Технологияны пайдалану журналистикаға қандай қауіп төндіреді?

Технология әлемнің ең басты проблемаларының бірі – жұртты түгел интернетпен қамту мәселесін шешуге тиіс болған. Бір кездері мұның соңынан демократия да орнайды деген пікір бар еді. Жеткілікті мәлімет жинасақ, барлық сұрақтарымызға жауап табылады. Барлығын интернетке салсаң, басқасын алгоритм жасап береді. Әлем өз бетімен-ақ жұмыс істейді.

Алайда, қазір біз цифрлық технологияның керісінше демократияға кесірін тигізіп жатқанын, оның жауаптан гөрі көп сұрақ туғызып, өз бетімен жұмыс істейді деген әлем ізгі мақсаттан гөрі Оруэлдың қорқынышты сценарийлеріне ұқсап бара жатқанын байқадық. Дегенмен, технология – мәселенің шешімі болмағанымен, ол проблема да емес, ол – біздің біржақты көзқарасымыздың көрінісі.

Соңғы онжылдықта цифрлық революция жетекші бизнес-модельдерге зарар келтірген медиаиндурстрияның тәжірибесіне назар аударыңыз. Газет шығарушылар мен редакторлар толығымен технологияға арқа сүйеді: саналуан өлшемдерге сүйенді, дата журналистиканы қолданды, видеоөнім жасайтын топтар құрып, подкаст студиялар ашты.

Соңғы кездері медиа ұйымдары аудиторияның қалауын ескеріп, қажет контент пен аударманы автоматты түрде ұсыну үшін, журналистерге шұғыл жаңалықтарды хабарлау үшін және басқа жағдайларда жасанды интеллектіні (ЖИ) көп қолдана бастады. Reuters-тің Журналистиканы зерттеу институтының медиа трендтері туралы жылдық есебіне сүйенсек, халықаралық медиа басшылары арасында жүргізілген сауалнамада сұралғандардың 78 пайызы биыл ЖИ-ге көбірек ақша салатындарын айтқан.

Бірақ, көпшіліктің ойынша, журналистиканы сақтау жолындағы соңғы майдан – биткоин сияқты криптовалютаға негіз болған тіркеу технологиясы саналатын блокчейн. Мұны да әлі бақылап көру керек: журналистиканы жарнамаға тәуелді бизнес-модельден құтқаруда блокчейнді қолдануға бағытталған Civil Media компаниясының алғашқы ұмтылысы сәтсіз аяқталды.

Мәселелерді, соның ішінде технология тудырған мәселелерді шешу үшін технологияның өзін пайдалануда, компанияларға бәсекелік басымдық беруде тұрған еш сөкеттік жоқ. Мәселен, Amazon-ның атқарушы директоры Джефф Безон сатып алған алты жылдан бері Washington Post газеті осылай істеп келеді (ол кезде газет құлдырап қаражатсыз қалып, жұмыс орындарынан айырылып жатқан).

Бірақ медианы қолданатын адамдарға құрмет болмаса, ең озық технология да медиа индустрияны сақтап қала алмайды. Және мұнда тек аудитория туралы айтып тұрған жоқпыз. Көп жыл жаңа технологиядағы трендтердің соңынан қуып келген медиа индустрия менеджерлер мен қызметкерлердің азаюынан, жаңа таланттардың көп шықпауынан зардап шегіп жатыр.

Reuters институтының есебіне қарағанда, медиа лидерлерінің 60 пайызы командаларының кішірейетініне, ал 75 пайызы штаттағы қызметкерлерді сақтап, жаңа қызметкерлер тарту мәселесіне алаңдайды. Люси Куенгінің “Цифрлық технологияға өту. Ұйымдарды трансформациялау” деген есебіне сенсек, әсіресе орта деңгейдегі менеджерлер бұл саладан кетіп жатыр.

Бұл – таңқаларлық жайт емес. Журналистер үнемі уақытқа тәуелді, қажетті әрі жылдам өзгеріп отыратын ақпараттық жағдайларды басқаруда әрдайым қиындыққа тап болып отырады. Бірақ, бұрын олар өздерін жұмысқа алып, тұрақтылық пен бірізділікті қамтамасыз етіп отыратын медиа ұйымдарына арқа сүйейтін. Енді олар технологияға сүйенетін қатаң ұйымдық өзгерістерді бақылауға тиіс, көбіне бұларды түсіндіру қиын, әрі олар жылдам енгізіліп жатыр. Белгісіздіктің өршігені сондай, бұл тіпті ең тұрақты деген қызметкерлердің өзін сыртқа теуіп отыр.

Дегенмен, өзгерістен қашып құтылу мүмкін емес, цифрлық дәуір үнемі бейімделуді талап етеді. Бірақ, моральды жойып алмай қажетті өзгерістер енгізу адамдарға бағытталған әдісті қолдануды талап етеді. Бұл оңай процесс емес. Технология мәселелерін шешу үшін менеджерлер жарқыраған цифрлық конференцияларға қатысып, сату бөлімінің кеңестеріне сүйенуі, келісім-шартқа қол қойып, жаңалықтар бөлмесіне жаңа құралдар орнатуы мүмкін. Десе де, олардың халықты мұқият тыңдап, проблеманы жете түсініп, бұл тұрғыда өз стратегияларын әзірлегені дұрыс.

Жұмысты бастауға ең ыңғайлы жер – басшылық. Кез келген салада басшылардың басты жауапкершіліктерінің бірі – жұмысшылардың өздерін қауіпсіз әрі қадірлі сезінуіне мүмкіндік жасау. Яғни, жұмысшылардың қажеттіліктеріне көңіл бөліп, олардың ұйымға қажеттігін, өмірлік мақсатын сезінуіне мүмкіндік беретін ұйымдық мәдениет қалыптастыру.

Аудиторияға қатысты да осындай әдісті қолдану керек. Егер жұрттың не айтып тұрғанын, олардың неге таңқалғанын, олардың психологиялық ықпалы (аудиторияға не қызметкерлерге) қандай болатынын ешкім түсінбесе, ең дұрыс деген есептеудің өзі тиісті жол көрсете алмауы мүмкін. Мәліметтер аудиторияның қажеттіліктері бойынша пайдалы ақпарат бергенімен, халықпен тілдесу мүлде өзге әсер қалдырып, басқа қорытынды шығаруға мүмкіндік бермек.

Мәселен, мәліметтер контент көбейсе, беттерді ашып оқудың да артатынын көрсетуі мүмкін. Бірақ, аудитория назарды аудартатын факторларды азайтып, сапалы репортажды қаласа, нарықты робот әзірлеген мазмұнмен толтыру оларды қанағаттандырмасы анық. Сол сияқты, алгоритм жеке адамға бағытталған болса, қолданушы көп мақаланы ашып көруі ықтимал, бірақ егер ол бірдей тақырыптар мен ұқсас көзқарастардан шаршаса, алгоритм еш көмектесе алмасы шындық.

Технологиялық шешімдер – мақсат емес, құрал ғана. Сондықтан, мәселен New York Times цифрлық жетістіктерін журналистиканы дамытуға пайдаланып жатыр. Былтыр компания ньюсрумға 120 жаңа қызметкер алып, журналистердің санын бұрынғы-соңғыдағы ең жоғарығы көрсеткіш – 1600 адамға жеткізді.

Times газетінікі сияқты цифрлық кірісі я ықпалы жоқ ұйымдарға адамдарға бағытталған әдіс инвестицияны қамтамасыз ету үшін керек болады. Reuters институты жүргізген сауалнама бойынша, медиаменеджерлердің үштен бірі жарнамаға тәуелді бизнес-модель күшейіп келе жатқан қазіргі әлемде болашақта медианы қолдауда қорлар мен табыс табуға бағытталмаған ұйымдар басты рөл атқарады деп болжайды.

Бірақ қорлар мен филантроптардың жүрегін жібітіп, қаржысын алу үшін алгоритмдер мен ЖИ-ға негізделген жасақтама емес, адами байланыс пен араластық керек болады. Ықтимал қаржыландырушылар журналистика, мәселен қатерлі ісікті зерттеу сияқты қайырымды іс екеніне көз жеткізуі тиіс.

Демократияны қанаттандырып, маңызды сұрақтарға жауап беріп, есептілікті нығайту арқылы басқару тиімділігін арттыруда  технологияның өзі ғана жеткіліксіз. Ал бұл жоғары сапалы, жауапты журналистиканың қолынан келеді. Егер ол осы мақсатты орындау үшін қажет болса, онда ақпарат құралдары технологиядағы әрбір жаңа тренд өздерін ысырып тастауына жол бермеуі керек. Олар адамға бағытталған стратегияда технологияны тек құрал ретінде қарастыратын болса, онда оларға қажет адамдар – қызметкерлер мен аудитория іс-әрекетімен қолдай бермек.

Александра Борчардт – Reuters Журналистика зерттеулері институтының Лидерлік бағдарламалар бөлімінің директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz