28 қаңтада өткен үкіметті кеңейтілген отырысында қосылған құн салығын 12%-тен 20%-ке дейін көтеру мәселесі талқыланған еді. Кейін 12 ақпанда ұлттық экономика министрінің бизнес өкілдерімен кездесуінде 16%-ке көтеру талқыланған. Медиада бұл туралы кеңінен жазыла бастады. Әлеуметтік желі қолданушылары басқа да елдердің қосылған құн салығының мөлшері туралы ақпарат жариялап жатыр. Мысалы қосылған құн салығы Швейцария да 7,7% болса, Канада да 5% ғана екен-мыс (1, 2, 3, 4, 5, 6). Factcheck.kz редакциясы ақпаратты тексеріп көрді.
Тараған деректердегі елдерде салық салу жүйесі әртүрлі болғандықтан, бөліп қарастыруды жөн көрдік. Кейбір елдерде ҚҚС-ның орнына, атауы басқа бірақ функциясы ұқсас салық жүйесі қолдынылады.
- GST — тауар мен қызметке салынатын салық, «Goods and Services Tax»
- SST — сату мен қызметке салынатын салық, «Sales & Service Tax»
- HST — біріктірілген сату салығы, «Harmonized sales tax»
- Швейцария — 7,7%
- Лихтенштейн — 7,7%
Үкім: Манипуляция
Швейцарияда да, Лихтенштейнде де қазіргі күні қосылған құн салығы — 8,1%. Әлеуметтік желідегі деректер аталған елдердің ескі көрсеткіштері. Швейцарияда 2024 жылға дейін, Лихтенштейнде 2023 жылдың жазына дейін 7,7% болған.
Швейцарияда 2024 жылға дейін ҚҚС-ы 7,7% болған. 2024 жылдан бастап салынатын салық 8,1%-ке дейін өскен. Бұл елде жылдық айналымы 100 000 швейцариялық франктен аз (56 363 947 теңге) компаниялар салықты төлемеу құқығына ие.
Лихтенштейнде ҚҚС-ы 2018 жылдан 2023 жылға дейін 7,7% болған. 2023 жылдың маусым айында, заңға өзгеріс енгізіліп, салық мөлшері 8,1%-ке өскен. Лихтенштейнде де жылдық айналымы 100 000 швейцариялық франктен аз (56 363 947 теңге) компаниялар салықтан босатылады. Бір қызығы, салық туралы заңының осы бабы Швейцарияның заңына сілтейді.
- Сингапур — 8%
Үкім: Манипуляция
Сингапурда ҚҚС-ы емес, GST салығы қолданылады. Салық мөлшері — 9%. Желіде тараған «8%» деген ақпарат ескірген дерек.
Сингапурда салық мөлшері 2024 жылы 8%-тен 9%-ке өскен. Қосылған құн салығы мен GST-дің атқаратын қызметтері бір болғандықтан, ақпарат таратушылар Сингапурдың ескі дерегін жазған секілді. Сингапурда қаржы қызметтерін көрсету, цифрлық төлем токендерін жеткізу, тұрғын үй-жайларды сату және жалға беру, инвестициялық бағалы металдарды импорт пен ішкі жеткізу компаниялары салықтан босатылады.
- БАӘ — 5%
Үкім: Шындық
БАӘ-де ҚҚС-ы 2018 жылы енгізілген. ҚҚС-ның стандартты ставкасы — 5%.
Бірікке Араб Әмірлігінде кәсіпкерлерлер қосылған құн салығын төлеу үшін тауар айналымы 375 000 AED (52 413 200 теңге) асуы керек. БАӘ-де жылжымайтын мүлік, жер, жергілікті жолаушылар көлігі кәсібімен айналысатындар салықтан босатылады.
- Жапония — 10% (азық-түлікке 8%)
Үкім: Жартылай шындық
Жапонияда ҚҚС-ы емес, «тұтыну салығы» қолданылады. Бірақ, салықтардың қызметі бірдей. Тұтыну салығының мөлшері 10%, бірақ, азық-түлік пен сусындарға төмендетілген 8%-тік ставка енгізілген.
- Бахрейн — 5%
- Сауд Арабиясы — 5%
- Гонконг — 0%
Үкім: Жалған
Бахрейнде 2022 жылы 10% салық енгізілген. Бұл тараған деректен 2 есе көп. Ал, Сауд Арабиясында — 15%. Желідегі деректен 3 есе артық. Гонконгта ҚҚС-ы мүлде қолданылмайды.
Бахрейнде ҚҚС-ы 2019 жылы енгізілген. Корольдікте 2022 жылдан бастап ҚҚС-ның стандартты ставкасы 10% болған. Бахрейндегі тауар айналымы 37 500 бахрейн динарынан (51 074 862 теңге) асатын барлық компания ҚҚС-ғын төлеуге міндетті.
Сауд Арабиясында тамақ пен сусындар сататын орындарға, транспорт компанияларына, оқу ұйымдарына, денсаулық сақтау мекемелеріне, мұнай және өзге де мұнай өнімдерін өндіретін компанияларға 15% ҚҚС-ы төлеу міндеттелген. Тек жылжымайтын мүлік саласында ғана салық мөлшері 5%-ке төмендетілген.
Гонконгта ҚҚС-ы жоқ. Бұл өңірде салықтың өзге түрлері қолдыналады. Мысалы жалақы салығының мөлшері 2%-17% арасында есептелінеді. Ал, табыс салығы арнайы ережелер бойынша 7,5%-тен 15%-ке дейін төленуі керек. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік иелеріне мүліктің есептелген жалдау құнының 15% көлемінде мүлік салығы салынады.
- Малайзия — 6%-10%
Үкім: Манипуляция
Малайзияда SST салық жүйесі қолданылады. 2024 жылдың мамыр айында салық мөлшері 6%-тен 8%-ке өскен. Бірақ, азық-түлік, автотұрақ, логистика және телекоммуникация қызметтеріне 6% мөлшерлеме қалған. Бұл елде 2018 жылы сатуға салынатын салық 5-10%, қызмет көрсетуге салынатын салық 6% болған еді. Тараған деректерде ескі ақпарат көрсетілген.
Малайзияда 2018 жылдың 1 қыркүйегінде тауар мен қызметке салынатын салықтың орнына (GST) сату мен қызмет көрсету салығы (SST) енгізілді. Қазіргі күні жылдық табыс айналымы 500 000 ринггиттен (шамамен 56 452 000 теңге) асқан компаниялар ғана салық төлейді.
- Канада — 5%
Үкім: Манипуляция
Канадада ҚҚС-ның орнына GST мен HST қолданылады. Сондай-ақ, салық мөлшері әр провинция да әртүрлі мөлшерде салынады. Мәселен, Солтүстік-батыс провинцияларында 5% болса, Жаңа Шотландияда 14% салық төленеді.
Канадада әр провинцияның салық мөлшері әртүрлі. Мысалы, Альберта, Британдық Колумбия, Манитоба, Солтүстік-батыс аумақтар, Нунавут, Квебек, Саскачеван және Юкон провинцияларында 5% болса, Онтариода 13%, Нью-Брансуик, Ньюфаундленд және Лабрадор, Принц Эдвард аралында 15%, Жаңа Шотландияда 14% ҚҚС-ы салынады.
Байқағанымыздай, тізімдегі барлық елдерде ҚҚС-ы қолданылмайды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі тарап жатқан деректердің ескі ақпараттар екенін де байқауға болады.
Қазақстандағы жағдай
Қазақстанда жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді, оған қоса, салық мөлшерін 12%-тен көтеруді ұсынған. Қазақстанда қосылған құн салығын төлеуден босатылған немесе жеңілдік берілген салалар да бар. Ондайларға – медицина, білім беру, мәдениет, ауыл шаруашылығы салалары, экспортқа шығарылатын тауарлар жатады. 28 қаңтардағы үкімет отырысында қосылған құн салығын 20%-ке дейін көтеру ұсынылғанымен, кейін президент бұл мөлшердің тым жоғары екенін айтқан. 12 ақпанда ұлттық экономика министрінің бизнес өкілдерімен кездесуінде 16%-ке көтеру талқыланған.