Журналистерге қарсы қылмыс жазасыз қалмауы тиіс

Өз үкіметін сынағаны үшін шетелде тұрып жатқан саудиялық журналист Жамал Хашоггидің Стамбұлдағы Сауд Арабиясында азаптап өлтіріліп, денесін бөлшектеп тастаған жантүршіктірерлік оқиғадан бері тоғыз айдан астам уақыт өтті. Саудиялықтар Хашоггидің тағдырына қатысты шындықты ашудан қашқақтаған соң Түркия өз тергеуін бастаған. Көп жұрт болжағанындай, бұдан ештеңе шықпады.

Түркияны баспасөз бостандығының сенімді қорғаушысы деп атау қиын. 2018 жылы 80-нен аса журналист қызметіне бола ұзақ мерзімге түрмеге қамалған не айыппұл арқалаған. Түркия үкіметінің Хашогги өліміне қатысты буырқануы дипломатиялық пайда көру мақсатындағы әсірелеу десек те, Түркияның сот жүйесі істі тергеу бойынша халықаралық міндеттемелерін орындап шықты.

Ал Сауд Арабиясы бұл тұрғыда өз міндеттемелеріне мүлде пысқырмай отыр. Халықаралық қысымнан кейін корольдік 11 күдіктіге қатысты тыңдау өткізді. БҰҰ-ның сотсыз, жалпылама және өз бетімен жазалау бойынша уәкілі Агнес Калламардтың айтуынша, бұл жабық есік жағдайында өткен жасырын тыңдау әділдік орнатуға емес, елдің абыройын сақтауға ғана бағытталған.

“Кімге айып тағылып, сотқа тартылып жатқанын, кімге өлім жазасын сұрағанын, оларға қандай айып тағылғанын білмейміз. Батыс үкіметтері халықаралық стандарттардың бәрін белшесінен басатын бұл сот процесін мойындай салмауы керек”, – деді Калламард жақында Берлинде болған конференцияда.

Транспаренттіліктен ада, дұрыс процедуралармен жүрмеген қылмыстық істің қорытындысын мойындау арқылы халықаралық қауымдастық Хашоггидің абыройын түсіріп, журналистерге қарсы қылмыстардың жазасыз қалуына қарсы күреске үлкен тосқауыл қояды. Өкінішке қарай, дәл осындай прецедент бұрын да болған.

1982 жылы Сальвадордағы азаматтық соғыс қызып тұрған тұста генерал Марио Рейес Мена Эль-Параисо қаласының дәл түбінде торуыл ұйымдастыруды бұйырады. Нидерландылық IKON телеарнасы үшін соғыс аймағынан хабар таратып жатқан төрт журналист тұзақ құрылған жолға түсіп, қаза табады.

Артынша бүкіл әлем наразылық білдірген соң Сальвадор үкіметі шындықты жасыруға бар күшін салды. “Журналистер үкімет әскері мен қарулы жасақ арасындағы атыстың ортасына түсіп қалды” деп те алдады. Сальвадор армиясын қаруландырып, оқытып, жаттықтырған АҚШ үкіметі осы түсіндірмені ресми түрде жақтап, күллі жұрттың ашуын тудырды, наразы халық Амстердамдағы АҚШ-тың Бас консулдығына барды.

Дегенмен, қаза болғандардың әріптестері қол қусырып қалмады. Арнайы зерттеу жүргізген олар төрт журналистің әдейі нысанаға алынғанын дәлелдеді. Арада он жылдай уақыт өткенде, 1993 жылы БҰҰ-ның Сальвадордағы азамат соғысын тергеу үшін құрылған Шындық комиссиясы бұл фактіні растады. Ал қазір 79 жасқа келген Рейес Мена Вашингтонның түбінде томаға-тұйық өмір сүріп жатыр.

Біріншіден, бұл жазасыздыққа әскерилерді, қарулы топтарды, барлық жасақ мүшелерін соғыс кезінде адам құқықтарын бұзғаны үшін жауапқа тартудан босатқан 1993 жылғы амнистия туралы заң кінәлі. Дегенмен, 2016 жылы Сальвадордың Жоғарғы соты бұл заңды конституцияға қайшы деп атап, оның күшін жойған.

