Шындық | Әлемде 110 ел қазақстандық өнімді тұтынады

11 желтоқсанда “Индустриализация күніне” арналған телекөпір кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазір әлемнің 110 елі біздің өнімді пайдаланады” деді. Бұл ақпарат алдымен Ақорданың ресми сайтында, кейін өзге қазақстандық басылымдарда жарияланды.

Үкім: Шындық (бірақ қызық)

Тексеріп көргеніміздей, 2018 жылдың қыркүйегіне қарай Қазақстан тауарлары, Еуразия экономикалық одағын есептемегенде, 113 елге таралған. Тізімде жалпы саны 117 ел бар – былтыр да осынша болған. Ол елдердің төртеуіне экспортталатын тауарлар құны, тоғыз айдағы дерекке сүйенсек, 1000 доллардан, 14 елге жөнелтілетін тауар құны 10 мың доллардан аз.

Мемлекеттік кіріс комитетінің сайтында “Қазақстан Республикасының қаңтар-қыркүйек айларындағы сыртқы сауда бойынша кеден статистикасы” бар. “Экспорт” бағанындағы “Барлығы” деп жазылған тұста сандар 1000 доллармен берілген.

Осы ақпаратқа қарағанда, Монако, Непал, Чад пен Эфиопияға экспорт үлесі қоса алғанда 2700 мың доллар болған. Ұлттық банктің 11 желтоқсандағы доллар курсымен есептегенде (369,35 теңге) бұл – 997 245 теңге. (Бұл ақшаға Canon EOS 5DS R фотоаппаратын объективсіз сатып алуға болады.)

Экпорт көлемі 10 000 доллардан асатын елдер тізімі бұдан ұзағырақ — оның қатарына Ирландия, Люксембург, Бруней-Даруссалам, Куба, Габон, Конго, Мали, Мозамбик, Жаңа Зеландия мен Тувалу бар. Бұл 14 елге жөнелтілетін тауарлар құны 46 000 доллардан немесе 16 990 100 теңгеден асады. Салыстыру үшін: Шығыс Қазақстандағы Шоқан Уәлиханов атындағы “Жас Ұлан” ер балалар мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты” коммуналды мемлекеттік мекемесі былтыр автокөлік сатып алған. KIA Quoris көлігін сатып алу үшін баж салығын есептемегенде бюджеттен 17 000 000 теңге жұмсалған.