Фейк жаңалықтың бағасы

НЬЮ-ЙОРК – 1990-жылдары Эфиопияға барғанымда премьер-министр Мелес Зенауимен кездесіп, оны журналистерді түрмеге қамауды тоқтатуға көндіруге тырыстым. Зенауидің жасақтары содан бірнеше жыл бұрын ғана Кеңес одағының қолдауына сүйенген диктатураны құлатқан соң көбіне қате ақпаратқа толы шағын газеттер қаптап, олардың басым бөлігі Зенауиді өткір сынаған. Сондықтан ол журналистерге шүйлігіп, өзі үкіметке “тіл тигізу” деп атаған әрекетті қылмыс қатарына қосып, жаңсақ ақпарат берген тілшілерге айыппұл салып, түрмеге жабатын заң қабылдады. Эфиопия тез арада әлемдегі журналистерді түрмеге ең көп қамайтын елдердің біріне айналып шыға келді.

Реформашыл жаңа премьер-министр Аби Ахмед билікке келген бір жылдан бері Эфиопия қамалған журналистерді босатуда, БАҚ-қа еркіндік беруде ілгері жылжығаны сонша, ол қазір дүниежүзілік баспасөз бостандығы күнін атап өтіп жатыр.

Бірақ қуануға әлі ертерек. Жаңадан бостандық берілген БАҚ-тардың кейбірі қате ақпарат жариялап, ұлт және тайпааралық алауыздық тудырып, Ахмедке шүйлігіп жатыр. Келер жылы елде 15 жылдағы алғашқы еркін сайлау өтпек, соның қарсаңында Ахмед дәл Зенауидің күйін кешіп отыр, сондықтан ол өзі алып тастаған баспасөзді бақылауд тетіктерін қайта енгізуді ойластырып жатыр.

Мұны жүзеге асырардан бұрын ол Зенауидің баспасөзге шабуылына мұқият шолу жасаеп, оның сабақтарына мән беруі керек. Журналистерді ауыздықтау қиын, және оларды бақылау ұзақмерзімдік тұрғыдан қарағанда ешқандай нәтиже бермейді. Іс жүзінде ол кәсіби медианың дамуын кешеуілдетеді.

Зенауи өз үкіметінің әрекеттерін қарапайым түрде түсіндірді. “Біздің журналистер АҚШ-тағы не Батыс Еуропадағы тілшілер сияқты кәсіби білікті емес, – деді ол менімен сұхбатында. – Олар жаңалықты қалай бұрмаламай беру керектігін білмейді. Олар жұмыстарын қалай істеуді үйренгенше біз бағыт-бағдар беруіміз керек”. Қазір тірі болса, Зенауи фейк жаңалықтарға қарсы шыққан болар еді.

Дүниежүзіндегі баспасөз бостандығы үшін отыз жылдан астам уақыт күрескен әрі Журналистерді қорғау комитетінің төрағасы болған адам ретінде Зенауидікі сияқты пікірлерді өте көп естігенмін. Дамып келе жатқан демократиялардағы басшылар “журналистер өз жұмысын жауапты түрде атқарғанға дейін оларды мемлекет бақылап отыруы керек” деп талап қояды. Бірақ бұл процесс сенімді еркін баспасөзді дамытудың орнына оған тұсау салады.

Зенауимен кездескеннен соң оның кәсіби деңгейі төмен журналистика баспасөзді тұншықтыруға себеп болады деген пікірінің тарихи айғақтарын іздей бастадым. Сол арқылы келесі сапарымда оған қарсы пікір айта аламын. АҚШ-тың ертеректегі тарихынан бір прецедент таптым. Шынында, Зенауидің сөздері ХVIII ғасырда АҚШ президенті Джон Адмастың және оның федералистерінің айтқан пікіріне өте ұқсас, олар жаңа елдің саясаткерлері туралы дұрыс та, бұрыс та ақпарат таратқан еркін әрі энтузиаст баспасөзді сынға алған.

Ауыздықталмаған баспасөз Американың болашағына қауіп төндіреді деген Адамс 1798 жылы үкіметке қарсы “кез келген жалған, даулы және арам ниетті материалды жазғаны, басқаны, таратқаны және жариялағаны үшін” журналистерді түрмеге қамауға мүмкіндік беретін “Шетелдіктер” және “Бүлікке шақырып арандату” актілеріне қол қойып, журналистиканы уақытша болса да тұншықтырды. Кейін 20 газеттің редакторы түрмеге қамалды.

