Цифрлық революциядағы үнсіздік

Статистика ащы шындықты айтады. Бізге инновация бұрын болмаған қарқынмен жүріп жатыр дейді, ал Төртінші индустриялық революциядан келіп жатқан мәліметтер мұнда революциядан басқаның бәрі бар дейді. Экономикасы дамыған елдерде өнімділік өсімі соңғы 50 жылдағы ең баяу деңгейде.

Бұл “өнімділік парадоксі” серпінді технологияны енгізгеннен кейінгі өлшеу проблемалары мен іркілістердің кесірінен болды. Бірақ бұған технологиялық трендтер туралы қоғамдық пікірталаста осы трендтерді жүзеге асырып жатқан компаниялар мен бизнес өкілдерінің үстемдік етуі де себеп болған сияқты. Ал технологиялық өзгерістерге бейімделуге (не оған белсене қарсы тұруға) күш салып жатқан компаниялардың басым көпшілігінің дауысын естіп жатқан ешкім жоқ.

Осындай толық қамтылмауды мойындау цифрлық революцияның мәліметтерден неге көрініс таппай жатқанын және оның әлі де тоқтап қалатынын түсінуге жәрдемдеседі. Қарапайым тілмен айтсақ, шулы әңгіме біржақты жалпылауға көбірек сүйенеді. Қоғамның түсінігінде жасанды интеллект (ЖИ), машиналық үйрету, Big Data, гуманоид робот арқылы  жасалған сауда-саттық көбіне аз ғана компанияға тиесілі. Бұл компаниялардың даму және бейімделу деңгейімен салыстырсақ, оларда бұл технологиялардың дамуына өте аз көңіл бөлінеді. Дъюк университетінен Дэн Эрили 2013 жылы әзілдегеніндей, “Big data жасөспірім кездегі жыныстық қатынас сияқты: ол туралы жұрттың бәрі сөз етеді, бірақ шын мәнінде қалай істеу керектігін білмейді, жұрттың бәрі маңайындағылар онымен айналысып жүр деп ойлайды, сондықтан барлығы онымен айналысып жүрміз деп өтірік айтады”.

Динамиканы ажырату қиын емес. Журналистерге қызық оқиға керек. Инвесторлар пайдалы жер іздейді. Тұтынушылар келесі технологиялық ғажайыпты болжағысы келеді. Әлеуметтік желілер, жаһандық медиа және халықаралық конференциялар өз көқарастарын ұлғайтып көрсеткісі келетін бүлдіргілердің дауысын одан сайын жаңғыртып жатыр. Ақпарат тез жайылатындықтан, сенетіндердің көлемі ұлғайып келеді. Өсек қалыптасқан ережеге айналады.

Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) үлкен, мультиұлттық корпорациялар негізінде жасалған еңбек нарықтарындағы жаңа трендтер туралы жылдық есебіне назар салайық. Оның айтуынша, машиналық оқыту, дата аналитика, жаңа материал және кванттық есептеу салаларына инвестиция артатындықтан, 2022 жылға қарай қазіргі бар мамандықтар шетке ығысып, оның орнына дата ғалымдар, ЖИ мамандар және робот инженерлеріне сұраныс еселей түседі.

Мәселе сонда, ДЭФ алған адам үлгілері шынайы экономиканы көрсетеді деп айта алмайсың. OECD елдерінің арасында 250 адамнан аса қызметкері бар компаниялар үлесі 7-ақ пайыз, және олар жалпы жұмыс күшінің 40 пайызын ғана құрайды. Авторлар мұндай біржақтылық болғанын мойындағанымен, олардың тұжырымдары қауіпті жалпылауға түрткі болып жатыр. Олар айтқан болашақ мамандықтарының әлі күнге Үшінші индустриялық революция ережелерімен жүріп жатқан шағын және орта бизнестің басым бөлігінің дәл қазіргі еңбек сұраныстарымен мүлде қабыспайды.

Оның үстіне, OECD зерттеуінде соңғы он жыл ішінде технологияның алғы шебінде жүрген компаниялар мен басқа компаниялардың арасындағы еңбек өнімділігінің айырмасы ұлғайып бара жатқанын айтқан. Компаниялардың басым бөлігі жұрт ақпарат құралдарынан үнемі естіп жатқан ең озық технологиялардың көбін әлі қолданған жоқ, демек, революциялық инновациялар ЖІӨ-ні жылдам арттыратын күнге жету әлі алыс.

Электр энергиясы, дербес компьютер сияқты жалпы мақсаттағы технологиялар өнімділікті бірден арттырған жоқ, олар пайда болған соң шамамен 25 жылдан кейін ғана пайда әкеле бастады. Экономика саласында Нобель сыйлығын алған Роберт Солоу осыдан 32 жыл бұрын: “Компьютер ғасырының келгенін өнімділік статистикасынан басқа жердің бәрінде көруге болады”, – деген еді. Өнімділік статистикасында компьютер ғасырын әлі байқамадық. Бұл тұрғыда неге жасанды интеллект дербес компьютерден өзгеше болуы керек?

Технологиялық арта қалу перспективкасын көзге ілмеу саясатта ұзақмерзімдік салдарға алып келуі мүмкін, әсіресе егер технобустеризм (яки алармизм) дәл қазір білім жүйесі мен еңбек нарығының алдында тұрған проблемалардан назарды басқа жаққа аудара берсе. Үкіметтер ертеңгінің жоғары білікті кәсіби элитасы болатын мамандарды даярлауға көп ресурс жұмсай бастаса, онда олар теңсіздікті одан сайын арттырып жіберуі мүмкін.

Әрине, циниктер “технология туралы пікірталасқа қосар ештеңесі жоқ” деп “жеңілгендерді” сыртқа тебуі мүмкін, олар ең жақсы дегенде цифрлық авангардтар жазып берген рөлді ойнайды, ал ең жаман дегенде еңбек нарығынан түгелдей ысырылып қалады. Дегенмен, экономикалық қиындықтарға тап болса да, шағын фирмалардың өздеріне қауіп төндіретін жаңа технологияларды қатаң реттеуге күш салатындай саяси әлеуеті болады.

Uber сияқты әлемдік алпауыт мұның бәрін өте жақсы біледі. Платформа экономикасының жақсы жақтарын талқылайтын жаһандық элита жиындарына ешқашан шақырылмаған такисистердің жақсы ұйымдасқан тобы оларға бірнеше жылдан бері ерекше қарсылық танытып келеді. Сол сияқты әлемнің дамыған елдерінде көштен қалып қойғандар саудаға қарсы популистік партиялар құрып, оларды саясатқа алып келу арқылы өш алып жатыр.

Бұдан да қатты наразылықтың алдын алып, Төртінші революцияның өзімен бірге не әкелетінін жақсы білу үшін барлық компаниялардың (тек ең озықтары ғана емес), бүгінгі іркілістердің қай тұсында тұрғанын түсінуі керек. Тұрақты технологиялық трансформация жұрттың бәріне игілігін алып келеді, яғни инновацияны жетілдірумен қоса артта қалғандарды бейімдеу де өте маңызды деген сөз. Іркіліп қалғандардың дауысы естілуі тиіс.

Цифрлық революциядағы үнсіздікЭдуардо Кампанелла – Мадридтегі ІЕ университеті Өзгерістерді басқару орталығының әлем болашағы бойынша ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz