ҚР ҚК-нің 256-бабы: Желіде террорист болмаудың жолы қандай?

Біз бұған дейін ҚР ҚК-нің 174-бабына сәйкес әлеуметтік желідегі комментарий үшін сотқа беру және істі болу туралы жазған болатынбыз. Ол материалда сарапшы Рахиля Қарымсақова ҚР ҚК 174-бабы бойынша психолого-филологиялық сараптаманың ескірген әдістемесі  жайында айтты. Бұл мақалада біз ҚР ҚК-ң 256-бабының («Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) қалай орындалатынын тексеріп көрмекшіміз. Бұл бап соңғы кездері «жаңа елу сегізінші» деп жиі аталып жүр».

Сот сарапшысы қалай жұмыс істейді?

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығына жүгіндік.

Сараптаманың негізгі міндеттері:

  • Материал мәтініндегі түпкі идеяны нақты бір діни ағымға, бағытқа жатқызу; мәтін ішінде діни алауыздықты қоздыратын белгілердің бар-жоғын анықтау үшін мәтін мазмұнына зерттеу жүргізу (174-бап);
  • ҚР аумағында таралуына тыйым салынған діни ұйымдардың идеологиясын жүргізу белгілерін анықтау (405-бап);
  • Теократиялық құрылымды орнатудың бар-жоғын анықтау;
  • ҚР аумағында теократия орнату мақсатындағы идеялардың  бар-жоғын анықтау.

Аталған зерттеудің ғылыми-әдістемелік негізі: «Дінтану сот сараптама өндірісінің әдістемесі», «Сот психологиялық-филологиялық сараптама өндірісінің әдістемесі».

2017 жылы желтоқсаннан бері «Діни сипаттағы объектілерді діни-политологиялық сот-сараптамалық зерттеу» деп аталатын сарапшылық мамандық қосылды. Бұл зерттеу мәтінде діни жағымсыз-радикалды көзқарастардың бар-жоғын, осы көзқарастарды насихаттау белгілерінің бар-жоғын анықтайды.

Зерттеу мына белгілерді анықтауға бағытталған: идеологиялық  негіздеме, мәтіннің авторлық  түсіндіру, діни себептер бойынша зорлық  іс-әрекеттер жасауға насихат жүргізу, діни себептерге байланысты қарулы қақтығыс жасау қажеттілігі, діни себептерге байланысты қарулы зорлық-зомбылық  жасау үшін қаржы қосуға немесе басқа көмек  беруге шақыру.

*Көрсетілген әдістеме бойынша деректер:  http://www.sudexpert.adilet.gov.kz

Орталықта араб тіліндегі мәтіндерді, материалдарды зерттеу әдістемесі болмағандықтан, сараптама жүргізу мүмкін емес. Мұндай жағдайда сот сараптамасы органының басшысы тергеу органдарына комиссия құрамына араб тілі бойынша маманды қосуға  өтініш білдіреді.

Сараптамалық тәжірбиеге жасалған талдау қорытындысына сәйкес, соңғы уақытта Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығына қоғамдық маңызды істер бойынша дінтану сараптамасын жүргізуді талап ететін істер көптеп түсуде. 2015  жылы діни сараптама бойынша Орталықтың аумақтық бөлімшелердің сарапшылары  103 сараптама жүргізді. 2016  жылы – 211, ал 2017 жылы барлығы 372 сараптама жүргізілген.

Жалпы статистика туралы айтсақ, соңғы он жылда ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы бойынша тіркелген қылмыстық істер бірнеше есе көбейген. Мәселен, 2008 жылы 3 қылмыстық іс қозғалса, 2017 жылы 133-ке жеткен.

Сөзбен барлығы керемет, алайда жеме-жемге келгенде олай болмай жатады. Мәселе Сот сараптамасының жетілмегеніне келіп тіреледі.  ҚР ҚК 174-бабына қатысты да осылай айтуға болады.

Араб тілінде ән жариялағаны үшін 6 жыл 8 айға сотталды

2017 жылы сәуірде Ұлттық қауіпсіздік комитет (ҰҚК) қалалық департаментінің қызметкерлері Алматы қаласының тұрғыны, 32-жастағы Шухрат Кибировты тұтқындады. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің  174-бабы («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») бойынша, сонымен қатар ҚР Қылмыстық кодексінің  256-бабының 2-бөлігі бойынша (Бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникациялар желілері пайдаланыла отырып терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) айыптар тағылды.

Бұған «ВКонтакте»  желісіне «Алим Ахметов» деген қолданушы жариялаған нашидтер (мұсылмандардың діни әні, музыкалық аспапсыз ер адамдар айтады) себеп болып отыр. Тергеушілер бұл профиль Шухрат Кибировке тиесілі деп санайды.

2017 жылы қарашада Алмалы аудандық сотында Кибиров Шухратқа қатысты «6 жыл 8 айға жалпы режимдегі абақтыға қамалсын. Сот оның жазасын жеңілдетілетін негіздерді таппады» деген үкім шықты. Оны судья Бейнекүл Кайсина мәлімдеді.

Тараптар не дейді?

Кибиров бұл оқиғаның қоғам үшін маңызды екенін айтты. Оның адвокаты Ғалым Нүрпеисов

Үкімге сараптама немесе сотталушының түсініктері ғана негіз бола алмайды. Ол бірнеше дәлелдермен бағалануы керек.

Бұл баптарда көбіне саясаттанушы сарапшылар жасаған сараптама қорытындысы негізге алынады. Діннің тарихын түсінбей, діннің құқықтық жүйесін білмей тұрып, сарапшылар батыс саясатына сүйеніп қорытынды жасайды. Бізге өзіміздің  ғылыми дүниетаным мектебімізді қалыптастыру керек. Ал ол ғылымның және тарих, дін,саясаттану философиясы мамандарының  дамуы, – дейді.

Сонымен не болды?

Мемлекет терроризммен күрес саласы бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыратынын анық. Алайда, ҚР ҚК 256-бабы бойынша тіркелген істерің көбеюін елдегі болуы мүмкін  террористік қауіп-қатердің артуымен байланыстыру әлі ерте.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев бұл туралы былай дейді [орыс тілінен аударылды]:

«Соңғы екі жылда  араздастықты тудырғаны үшін және терроризмді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар саны артып  жатыр. Мәселен, 2017  жылы «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша  77 адам сотталды (2016 жылы – 32,  2015 жылы – 19). «Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру» бабы бойынша 92 адам. Бұл да өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым көп.

ҚР ҚК-нің 256-бабы: Желіде террорист болмаудың жолы қандай?
Ақпарат көзі: Vlast.kz

Қорқынышты тренд – әкімшілік әдіс-тәсілдер арқылы «дұрыс» ислам шекараларын сызуға тырысу және мұсылмандар тобына оны таңу. Осыдан исламның көпбағыттылығы ескерілмей, қолдан жасалған жаңағы «дұрыс» шекараға сыймағандардың  барлығына қарсы келу басталады. Нәтижесінде, экстремизммен күрестің орнына біз дінге деген балама көзқарас пен басқаша бағытпен күресетін боламыз. Бұл діндарлардың нақты бір тобына қатысты қуғын-сүргіннің күшеюімен жүзеге асады.»

Желіде террорист болмаудың жолдары қандай?

  1. Парақшаңызға сіз танымайтын адамдар пікір қалдырмауы үшін, парақшаңызды жауып тастаңыз. Жабық парақшаға мониторинг жүргізу қиынырақ. Сонымен қатар, жабық жазбаны «ақпарат таратты» деуге келмейді.
  2. Жазбаңызға қалдырылған пікірлерді бақылаңыз. Онда сіздің бостандығыңызға қауіпті ақпарат болуы мүмкін. Сонымен қатар, өзіңіздің пікірлеріңізге де сақ болыңыз. Кімге, не жазғаныңызды да ұмытпаңыз!
  3. Топтардың тізімін тексеріп тұрыңыз.  Достарыңыз кіргізіп қойған топтар не чаттар қазақстандық заңнамамен тыйым салынған болуы мүмкін.
  4. Діни көзқарасыңызды, бағытыңызды жария түрде көрсету, жек көру – шағымдану және қудалауға алып келуі мүмкін. Әлеуметтік желілерде  сеніміңізді талқыға салмаған жөн.
  5. Біздің сайтымыздағы ӘДІСНАМА бөлімін оқыңыз. Кез келген ақпаратты тексеріңіз және қайта тексеріңіз. Жақындарыңызбен бөліскіңіз келсе, тағы да бір тексергеннің артығы жоқ. Қысқасы, сақтансаң сақтайды!

Фактчекер. Координатор образовательных и исследовательских программ МЦЖ Medianet. Проектный менеджер сервиса опросов Demoscope

Factcheck.kz