Болот Теміров АҚШ билігінің «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» марапатына ие болды

АҚШ Мемлекеттік департаменті Factcheck.kg сайтының бас редакторы Болот Теміровті, «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» сыйлығының иегері деп жариялады. Сыйлық алғаш рет тағайындалып, әлемдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресіп жүрген 12 адамға беріледі. Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметі хабарлады.

«Теміров көптеген үміткердің ішінен жылдар бойы үкіметтегі сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы зерттеуші журналист ретінде жұмыс істегені үшін таңдалды», – деп хабарлады Қырғызстандағы АҚШ елшілігі.

USEmbassyBishkek ютуб арнасынан алынды

Азаттықтың дерегінше, FactCheck және Bellingcat тобы Қырғызстан кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов туралы зерттеуге қатысқан.

Олар миллиондаған доллардың шетелге асқаны жайлы жемқорлық дауына қалған Матраимовтың туыстарының активтерін зерттеген. Зерттеу жарияланғаннан кейін былтыр Теміровке Бішкекте редакция ғимаратының маңында шабуыл жасалған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz