Жалған | Оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылды

26 тамыз күні Whatsapp мессенджерінің қазақстандық қолданушылары арасында 2019/20 оқу жылы 31 мамырға дейін созылып, көктемдегі демалыс уақыты ең қысқа мерзімде болады деген хабарлама тараған болатын. Хабарлама мәтіні төмендегідей:

1 тоқсан — 1 қыркүйектен 31 қазанға дейін, екінші тоқсан — 10 қарашадан 24 желтоқсанға дейін, үшінші тоқсан — 12 қаңтардан 29 наурызға дейін, төртінші тоқсан — 6 сәуірден 31 мамырға дейін

Жалған | Оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылды

Factcheck.kz Whatsapp-та тараған хабарламаның рас-өтірігін тексерген болатын.

Үкім: Жалған

Желіде көрсетілген сілтеме Беларусь елінің Адукар білім беру орталығының тиесілі. Беларусь елінің Білім министрлігінің сайтында 2019/20 оқу жылының күнтізбесі уатсап желісінде тараған хабарламадағыдай.

Қазақстандағы оқу жылы ҚР Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 337 бұйрығы бойынша

1) 2019 – 2020 оқу жылының басталуы – 2019 жыл, 1 қыркүйек;

2) Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда – 33 оқу аптасы, 2-11 (12)- сыныптарда – 34 оқу аптасы. Мереке күндеріне түскен сабақтар оқу бағдарламасы мазмұнының кіріктірілуі ескеріле отырып, қайталауға арналған сағаттар есебінен келесі жұмыс күндеріне ауыстырылады.

3) оқу жылы барысындағы каникул кезеңдері:

1-11 (12) – сыныптарда: күзгі каникул – 7 күн (2019 жылғы 28 қазан – 3 қарашаны қоса алғанда), қысқы – 10 күн (2019 жылғы 30 желтоқсан – 2020 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда), көктемгі – 13 күн (2020 жылғы 21 наурыз – 2 сәуірді қоса алғанда);

1-сыныптарда: 7 күн мерзімде (2020 жылғы 3-9 ақпанды қоса алғанда) қосымша каникул белгіленеді.

Соңғы кездері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған не шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жиі таралуда. Егер де сенімсіз хабарлама кездестірсеңіз бізге жолдаңыз:

Telegram желісіндегі чатқа өту үшін сілтемені басыңыз немесе сайтымыздағы “кері байланыс” бөлімін пайдаланыңыз.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz