Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдау жасады. Жолдау барысында президент еліміздің бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлінеді деді. Factcheck.kz редакциясы оның дерегін тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Дәлелденбеген
Мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік бағыты туралы ресми мәлімдемелерде жиі айтылады. Сонымен бірге, «әлеуметтік сала» түсінігі айтарлықтай икемді және «әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету» бағанына қосымша денсаулық сақтау мен білім беруге арналған шығындарды қамтуы мүмкін (және көбінесе қамтиды да).
Шенеуніктердің бюджеттің қандай бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалатыны туралы мәлімдемесі әртүрлі болуы сондықтан шығар. Тек 2024 жылғы тамызда үш түрлі көрсеткіш жарияланды. Мәселен, 1 тамызда премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Тоқаевқа әлеуметтік салаға 14,5 триллион теңге бөлінгенін баяндады, бұл жалпы мемлекеттік бюджеттің, яғни 24,1 трлн теңгенің 60%-і. Бұл президенттің жолдаудағы сөздеріне сәйкес келеді. Бірақ 27 тамызда қаржы министрі Мәди Тәкиев «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырып, 2025 жылы әлеуметтік салаға 9,8 триллион теңге бөлу жоспарланғанын, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 794 миллиардқа көп екенін айтты. Яғни, Тәкиевтің есебі бойынша, биыл әлеуметтік салаға жұмсалған қаражат 9 триллион теңгеден сәл асады (немесе 37,3%). Бірақ, 29 тамызда премьер-министр Олжас Бектенов, Дүйсенова баяндауынан мүлде бөлек, бюджеттің 52,8%-і әлеуметтік салаға бөлінгенін айтып, қаражаттың жартысынан көбі «әлеуметтік қызметтерге» жұмсалды деген нарративті қайталады.
Сондай-ақ біз «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды негізге алып, әлеуметтік саланың шығынын есептедік, нәтижесінде 9,64 трлн теңге шықты. Бұған әлеуметтік көмек пен әл-ауқатқа, сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беруге жұмсалатын шығындар кіреді.
Бір қызығы, 2023 жылы әлеуметтік салаға 8,5 триллион теңге бөлінді, бұл республикалық бюджеттің шамамен 37,5%-і. 2025 жылы жоспарға сәйкес әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындардың үлесі шамамен 38%. Яғни, өткен жылы да, келесі жылы да әлеуметтік сала бюджеттің жартысынан көбін бөлген жоқ және бөлмейді де.