Бірақ Томас Джефферсон және оның демократтары мен республикашылдары Конгресте де, соттарда да федералистерге қарсы шықты. Және, Америка журналистерінің бағына қарай, 1800 жылы Джефферсон президент болып сайланды. Екі жылдың ішінде шетелдіктер және бүлікке шақыру туралы актілердің мерзімі бітті не күшін жойды. Бұл Америка журналистикасына екі ғасырдан астам уақыт бойы эксперимент жасап, сол арқылы фактілерді мұқият тексере отырып, терең де шынайы репортаж беру мәдениетін қалыптастыруға жол ашты.

Белсенді әрі еркін баспасөз бірден қалыптаспайды, нормалар мен кәсіби журналистиканың институттары қалыптасуы үшін байқап көру мен қателік жасаудың ұзақ кезеңінен өту керек. Саясаткерлер процеске сенім білдіріп, сабыр сақтауы керек. Қуғындаушы медиа заңдар ұзақ мерзім тұрғысынан басшыларға жвқсы болғанымен, ақыр соңында олар елдегі баспасөздік дамуын тежейді.

Мұндай эффектінің дәлелдері жеткілікті. 1789 жылы Француз революциясы басталғанда баспасөзге жасалған шектеулер алынып тасталды. Төрт жыл өткенде елде 400-ден астам газет пайда болды, олардың 150-і Парижде орын тепті. 1799 жыл бұл сан 1300-ге дейін өсті. Яғни жаңа бастаған журналистердің тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдайтын1300 редакция болды. Бірақ революция репрессияға бұрып жіберді. 1799 жылы Наполеон Бонопарт билікті алғанда Париждегі газеттер саны 72-ге дейін құлдырады. Кейін ол бұл санды 13-ке, ал 1811 жылы 4-ке дейін түсірді.

Сол сияқты Кеңес одағы тараған соң ақпарат құралдарының барлық түрі дами бастады. Бірақ жаңа тәуелсіз елдердің кейбірі медиаға арналған “нұсқаулық” керек деген идеяны ұсынды. Еркін баспасөзге кепілдік береді деп мадақталған заңдардың көбі өткір әрі сыни пікір жазған журналистерді жазалауға бағытталды. Жала жабу қылмыс қатарына жатқызылды. Тәуелсіз басылымдарға, хабар таратушыларға және блогшыларға тым көп айыппұл салынды.

Журналистерді түрмеге қамау бойынша бәрінен алда келе жатқан Түркия мен Қытай соңғы жылдары қуғын-сүргінді күшейтіп жіберді. Жақында ғана Ресей президенті Владимир Путин фейк жаңалықты не мемлекетке құрметсіздік танытатын ақпаратты жариялаған адамдар мен онлайн медиа құралдарын жазалауға рұқсат беретін заңға қол қойды.

АҚШ президенті Дональд Трамп та сол бағытпен жүргісі келеді. Оның журналистерді “өтірікшілер” және “халық жаулары” деп айыптауы нацистердің медиаға берген Lügenpresse (алдағыш баспасөз) деген атауымен үндес.

Халықаралық баспасөз институтының 2014 жылғы зерттеуіне қарағанда, тіпті Еуропа одағының өзінде қылмыстық жала жапқаны және үкіметке тіл тигізгені үшін түрмеге жабылады. “Еуроодаққа мүше елдердің басым көпшілігі жала жабуды қылмыстық әрекет деп таниды және оның бір жазасы ретінде бас бостандығынан айыру шарасын қарастырады. Журналистер әлі де қудаланады және әлі де қылмыстық жауапқа тартылады”, – деп санайды Халықаралық баспасөз институты.

Баспасөздің эксперимент жасауына, жаңсақ басуына мүмкіндік беру және солардан үйрену бүкіл әлемдегі демократия үшін өте маңызды. Сондықтан  үкіметтер мен азамат қоғам әсіресе әлі аяқтан тұрып жатқан еркін баспасөзді қорғауда қырағылық танытуы керек.

Фейк жаңалықтың бағасыДжош Фридман – Пулитцер сыйлығын алған журналист, Журналистерді қорғау комитетінің басшысы, Колумбия университеті Журналистика жоғары мектебінің халықаралық бағдарламалар бөлімінің директоры қызметтерін атқарған. Қазір ол Logan Nonfiction бағдарламасы ақылдастар алқасының төрағасы, Журналистика және травма бойынша Dart  орталығы ақылдастар кеңесінің мүшесі және Кэри Ғаламдық игілік институты төрағасының орынбасары.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz