материалда да Пәкістанда мүше сату қылмыс саналатыны және 10 жылға дейін бас бостандығынан айырып, айыппұл төленетіні айтылған. Сонымен қатар заңсыз операциялар кезінде реципиенттердің қайтыс болғаны да айтылған, оның ішінде қазақстандықтар да болған.

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz