Зерттеу: жоғары оқу орындарының студенттері фейк ақпаратты ажырата алмайды

Стэнфорд университетінің зерттеулеріне сәйкес, жоғары оқу орындарының студенттері жалған және “ақылы” контентті ажырата алмайды. Зерттеудің толық нұсқасы Стэнфорд университетінің сайтында жарияланды.

2016 жылдың қараша айында Stanford History Education Group жастар арасында цифрлы сараптау дағдысының өте төмен екенін көрсететін зерттеу жариялады. Содан бері 18 штатта заңнамалық түрлі бастамалар қолға алынып, бұл проблеманы шешуге көп күш жұмсалды.

2018 жылдың маусым 2019 жылдың мамыр айлары аралығында университет 3446 студент арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама қорытындысы бойынша:

Сұралған студенттердің 52%-ы 2016 жылы өткен АҚШ-тағы сайлаудан “демократтар сайлау нәтижесін өзгертіп жатыр” деген жалған видеоға сенген. Шын мәнінде видео Ресейде түсірілген. Сауалнамаға қатысқан 3000 студенттің тек 3-і ғана видеоның түпнұсқасын іздеген.

Респонденттердің жартысынан көбі демеушілік контент пен редакция ұсынған контентті ажырата алмады. Мақалада “демеушінің қолдауымен” деген арнайы белгі болса да, студенттер шатасып жатты.

Студенттердің 96%-ы климаттың өзгеруіне арналған сайт пен мұнай компаниясының арасындағы байланыс, сайттағы деректердің сенімділігіне қаншалықты әсер ететінін сараптай алмады.

Зерттеу авторлары Джоэл Брейкстоун, Марк Смит және Сэм Вайнбургтың айтуынша студенттердің барлығы дерлік ақпараттық сауат тақырыбына байланысты сұрақтарда шатасып, тереңінен жауап бере алмады.

Зерттеушілердің болжауынша сауалнамаға қатысқан студенттер 2020 жылы өтетін президент сайлауына белсенді қатысуы тиіс.

Factcheck.kz