Жалған | Тоқаев: Жыл сайын жол-көлік апатынан 10 мыңнан астам адам көз жұмады

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында жыл сайын елімізде көлік апатынан 10 мыңнан астам адам қайтыс болатынын айтты.

«Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. Біз бұл проблеманы көптің алдында Парламентте де, Үкіметте де талқыладық. Алайда мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр. Жыл сайын жол-көлік апатынан 10 мыңнан астам адам көз жұмады. Мұндай адам шығынын ірі қарулы қақтығыстар мен соғыстардағымен салыстыруға болады», деді Қ.Тоқаев.

Жалған | Тоқаев: Жыл сайын жол-көлік апатынан 10 мыңнан астам адам көз жұмады
Скрин khabar.kz сайтынан

Мәлімдеме: Жыл сайын жол-көлік апатынан 10 мыңнан астам адам көз жұмады

Үкім: Жалған

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын жол-көлік апатынан шамамен екі мыңнан астам адам қаза табады. Мәселен, 2017 жылы 17019 жол-көлік апаты тіркеліп, 22 256 адам жарақат алып, 2086 адам қайтыс болған.

Ал Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сай, 2018 жылы Қазақстанда 15 821 жол-көлік апаты тіркелген. 20 445 адам жарақат алса, 2096 адам қаза тапқан.

Мәлімдеме: Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп

Үкім: Жартылай шындық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол-көлік апатынан қаза табатындар санынан қателескені болмаса, жалпы айтқан сөзінің жаны бар. Қазақстан – автокөлік апаты көп тіркелетін елдер санатына кіреді.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті жол-көлік апатының серпінін есептегенде 100 000 адамға шаққандағы қаза тапқандар санын емес, жол көлік оқиғасы санын келтіреді. Сондықтан Еуропа елдерімен салыстырғанда сыртқы деректерге сүйенуге тура келеді.

The World Bank-тың деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 23,8 құрайды. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш төмен. Мәселен, Әлемдік банк келтірген мәліметке сай, Ұлыбританияда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 2,9 адам. Бұл көрсеткіш Германияда – 4,2, Францияда – 5,1 Нидерландта – 3,1, Швецияда – 2,9-ды құрайды.

Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2018 жылғы «Жол қауіпсіздігі» жинағында ұйымға мүше мемлекеттердің 100 000 адамға шаққанда жол-апатынан қаза тапқандар тізімі берілген. Келтірілген мәліметтерге сәйкес, Норвегияда әр 100 000 адамның 2-еуі жол-көлік апатынан қайтыс болады. Бұл көрсеткіш Швецияда – 2,5, Швейцарияда – 2,7 адамға жеткен.

Жалған | Тоқаев: Жыл сайын жол-көлік апатынан 10 мыңнан астам адам көз жұмады

Қорытынды: Қазақстанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан цифрмен дәл келмесе де, Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Factcheck.kz сайтының журналисі

Factcheck.kz