Орыс тіліндегі медиа кеңістікте үйге ұрлыққа түсетін ұрылардың «арнайы таңбасы бар» деген ақпараттың тарап жүргеніне бірнеше жыл болды (1, 2, 3, 4). Оған сенсек, ұрылар үйге ұрлыққа түсер алдында есік алдына (қабырағаға, есікке) арнайы таңба жазып кетеді-міс. Ақпарат таратушы сайттар мен әлеуметтік желі қолданушыдардың жазуынша, әрбір таңбаның мән-мағынасы бар. Дегенмен бұл ақпарат қаншалықты рас? Factcheck.kz редакциясы мұндай дерекке қаншалықты негіз бар деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Ескерту: редакция әрбір жағдайды және таңбаларды жеке-жеке талдамайды. Материалдың мақсаты кең тараған суреттің (таңбалар жүйесінің) қайдан шыққанын және оның Қазақстанға қаншалықты қатысы барын түсіну.
Бұл таңбалар тізімі қайдан шықты?
Байқауымызша, «таңбалардың» орыс тіліндегі алғашқы нұсқасы 2016 жылы қыркүйек айынан бастап тарай бастаған. Ақпартты алғашқы болып таратқан сайттар «таңбалар» туралы британдық және Испания, Чили, Қытай, Кипр полициялардың хабарлағанын жазады және таңбалардың орыс тіліндегі нұсқасын көрсетіп, оны ұрылар ықтимал құрбандардың үйін белгілейтінін жазады (1, 2).
Дегенмен, біз суреттің алғашқы нұсқасын таптық. Оны испан тілінде 2014 жылы ақпараттық сайт жариялап, Чили полициясының «ескертпесі» дейді. Мәтінде расымен оны «ұрылардың таңбасы» ретінде таныстырады.

2017 жылы Чилидің тағы бір ақпараттық сайты полицияның түсіндіру жұмыстарын жүргізгені туралы және тұрғындарға ұрылар пайдаланатын «таңбаларға» қатысты брошьюра таратқаны туралы ақпарат жариялайды.

Екі суреттегі таңбалар мен «мәні» сәйкес келеді. Жоғарыдағы ақпараттық сайттардың жарияланымдарына сүйеніп, Чили мен бірқатар испан тілінде сөйлейтін елдерде расымен-ақ ұрылардың таңбаларды пайдаланғаны рас болуы мүмкін деп топшалауға болады. Youtube платформасында түрлі елден испан тілінде ақпарат тарататын телеарналар мен сайттардың «ұрылардың таңбаларына» қатысты репортаждары да аз емес (1, 2, 3, 4). Олар 2017-2018 жылдары жарияланған.
Испания полициясы 2021 жылы осыған ұқсас басқа таңбалар туралы да хабарлады. Мысалы, ұрылар бос үйлерді анықтау үшін жақтау мен есік арасына желімнен жасалған «жіп» салады-мыс.
Бұл таңбалардың Қазақсанға қатысы бар ма?
Қазақстандық медиа ұрылардың таңбасына қатысты арагідік жазып тұрады. Мысалы, 2018 жылы Астана тұрғын үйлерінің бірінде құлыптарда сызбалар пайда болғаны туралы хабарлаған. Дегенмен мұның расымен ұрылар қалдырған белгі екеніне дәлел келтірілмейді. 2022 жылы Caravan.kz сайты да таңбалар туралы жазды. Сайттың жазуынша, мұндай белгілердің біртұтас әмбебап жүйесі жоқ, бірақ кейбір белгілер ортақ және оңай оқылады. Бұл есіктің жанында сызылған бірнеше сызық, оғаш шиыршықтар немесе жұмбақ белгі, маркердің белгілері болуы мүмкін дейді. Уеб-сайт 2017 жылы да осыған ұқаса ақпарат таратқан.
Шенеуніктер де осыған ұқасас схеманы айтады. Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті бөтеннің мүлкін ұрлауды ашуды ұйымдастыру басқармасы бастығының сол кездегі орынбасары Самат Күсетов «Жалпы, пәтер тонаушылар ұрлық жасамас бұрын пәтерлерді білдіртпей тексереді. Пәтер иелерінің өмірінің алгоритмін білу мақсатында олар өздері үшін белгілер қалдырады. Мысалы, байқатпай есікке сіріңке, шаш немесе жіп кіргізеді не кілемшеге тиын немесе басқа да бірден байқалмайтын заттарды лақтырады. Келесі күні олар тексеруге келеді, егер зат әлі де тұрса, бұл үй бос дегенді білдіреді», – деген.
Factcheck.kz редакциясы Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілінен комметарий алды. Салтанат Әзірбектің айтуынша, Алматы қаласында мұндай «таңбалар жүйесі» тіркелмеген.
Қорытынды
Сонымен, кішігірім талдауымызды қорытындылай келе, келесідей тұжырым жасауға болады: желіде тараған «таңбалар жүйесінің» Қазақстанға қатысы бар деп айтуға және оны желіде сақтықтанып жүруге ескерту ретінде таратуға негіз жоқ. Мұндай ақпаратты ресми орган да, медиа да хабарламаған.
Ұрылар өздері үшін қандай да бір таңба қалдыруы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Дегенмен ол бірізді және әмбебап бола бермейді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.