Мүгедектігі бар адамдардың несие алуы: құқық па, мұқтаждық па?

2021 жылдың желтоқсанында Factcheck.kz ұжымы «За нами уже выехали» жобасымен бірлесіп Алматы қаласы банктерінің мүгедектігі бар адамдарға (МБА) қолайлылығын тексерген. Сол кезде 11 бөлімше қарастырылды. Олардың көбі қолайлы емес болып шықты.

Қаржы қызметтеріне тең қолжетімділік я қаржылық инклюзия бұрыннан Мүгедектігі бар адам құқықтары туралы БҰҰ конвенциясында бекітілген. Қаржы инклюзиясы – банк беретін қарыздар, ипотекалық несие және қаржылық несиенің басқа да үлгілеріне теңдей қолжетімділікті білдіреді.

«Өз көзімізбен» арнайы жобасы аясында Factcheck.kz ұжымы мүгедектігі бар адамдармен және МБА құқығы бойынша сарапшымен тілдесіп, Қазақстанда МБА-ға несие беру қандай деңгейде екенін анықтауға тырысты.

«Сен ертең өліп қалсаң ше?»

Материал кейіпкерлерінің бірі – Михаил Аманқұлов Орал қаласында тұрады. Оның ағаш ыдыс дайындайтын жеке кәсіпорны бар. Бірнеше жыл бұрын оған білдек (станок) сатып алу үшін несие алу керек болған. Бірақ, Михаилдің айтуынша, банк қызметкерлері онымен тіпті сөйлескісі де келмеген. Михаилдың бірінші топтағы мүгедектігі бар. Ол арбаның көмегімен қозғалады.

— Банкке келдім, менімен тіпті сөйлеспеді де. Менің кішігірім кәсіпорным – цехым бар екенін түсіндіре бастадым. Менде бәрі бар. Маған, мүмкін болса, шағын станок алу керек. Бар болғаны үш жүз мыңға. Олар маған: «Біз сіздің өтінішіңізді қарастырмаймыз да!»  деп жауап берді. Мен «бәріміздің тең екеніміз қайда қалды?» деп сұрадым.

Банк: Біз тәуекелге бара алмаймыз.
М: Не боп қалуы мүмкін?
Банк: Сен ертең өліп қалсаң не істейміз?
М: Сау адам кетіп бара жатыр, «бах!», оны көлік қағып кетеді. Бұл да тәуекел емес пе? Тәуекел!

Заңгер, К.Иманалиев атындағы мүгедектігі бар адамдардың құқын қорғайтын комиссияның төрағасы Гүлмира Бурашеваның сөзінше, банктердің несие беруден бас тартуының ресми себебі – I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарда зейнетақы аударымдары жоқ. Аударымдар азаматтың төлей алу мүмкіндігін көрсететін негізгі көрсеткіш болғандықтан, банк өтініштерді қарағанда соны негізге алады.

Ал іс жүзінде несие беруден бас тарту себебі қарапайым эйблизмге келіп тіреледі. МБА жұмысқа орналасқан, тұрақты айлығы не жеке кәсіпорны болуы мүмкін, бірақ банк көп жағдайда, әсіресе адамның мүгедектігі көрініп тұрса бәрібір бас тартады.

Эйбли́зм (ағылш. — ableism, able сөзі – «қабілетті, құқығы бар, әрекет ететін») – еңбекке қабілетті адамдар қалыпты және мүгедектігі бар адамдардан артық саналатын дискриминация түрі. Бұл МБА-ға жағымсыз қарым-қатынасқа әкеледі.

Заңгердің сөзінше, кейде банк қызметкерлері телефон арқылы несиені мақұлдайды, бірақ арбадағы адам бөлімшеге келгенде кепілге қоятын мүлкі болса да несие беруден бірден бас тартады.

 «Мүгедектік көрінген жоқ»

Осыған ұқсас жағдай екінші кейіпкеріміз Ирина Антоновамен де болды (пікірлесушінің өтінішімен аты өзгертілді – ред.). Алматы тұрғыны Иринаның жасы 48-де, бірінші топтағы МБА және екі жерде жұмыс істейді. Иринаның сөзінше, оның ресми түрде картаға түсіп тұратын жалақысы бар.

ФЧ: Қашан несие алмақ болдыңыз?

И: Былтыр болды. Маған шұғыл түрде несие қажет еді. Мен барлық банкке бардым. Бір қызығы, көбінің сайтында, мен қажетті деректерді енгізгенде несие мақұлданды деп шығатын. Бірақ мен барлық құжатымды алып бөлімшеге келгенде зейнетақы аударымдары болмағандықтан бас тартатын. Содан кейін мен кепілге жылжымайтын мүлік қоюды шештім. Менің пәтерім – өзімнің атыма рәсімделген. Алғым келген несие оның төрттен бір бөлігінен де аз. Мен жылжымайтын мүлікті бағалаттым, қажет құжаттың бәрін ұсындым. Алдын ала келісім болғанына қарамастан, кейін бәрібір бермеді. 

Ирина микроқаржы ұйымында қарыз алуға тырысып жатқанда, қызметкер бір ғана МБА несие алғанын (ол жұмыс істеп жатқан уақытта), оның өзінің «мүгедектігі көрініп тұрмағанын» құпия түрде айтқан екен.

