Демікпе коронавирус жұқтыруды азайтады | Рас па?

Жақында ресейлік және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары коронавирус инфекция қаупін үштен бірге азайтатын ауру аталғаны туралы ақпарат тарала бастады. Бронх демікпесімен ауыратын адамдар коронавирусты 30% аз жұқтыратыны хабарланды. Мұндай тұжырымды COVID-19 инфекциясы туралы статистиканы зерттейтін израильдік ғалымдар тобы жасады.

Бұл туралы зерттеу авторы, «Леумит» компаниясы проактив медицина бөлімі бастығы Евгений Мерзон егжей-тегжейлі айтып берді. Оның айтуынша, мұндай мәліметтер өкпе демікпесімен ауыратын адамдардың вирустың ағзаға енуіне жауап беретін рецепторлары аз деген болжаммен байланысты. Сондай-ақ, демікпемен ауыратын науқастар дәрігер ұсынысын, оның ішінде маска тағу, гигиена және әлеуметтік арақашықтық сақтауға мұқият қарауы себеп болуы мүмкін.

Мұнда не дұрыс емес екенін анықтайық.

Үкім: Деректерді манипуляциялау

Бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған зерттеулер тек статистикаға негізделген. Авторлар демікпесі бар адамдардың ПТР-тест жасап, олардың қаншасында COVID-19-ға теріс және оң нәтиже көрсеткенін салыстырды. Осыдан олар демікпемен ауыратын науқастар қарапайым пациенттерге қарағанда коронавирусты аз жұқтырады деген қорытынды жасады. Шындығында, барлық салыстыру «қағаз жүзінде» жасалды, мұны авторлардың өзі растайды. Тиісінше, жұмысты ғылыми объективті деп санауға болмайды, өйткені ешқандай тәжірибе жүргізілмеген, ал әдістеме сенімді тұжырымдар мен пайымдауға сай келмейді.

Зерттеу ScienceDirect порталында жарияланды. Бұл – ғылыми жарияланымдар жарияланатын сайт, бірақ мәселе оларды кез келген адам сол жерге жүктей алатынында болып тұр. Оның кейбірі ғылымға тіпті қарсы мәлімдемелерден тұрады. Осы порталдан израильдік ғалымдар тұжырымына қарсы келетін, яғни демікпемен ауыратындар вирус жұқтыру қаупі жоғары топқа кіреді деген жарияланымдарды табуға болады.

Осы зерттеуді жүргізген «Леумит» ұйымының өзі медициналық касса саналады, яғни израильдіктерді медициналық сақтандырумен айналысады. Оның Израильдің барлық қоғамдық денсаулық сақтау қоры ішінде танымалдығы төмен екені назар аудартады. Зерттеу жетекшісі Евгений Мерзон – қант диабетімен ауыратын балалардағы көңіл бөлу жеткіліксіздігі және гиперактивтік синдромымен айналысатын отбасылық дәрігер. Бұл фактілер демікпені зерттеудің объективтігіне қатысты күмәнді одан сайын нығайтады.

Дегенмен демікпемен ауыратын адамдар алдын алу қауіпсіздігі шараларын мұқият сақтайды, өйткені олар қауіпті топта тұр деген пікірді дұрыс деп санауға болады.

ДДСҰ мәліметі бойынша, демікпемен және тыныс алу жүйесінің басқа ауруларымен ауыратын азаматтарда коронавирус инфекциясының ауыр түрлері даму қаупі жоғары. ДДСҰ өзінің кейінгі ұсыныстарында осы топтағы адамдарға ерекше назар аударды, өйткені олар денсаулығына байланысты үнемі медицина маскасын тағып жүре алмайды.

Дәл осы ақпаратты АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы да растайды. Олардың мамандары созылмалы бронх-өкпе аурулары бар адамдар кез келген вирус инфекциясын жұқтырудан, соның ішінде коронавирустан ауырырақ өтеді, өйткені ол өкпеге әсер етеді дейді. Демікпемен ауыратындарда вирус әлдеқайда ауыр және қауіпті түрге ауысуы мүмкін.

Осы топтағы адамдар арасында коронавирустың таралуына қарсы тұру үшін ғалымдар осындай аурумен ауыратындарға қажет қосымша қорғаныс шаралары көрсетілген егжей-тегжейлі нұсқаулар шығарды.

Қорытынды: Демікпе коронавирусты жұқтыру қаупін үштен бірге азайтады деген тұжырым жалған. Зерттеушілердің өзі тікелей байланыстың бар екенін мәлімдемейді. Осы тақырып бойынша израильдік ғалымдардың зерттеуі демікпенің коронавирусқа «басымдығын» дәлелдемейді және әдіснама кесірінен жеткілікті объективті деп санауға болмайды. Бүгінгі күні демікпемен ауыратындар COVID-19 инфекциясының қаупті тобында тұр, сондықтан олар денсаулығына мұқият болуы керек.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Factcheck.kz