Зомби-фейк | Фотоға қатысты «Facebook-тың жаңа ережесі»

Facebook-та желі офертаға өзгеріс енгізіп жатқандығы, енді фото мен қолданушының басқа да контенті авторлық құқықпен қорғалмайтыны туралы ақпарат кезекті рет тарап жатыр. Хабарлама «Римдік статутқа» негізделген және мәтінді көшіріп өз парақшалары арқылы таратуға шақырады. Талдайық…

Пікір: «Facebook сіздің суреттеріңізді пайдалана алады <…> Бұл сот процесі кезінде өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін. Бүгінгі күннен жариялаған дүниеңіздің бәрі жалпыға қолжетімді болады. Тіпті өшірілген хабарламалар мен тыйым салынған суреттер де».

Үкім: Жалған

Тіпті зомби-фейк. Бұл хабарлама 2012 жылдан бері әртүрлі нұсқада тарап келеді (сол кездің өзінде оның жалған екенін Snopes анықтаған, бірақ жыл сайын фейк әртүрлі тілде қайта жарияланып отырады).

Римдік статут авторлық құқық саласын реттеумен айналыспайтынынан бастайық. Бұл келісім агрессия, геноцид, әскери қылмыс пен 2002 жылдан кейін адамгершілікке қарсы қылмысты қарастырады және Халықаралық қылмыстық сотпен бекітілген.

Шын мәнінде Facebook пен қолданушы арасындағы қарым-қатынас қолданушының келісімімен реттеледі, оған сәйкес желі сіздің суреттеріңіз бен мәліметтеріңіздің авторлық құқын ешкімге жарияламайды. Ал Fаcebook-тың жария компания (яғни, акцияларын ашық нарықта саудаға шығарған компания) немесе «ашық капиталы бар компания» екендігі авторлық құқықты қорғау мен жеке өмірдің дербес құқықына еш қатысы жоқ.

Дегенмен, сіздің ашық түрде жариялаған дүниелеріңіздің барлығы әлеуметтік желінің ішіндегі контент ретінде қолданылады және оған тіркеу кезінде келісу белгішесін баса отырып әркім өзі рұқсат береді.

Одан бөлек – сіздің желідегі әрекеттеріңізді тек Facebook-тың сарапшылары мен маркетологтары аңдып отырған жоқ: кез келген әлеуметтік желіге ашық контент сала отырып сіз оны, мәселен, іздеу жүйелері арқылы  қолжетімді етесіз. Ал оны кім табатыны және қалай пайдаланатыны белгісіз.

Сол себепті қолданушы ережесі мен әлеуметтік желілеріңіздің қауіпсіздік ережесін қайта мұқият оқып шығуға кеңес береміз. Бір жағынан ресми емес баптауларды тексеріп көресіз, мүмкін сіздің мәліметтеріңіз қолжетімді адамдар тізімін бірнеше миллиардтан, өзіңіз жеке танитын бірнеше жүздеген адамға қысқарту керек шығар?