Міндетті емес әдістемелік ұсыныстар

2019 жылы К.Иманалиев атындағы мүгедектігі бар адамдардың құқын қорғайтын комиссия ҚР-да МБА-ның банк қызметтеріне қолжетімділігі мәселесіне талдау жасаған. Құжат 40 беттен тұрады. Зерттеу нәтижелерін қысқаша түсіндіре кетсек:

  • ҚР Ұлттық заңнамасында МБА-ны экономика не банк саласында кемсітуге тыйым салатын арнайы норма жоқ. Қаржы институттарының әрекетіне шағымдану механизмі жоқ.
  • Заң жүзінде де, заңға тәуелді акт жүзінде де мүгедектігі бар адамдарға қаржы ұйымдарында қызмет көрсету стандарттары бекітілмеген. Ұлттық банк бұл салада ұсыныс құжатын дайындамаған.
  • Сонымен қатар, несиелеу мен депозиттерді орналастыруды реттейтін стандарттар қарастырылмаған. Сондай-ақ Ұлттық банк тарапынан да, басқа органдардан да арнайы бақылау орнататын құқықтық акт жоқ.

Құрамында үкіметтік емес ұйым мен тәуелсіз сарапшылардың бастамашыл тобы бар Комиссия дәл сол 2019 жылы (БҰҰ МБА-ның құқын қорғау комитетіне ұсыну үшін) дайындаған ұқсас баяндамада да осындай қорытынды жасаған:

  • Қаржы инклюзиясы әзірге үкімет тарапынан да, жеке коммерциялық құрылымдар тарапынан да қолдауға ие болған жоқ және тараған жоқ. Түрлі дәрежедегі мүгедектігі бар адамдар үшін қаржы/несие құралдарына қол жеткізу қиын.
  • Қазақстанда көзіне байланысты мүгедектігі бар адамдардың банкоматтарға, төлем терминалдарына, POS-терминал мен басқаларына қолжетімділігін реттейтін құқықтық акт жоқ. Келісімшарт жасасу, депозит пен банктік шоттар ашу кезінде, факсимильді мөрді немесе аутентификацияның өзге де құралдарын пайдалану кезінде мүгедектігі бар адамдардың осы санатына қатысты ережелер жоқ, бұл олардың құқығын шектейді.

Талдау үш жыл бұрын жүргізілгендіктен біз Гүлмира Бурашевадан баяндама жарияланған уақыттан бері не өзгергенін сұрадық. Оның сөзінше, әзірге айтарлықтай өзгеріс жоқ: «Өкінішке қарай, үш жыл ішінде біз көптеген жиналыс өткіздік, түрлі әдістемелік ұсыныстар жасалды. Бірақ тәжірибе банктер бұған міндетті емес екенін көрсетті».

ФЧ: Сіздер қаржы институттарына қаржылық инклюзия бойынша ұсыныстар дайындадыңыздар емес пе?

ГБ: Дәл солай. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп қаржы нарығын ұйымдастыру үшін МБА-ға қаржылық қызметтерді ұсыну және қызмет көрсету бойынша әдістемелік ұсыныстар дайындалды. Қазір біз осы ұсыныстар негізінде стандарт қабылданады деп күтіп отырмыз. Бұл үлкен жетістік болар еді. Қаржылық инклюзияны арттыратын іс-шараларды күшейту бойынша Комиссия, ҚНРДА, БДТ (бейімдеме дене тәрбиесі) мен қаржылық ұйымдар арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.

«Қаржылық инклюзия бойынша жоспар дайындаған банктер бар. Ол жақта физикалық қолжетімділік қана емес, цифрлық та қамтылған. Оның ішінде қызметкерлердің хабардарлығын арттыру арқылы қызмет көрсету сапасын жақсарту да бар. Маған осындай жоспар бар деп айтты. Іс жүзінде өңірдегі пайдаланушылар әзірге ешқандай өзгерісті көрген жоқ», – деп сөзін түйіндеді Гүлмира Бурашева.

Үміт бар ма?

Материалымыздың екі кейіпкері – Михаил мен Ирина екі қалада, екі түрлі уақытта, түрлі сомада несие алғысы келген. Екеуіне ортақ нәрсе – мүгедектігі бар адамдарға арналған арба. Объектив көзқарас тұрғысынан екеуі де несие ала алатын топқа кіреді. Иринаның тұрақты айлық алатын екі жұмысы, ал Михаилдың өз кәсіпорны бар. Екі азамат да ірі қалада тұрады.

Осы тұса сұрақ туындайды: жұмыс я кәсібі жағынан жолы болмаған МБА-ның несие алу мүмкіндігі бар ма? Михаил мен Иринаға қарағанда төмен деп болжауға негіз бар.

Михаилдың сөзінше, оған тіпті шағын тұтынушылық несиелерді де мақұлдамайды. Телефон алғысы келгенде оған банк қызметкерлері «несиені өзіне рәсімдей алатын туыстарыңмен кел» деген. Ал пікірлесушіміздің айтуынша, қаржылық жағдайы сенімсіз, бірақ мүгедектігі жоқ адамдарға банк қызметкерлері әдетте қарызды бірден мақұлдайды.

Соған қарамастан, ҚР-да қаржылық инклюзияны енгізу бойынша жұмыстар бір орында тұрған жоқ. Қаржы секторы өкілдері мен МБА құқын қорғайтын сарапшылар тұрақты түрде жиналыс, дөңгелек үстел мен кездесулер өткізіп тұрады. Жақын арада осындай жұмыстың жемісін көреміз деп үміттенеміз.

Factcheck.kz