Қазір мүмкіндігі де, құрал-сайманы да жетіспейтін сальвадорлық прокурор қаза болған журналистіердің бірінің бауырының адвокаты берген арыз бойынша Рейес Мена мен Сальвадордың құпия полициясының бұрынғы басшысы Франциско Антониоға қарсы қылмыстық іс қозғауға талпынып жатыр. Бірақ әділдік орнайтынына сенім аз, әрі бұған тек журналистерге қарсы қылмыстардың жазасыз қалуы ғана себеп емес.

Бұл мәдениет Сауд Арабиясында тек Хашоггидің өлімінен байқалып тұрған жоқ. Бұл елде ондаған журналист түрмеде жатыр. Солардың бірі – Турки бин Абдулазиз әл-Жасер былтыр түрмеде азапталып өлтірілді деген мәлімет бар. Сауд Арабиясы бұл әрекеті үшін ешқандай дипломатиялық қысымға ұшыраған жоқ.

Бірақ журналистерге қарсы қылмыс жасағандар үнемі жазасыз қалады деуге болмайды. Өткен жылы Словакияда ұйымдасқан қылмыспен байланысы бар делінген саяси жемқорлық ісін зерттеп жүрген 27 жастағы журналист Ян Кучак пен оның қалыңдығы Марина Кушнированы қаскөйлер атып өлтірді. Осы оқиғадан соң көшеге шыққан халық жауапты басшыларды жазалауды талап етіп, көшеге шықты.

Халықтың қысымы мен Европа одағының тиісті құқықтық процедураларды талап етуі керемет ықпал етті: премьер-министр отставкаға кетті, бас прокурор орнынан түсті, қылмыстық іс қозғалды. Наурыз айында бизнесмен Мариан Кочинерге журналисті өлтіруге тапсыр берді деген айып тағылды.

Тіпті Сальвадорда да әділдік орнайды деген аздаған сенім бар. Құқық қорғаушы заңгерлер мен белсенділердің еңбегі, қаза болған журналистердің жақындары мен әріптестерінің табандылығы және Нидерланды үкіметінің қысымының арқасында прокуратура IKON арнасының оққа ұшқан тілшілері туыстарының арызын қабылдағалы жатыр.

Журналистерге қарсы ауыр қылмыстар бойынша әділдік орнауы жолындағы осындай талпыныстарды қолдау мақсатында “Еркін баспасөз”, “Журналистерді қорғау комитеті” және “Шекарасыз репортерлар” “Шындықтың қауіпсіз әлемі” атты жоба жасады. Бұл жобаға осындай қылмыстарды зерттеп жатқан журналистер, сот-медицина қызметкерлері, заңгер сарапшылар және қоғамдық мәліметтерді зерттеушілер кіреді.

Словакиядағыдай қоғамдық қысымды күшейту үшін зерттеушілер тапқан мәліметтерін құжат күйінде және әлеуметтік желілерде жариялап, оларды тиісті басшыларға жеткізіп отырмақ. Егер бұл әрекет қылмыскерлерді жауапқа тартатындай нанымды әрекетке әкелмеса, біз Журналистерге қарсы қылмыстардың халықтық трибуналы атты транспарентті де ашық мекеме құрамыз.

Журналистер биліктегілер жасырып қалуға тырысқан жайттарды әшкерелеу үшін күн сайын бастарын бәйгеге тігеді. Саудиялық Хашогги, мальталық Дафна Каруана Галиция және беларустық Павел Шеремет сияқты сол жолда өмірін қиғандар істерінің әділ қаралуына әбден лайық. Әрі бұл тек олар үшін емес, қоғамның шындығын оқырманға, көрермен мен тыңдаушыға қаз қалпында жеткізбек болып жүрген басқа да журналистер үшін аса қажет.

Журналистерге қарсы қылмыс жазасыз қалмауы тиісЛеон Уиллемс – “Еркін баспасөз” (Free Press Unlimited) ұйымының директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz