Жалған | Алтай Көлгінов: Орал ең экологиялық таза қала

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Tengrinews жаңалықтар порталына берген сұхбатында Оралды ең экологиялық таза қала деп атады. Factcheck.kz Көлгінов мырзаның мақтанышпен айтқан сөзінің рас-өтірігін анықтамақ. Сонымен, «Қазгидромет» РМК-ның атмосфералық ауа тазалығының мәліметтерімен салыстырамыз.

«Орал ең экологиялық таза қала»

Үкім: Жалған

«Қазгидромет» РМК аймақтың жағдайы туралы ақпараттық бюллетенінің 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығының мәліметі Алтай Сейдірұлының сөзімен сәйкес келмейді.

Ластану индексі бойынша 2018 жылғы Оралдың көрсеткіші – 2 балл (әкім айтып отырғандай 0 емес), және Орал ластану дәрежесі артқан қалалардың тізімінде. Яғни, оны ең экологиялық таза қала деп айта алмаймыз.

Мүмкін әкім «Казахстанская правда»-ны оқитын шығар

«Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Нечем дышать! В каких городах Казахстана самый опасный воздух?» мақаласында Орал ластану дәрежесі төмен қалалардың тізімінде. Бірақ ол тізімде бір ғана қаланың аты аталмағандықтан, «ең таза» деген атты бәрібір иемдене алмайды. КП мақаласында «Қазгидромет» РММ-ның 2017 жылғы экологиялық мониторингінің мәліметтері келтірілген.

Атмосфералық ауаның ластануы қалай бағаланады?

Атмосфералық ауаның бір айдағы ластануы екі көрсеткіш арқылы бағаланады:

  • Стандартты индекс (СИ) – ШРК-ға бөлінген кез-келген ластаушы заттың қаладағы ең үлкен бір реттік максималды концентрациясы.
  • Ең үлкен қайталау (ЕҚ%) – қала ауасындағы кез-келген ластаушы заттың ШРК-ден асып кеткен ең үлкен қайталауы.
  • ШРК – атмосферадағы қоспаның шекті рұқсат етілген концентрациясы.

Жалпы атмосфералық ауаның ластануын бағалайтын 4 түрлі деңгей бар:

  • Ластанудың өте жоғары деңгейі (СИ – 10 балдан жоғары, ЕҚ – 50%-дан көп)
  • Ластанудың жоғары деңгейі (СИ – 5-6 балл, ЕҚ – 20-49 %)
  • Ластанудың артқан деңгейі (СИ – 2-4 балл, ЕҚ – 1-19%)
  • Ластанудың төменгі деңгейі (СИ – 0-1 балл, ЕҚ – 0% )

Егер СИ мен ЕҚ әртүрлі болса, атмосфераның ластануы бұл екі көрсеткіштің жоғарғысы арқылы бағаланады.

Журналист Factcheck.kz

Factcheck.kz