Жалған | Р. Ердоған президенттікке үміткер Қосановқа қоңырау шалып, қолдайтынын жеткізді

Кешеден бері You Tube-пен бірқатар әлеуметтік желілерде Түркия президенті Р. Ердоған Әміржан Қосановқа қоңырау шалып, қолдайтынын ашық білдірді деген алып-қашпа әңгімелер тарап жүр.

“Политик бот” каналында бұл видео 27 мамыр күні кешкі сағат алтылар шамасында шығыпты. Видеода Ердоған өзінің Facebook парақшасында Қосановтың кандидатурасын қолдайтынын білдіріп, сәттілік тілеген және осындай басшыға Қазақстан халқы мұқтаж деген. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде мынадай мәтін тарап жатыр (орысшадан аударылды):

“Ердоған бүгін Қосановқа өзі жеке хабарласып, сәттілік тіледі! Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымына қайтып келуін сұрады. Ердоған Фейсбук әлеуметтік желісінде барлық қазақтарға қазақша жауап берді және Қосановты қолдауларын шақырды! Сонымен қатар ол, Қытай мен Ресейден төніп тұрған қауіп-қатерден қазақтар ғана өз-өздерін дұрыс таңдау жасау арқылы  құтқара алады деді.

Ердоған: Алла әрқашан көшпелі ұлы халықпен бірге! Және осы жолы ұлы дала халқына өзгеретін уақыт келді. Мен өзімнің бауырым Әміржан үшін дүға тілеймін. Біз одан өзгеріс күтеміз. Алла куә, біз Қазақстанның тағдырына немқұрайлы қарай алмаймыз! Әміржанды Құдай қолдасын!

TRT: Режеп-Тайып Ердоған Қазақстанда болатын президенттік сайлауда ресми түрде үкіметтің қарсыласы Әміржан Қосановтың кандидатурасын қолдайды. Түркияның Қазақстандағы елшілігі бүгін Әміржан Қосановты өздерінің резиденциясына шақырып, жабық түрде телефонмен Ердоғанға қосты. Екеуі шамамен 2 сағаттай сөйлесті”.       

Үкім: Жалған

Видеода айтылған пікірлер де, мәтін түрінде тарап кеткен ақпарат та шындыққа жанаспайды. Factcheck.kz Түркия Президенті Режеп-Тайып Ердоғанның Facebook, Instagram және Twitter-дегі ресми парақшаларын қарады және Қосановқа немесе Қазақстандағы болатын сайлауға қатысты ешқандай пікір таппады. Сонымен қатар TRT каналында да, TRT Haber сайтында да бұл туралы жаңалық жоқ. 

Ақпараттың шынайылығын тексеру мақсатында президенттікке үміткер Ә.Қосановтың сайлау штабына және Қазақстандағы Түркия елшілігіне қоңырау шалып, осы жайында ресми мәлімдеме сұрадық. Ә.Қосановтың сайлау штабы төмендегідей мәлімдеме ұсынды. 

Хат штаб Косанова

Ал, Қазақстандағы Түркия елшілігіне хабарласқанымызда ол жердегі қызметкерлер бұл ақпараттың жалған екенін растады және Ә.Қосановты елшілікке шақырмағанын, Р.Ердоғанмен телефон арқылы сөйлеспегенін жеткізді. 

Сәйкестік…

Айта кетейік, Түркия сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу Қазақстанға 23 мамыр күні ресми сапармен келген болатын. Министр сапар барысында Сыртқы істер министрі Б.Атамқұловпен бірге Ортақ Стратегиялық жоспарлау тобының бесінші жиналысына қатысты және Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевпен кездесті.

Жансерік Тілеухан
Журналист-фактчекер, медиа-тренер, СДУ түлегі, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-монитор