Фейк | Парацетамол дәрісіндегі қауіпті вирус

Дәріханаларда сатылып жатқан Израиль парацетамолын ішкен адам алтыншы күні қайтыс болады деген ақпарат фейк-шабуыл екені анықталды. Сондай-ақ бұл мұндай ақпараттық шабуылдың алғашқысы емес. Әр шабуылға жеке тоқталып өтейік.

Қазақстандықтарды «өлімге әкелетін парацетамолмен» үшінші рет қорқытып тұр

«Парацетамол дәрілері өлімге әкеп соқтырады» деген ақпараттың әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қашан пайда болғанын дөп басып айту қиын. Кейбір мәліметтерде ақпарат  2015 жылдың қаңтар айында Африкадан бастама алған делінсе, енді бірі қауіпті парацетамол туралы спам батыстың әлеуметтік желілерінде (WhatsApp, Facebook және Twitter) 2011 жылы пайда болған деседі.

Парацетамол туралы ақпараттың жалған екендігі бірнеше рет анықталды.

2015 жыл: Дәріден табылған сым (темір)

2015 жылдың күзінде Қазақстандағы Уатсап қолданушылары Р/500 парацетамол дәрілерінде улы сым бар деген хабарлама ала бастады.

«Қазір дәріханаларда Израиль шығарған парацетамол сатылады. Құрамында улы сым бар. Ол өлімге әкеп соқтырады. Дәріні қолданар алдында оның бос екеніне көз жеткізу үшін сындырып көрулеріңізді сұраймыз. Мұны өзіңе қымбат адамдардың бәріне тарат», — 2015 жылы таралған ақпараттың мазмұны осындай болатын.

Қараша айында «Хабар» арнасында оған қатысты сюжет жарық көрді. Қостанай облыстық прокурорының орынбасары Марат Әбішев (2015 жылы ҚР бас прокуратурасының бөлім басшысы қызметінде болған) телеарнаға берген пікірінде:

Прокуратура дәрілерден ешқандай сым таппады, қазір тараған жалған ақпаратқа байланысты тергеу ісі жүріп жатыр. Мұндай мәліметтерді таратқан адамды 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін

, — деді Әбішев.

Тергеу ісінің қалай аяқталғаны, спам таратушылардың анықталған-анықталмағанын прокуратура айтпады. Бірақ жалған ақпараттың таралуы тоқтады.

2017 жыл: Парацетамолдағы «Мачупо»

2017 жылдың басында қазақстандықтар тағы да парацетамолдың қауіпті екені туралы хабарлама ала бастады.

Дәріханаларда құрамында «Мачупо» деп аталатын боливиялық гемморрагиялық безгек вирусы бар улы парацетамол сатылады деп хабарланған.

«Абай болыңыздар, Р/500 жазуы бар парацетамолды қолданбаңыздар. Ол жаңа, әппақ және жалтырап тұратын дәрі. Дәрігерлердің айтуынша оның құрамында әлемдегі ең қауіпті «Мачупо» вирусы бар. Ол тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін».

«Мачупо» вирусы бар парацетамол туралы орыс тілінде жазылған ақпаратқа 2017 жылдың ақпан айында tengrinews.kz сайтына Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің бас сарапшысы Ғалымжан Мұрзахметов пікір білдірген болатын.

«Қазақстан Республикасына қатысты бұл ақпаратты жалған деп есептеймін. Медициналық және фармацевтикалық қызметті қадағалау комитетіне телефон арқылы да, хат арқылы да мұндай мәлімет түспеді… Қазақстандағы дәрілерде мұндай жазу (Р 500) жоқ. Мен бұл ақпаратқа қатысты ғаламтордан мағлұмат іздеп көрдім. Мұндай дәрілер туралы ақпаратты ТМД елдерінен де, шетелден де таппадым».

Контекст: Өзге елдерде…

Қазақстанмен қатар, «Мачупо» вирусы бар парацетамол туралы спам-ақпаратты шетел БАҚ-тары да теріске шығарды.

Малайзия

Малайзия Денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры дәрігер Датук Нур Хишам Абдулла The Star оқырмандарына хабарламада айтылған дәрі Малайзия нарығында тіркелген дәріден мүлдем бөлек екендігін айтты. Сонымен қатар, дәрігер Нур Хишамның айтуы бойынша «Мачупо» вирусы парацетамол дәрісі секілді құрғақ ортада өмір сүре алмайды.

Ресей

Ресейде Жастар Қауіпсіздік Қызметі осы іске қатысты тергеу жүргізді.

«Бұл фейк әуелде Африка елдерінің дәрі нарығына қатысты істер аясында пайда болуы мүмкін. Бірақ Мозамбикте бұл парацетамол мүлдем пайдаланылмайды, осы жерде ақпарат сәйкес келмейді. Логика қайда? Мүлдем түсініксіз», — деп қорытындылады фейкті теріске шығарушылар.

Үндістан

Үндістанда спам-ақпаратты зерттеумен Бангалорлық ИТ-мамандардан құралған топ айналысты.

«Бұл – мистификация. Парацетамолдың құрамында «Мачупо» вирусы болуы мүмкін емес. Ауру, негізінен, жәндіктер мен кеміргіштер және олардан шыққан артық заттар арқылы беріледі.

Босния және Герцеговина. Бір жыл өткен соң…

«Мачупо» вирусы бар парацетамол туралы 2018 жылдың қаңтар айында Oslobodenje газеті (Босния және Герцеговина) жазды.

«Ескертпе Ненада Милойкович есімді желі қолданушының жеке парақшасында ешқандай дәлелсіз ақпарат жарық көрді. Онда жаңа «әппақ және жылтыр» парацетамол өте қауіпті, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін вируспен бүлінген» деп жазылған Facebook парақшадағы «Парацетамол туралы «ескертпе» — жалған» атты мақалада. Онда ақпараттың 9 қаңтар күні жарық көргені және бір күннің ішінде 23 498 адамға тарағаны айтылады.

Австрия

Фейктерді анықтайтын танымал Mimikama сайты (Австрия/Швейцария/Германия) да өз тергеуін жүргізген.

«Бұл жалған, адамдардың қорқынышымен ойнау ғана» деп кесіп айтты Mimikama тілшілері.

«Парацетамолға қатысты Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы жасаған ешқандай мәлімдемені таба алмадық. Алдыңғы баяндамалар Оңтүстік Америкаға ғана қатысты, әлемнің басқа елдерінде, әсіресе Азияда ешқандай төтенше жағдай тіркелмеген. Бұл «ескертпе» қорқыныш ойыны ғана».

Қазақ тіліне аударған — Балнұр Қожагелді