Футбол матчтары тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың көбеюіне әсер ете ме?

БАҚ-та Англияда футбол матчтарынан кейін әйелдерге қарсы зорлық зомбылықтың саны арттатына қатысты ақпарат тарады. Оған сенсек, Англияда футболдан ерлер командасы ұтылған жағдайда зорлық-зомбылық көрсеткіші 38%-ке артады екен. Бұл дерек (1, 2, 3) Eуропа чемпионаты кезінде көптеп тарады. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Англияда футбол командасы жеңілген жағдайда тұрмыстағы зорлық-зомбылық деңгейі 38%-ке артады.

Медиада тараған ақпарат

Үкім: Жартылай шындық

2014 жылы жарияланған зерттеуге сәйкес, Англияның солтүстік-батыс аймағында FIFA World Cup футбол чемпионатында Англия ұлттық ерлер футбол командасы жеңіске жеткенде немесе тең түскенде зорлық-зомбылық қауіпі 26%-ке, ал ұтылған кезде 38%-ке артқан. Тағы бір зерттеу Әлем чемпионаты немесе Еуропа чемпионатында Англия футбол құрамасы жеңгенде алкогольге қатысы бар зорлық-зомбылық 47%-ке артатынын айтады. Бұл зерттеуде ұлттық құрама тең түскенде немесе жеңілгенде алкогольге қатысы бар зорлық-зомблық көрсеткішінде өзгерістер байқалмаған. Сол себепті тек ұлттық құрама жеңілісі тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың көбеюіне әсер етеді деп айта алмаймыз. Әрі зерттеулер мен статистикалық көрсеткіштер тұрмыстағы зорлық-зомбылық деңгейі тек футбол матчтарынан кейін ғана емес, басқа да үлкен спорттық іс-шаралардан кейін артатынын көрсетеді.

Осы тұста футбол матчтары мен зорлық-зомбылық арасында корреляция бары рас болса да, футбол матчтары зорлық-зомбылықтың тікелей себебі бола алмайтынын ескеру керек. Оның үстіне кейбір медиа екі жағдайдың арасында тікелей байланыс бар секілді ақпарат таратқан, бұл — бұрмалау.

Зерттеулер не дейді: Англия кейсі

Көптеген зерттеу үлкен футбол матчтарынан кейін тұрмыстағы зорлық-зомбылық деңгейі арттатынын айтады. Мәселен, 2014 жылы жарияланған зерттеуге сәйкес, матч күндері тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілерінің статистикалық тұрғыдан айтарлықтай өскенін көрсетеді. Зерттеу 2002, 2006 және 2010 жылдары болған футболдан әлем чемпионаты кезінде тіркелген зорлық-зомбылық фактілеріне негізделген. Статистикалық деректерге сай, Англияның солтүстік-батысы аймағында Англия құрамасы ойнаған күндердегі зорлық-зомбылық фактілерінің орташа саны 79,3 болса, олар ойнамаған күндері орташа 58,2 факт тіркелген. Сондай-ақ, Англия құрамасы ойынынан кейінгі келесі күні де зорлық деңгейі жоғары болған. Ол күндері оқиғалардың орташа саны 70,5-ке жеткен. Әрі қарастырылған әр турнир жылдары тұрмыстағы зорлық-зомбылық тенденциясы да өскенін байқауға болады. 2002 жылғы турнирде Англия құрамасының ойын күні орташа зорлық-зомбылық фактісі 64 болса, 2006 жылы 78 оқиға, 2010 жылы бұл көрсеткіш 99-ға жеткен.

Келесі бір зерттеуде Англияның Уорвик бизнес мектебі зерттеушілері 2010 жылдан 2019 жылдар аралығында елде тіркелген зорлық-зомбылық фактілеріне анализ жүргізіп, Англия футбол құрамасының жеңісінен кейін алкогольге байланысты тұрмыстағы зорлық-зомбылық жағдайларының саны 47%-ке өскенін тапқан. Зерттеу кезінде ұлттық құрама жеңілген немесе тең түскен жағдайда статистикалық көрсеткіштерде өзгеріс байқалмаған. Зерттеушілер матч аяқталғаннан кейінгі 3 сағатта зорлық-зомбылықтың ең көп тіркелетінін анықтаған.

Басқа елдерде қалай?

Жоғарыда айтқанымыздай тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың көбеюі тек футбол матчтары кезінде ғана емес, басқа да үлкен спорттық ойындар кезінде де арттуы мүмкін.

Мәселен, 2011 жылы жарияланған зертеуде АҚШ-тың 750 қаласында америкалық футбол NFL (ұлттық футбол лигасы) лигасы кезінде жергілікті команда ойынында жанкүйерлердің өзін-өзі ұстауы мен зорлық-зомбылық фактісі бойынша түскен қоңыраулар байланысы зерттелген. Нәтижесінде жергілікті команданың күтпеген жеңілісі жанкүйерді эмоциялық шокқа түсіріп, күйеуі әйеліне жасаған зорлық-зомбылық деңгейі 10%-ке артқанын анықтаған. Ал жергілікті команданың жеңіске жетеді немесе матчқа дейін әубастан жеңіледі деп күтілген ойындардан кейін зорлық-зомбылық фактілерінде өзгешеліктер болмаған.

2020 жылы Аустралияда Мельбурн Кубогы (атпен шабу) және AFL (Аустралия Футбол Лигасы) мен NFL (Ұлттық Футбол Лигасы) финалдары кезінде елдегі полиция тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы есептердің 30%-ке өскенін хабарлады.

Канаданың Калгари қаласында жүргізілген бақылау нәтижесіне сай, 10 күндік турнирде жергілікті команда басты қарсыластарымен ойнаған күні тұрмыстағы зорлық-зомбылық 15%-ке, республикалық финалдық турнирде (Grey cup) жергілікті команда ойыныны кезінде Калгариде тұрмыстағы зорлық зомбылық бойынша шағымдар 40%-ке дейін артқан.

2018 жылы жарияланған зерттеуде Аустралия жаңа Оңтүстік Уэльс штатында регби лигасының матчтары кезінде тұрмыстағы және жалпы зорлық-зомбылық оқиғалары зерттелген. Нәтижесінде ойын күндері тұрмыстағы зорлық-зомбылық 40,7%-ке, ал тұрмыстан бөлек зорлық-зомбылық фактілері 71,8%-ке арттатыны анықталған.

Сонымен қатар, UN women және UNESCO ұйымдары бірлесіп дайындаған анықтамада да спортта әйелдер мен қыздарға зорлық-зомбылық қауіпі жоғары екені және үлкен спорт іс-шаралары кезінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың артатыны жайлы деректер бар. Мәселен, 2020 жылы өткен Токио олимпиада ойындары кезінде Twitter-де жазылған абюзивті постардың 87%-і спортшы әйелдерге бағытталған.

Контекст

Футбол матчтары тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың көбеюіне әсер ете ме?

Англияның Womens’ aid әйелдер мен балаларды қорғау ұйымы футбол ойындарының тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа әсеріне назар аударту мақсатында кампания ұйымдастырды. Ұйым “Ол үйге келе жатыр (“He’s Coming Home”), “Енді азапты жылдар жоқ” (No More Years of Hurt”) және “Англия мен өлгенше” (“England Till I Die”) лоузингтерімен футбол шарфтарын шығарды. Оған қоса Solace women’s aid ұйымы альтернатив футбол формасын дайындады. Онда 38 саны көрсетілген, бұл зорлық-зомбылықтың футбол матчынан кейін 38%-ке артатына жасалған сілтеме.

Журналист-фактчекер, OFA 2023 түлегі, KIMEP университетінің 3-курс студенті

Factcheck.kz