Жасанды интеллект (ЖИ), оның жетістіктері, кемшіліктері мен қаупі туралы жаңалықтар күнде шығып тұрады. Factcheck.kz редакциясы да жасанды интеллектінің дамуын мұқият бақылап отырады және осы саладағы аты шулы жаңа өнімдерге белсенді түрде эксперимент жасайды.
Кез келген жаңа және көпшілік қауымға толық түсінікті емес жаңа құбылыс секілді, жасанды интеллект те көбінің сенімсіздігін тудырып, алаңдауға себеп. Бұл үрейді технологиялардың алдын орап, «машиналардың қарсы тұруы» туралы көптеген образ жасаған танымал мәдениет белсенді қолдап отыр: мифологиялық Големнен бастап Айзек Азимовтың роботтарына дейін, «Терминатор» мен «матрицадан» «ВАЛЛ-И» мультфильміндегі АВТО автопилоттарына дейін.
Біз «жасанды интеллект расымен адамзатқа қауіп тудыра ма?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Біздің зерттеу нәтижеміз екі бөлім болып жарияланады. Біріншісі ЖИ туралы ең танымал мифтерге арналады.
№1 миф: Жасанды интеллект жаппай жұмыссыздыққа әкеледі
ЖИ кең тарауымен келген негізгі қорқыныштардың бірі жұмыссыздыққа байланысты. Копирайтерлер, банк клерктері, колл-орталық операторлары, жазушылар, мұғалімдер мен көптеген басқа мамандық иелері нейрожелі олардың жұмысын тартып алады деп қорқады. Кадр сарапшылары бұған келіседі — ЖИ еңбек нарығына әсер ететіні сөзсіз, бірақ мұның бір нюансы бар.
Еңбек нарығының шынайы статистикасы негізгі процесстерге ЖИ-ді енгізген компанияларда жұмыс орындарының азаймағанын, керісінше көбейгенін көрсетеді. Колумбия бизнес мектебінің зерттеуі ЖИ технологияларын қолданатын компаниялар консерватив бәсекелестеріне қарағанда 15% көп табыс табатынын көрсетті. Сосын қосымша табыс бизнесті кеңейту үшін қолданылады және, сәйкесінше, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.
Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018-2022 жылғы бағалауына сәйкес, ЖИ енгізу 75 млн жұмыс орнын «жойып», 133 млн жұмыс орнының ашылуына әкеледі. Негізінен, технологиялар қарабайыр міндеттерді алған: деректерді енгізу, іріктеу және мониториң жасау, есептеу, алғашқы диагностика жүргізу. Ерекше дағдылар мен біліктілікті, оның ішінде шығармашылықты (мысалы, қарапайым иллюстрация және видео-ролик жасау, базалық копирайтиң) қажет етпейтін міндеттер де жасанды интеллектіге жүктелуі мүмкін.
Дегенмен, бағдарламалар сұранымсыз жұмыс істей алмайды, ал нәтиже соның қаншалық дұрыс жасалғанына байланысты болады. Сондықтар әр электронды бухгалтер, қоймашы, копирайтер, иллюстратор және видеографқа мәселені жақсы білетін, атқарылған жұмыстың сапасын бақылай алатын оператор адам қажет болады.
Мұндайда IT сала мамандары, машиналық жабдықтандыру, бағдарламалар жасау және басқа да мамандарға мұқтаждық артатыны заңдылық. Дегенмен, «адами» қабілеттерді түсінуді және қолдануды қажет ететін мамандықтарға сұраныс та артады. Ең алдымен, бұл клиенттермен жұмыс істейтін мамандар, PR-менеджерлер, маркетологтар, кадр мамандары және көмек көрсететін мамандық қызметкерлері.
Еңбек нарығы үшін алаңдайтындарға Массачусетс технологиялық институтының (MIT) зерттеушілері 80 жыл бұрын заманауи мамандықтардың 60%-і болмағанын, дербес компьютер мен интернет секілді технологияларды енуі жаппай жұмыссыздыққа немесе халықтың кедейленуіне алып келмегенін еске салады.
Жаңа технологиялар бізден талап ететін жалғыз нәрсе — үнемі білім алу және біліктілікті арттыру, оның ішінде жасанды интеллектіге байланысты дағдыларды дамыту.
№2 миф: Бағдарламалар адамдардан ақылды болып кетті
“Бір күні компьютерлер адамдардан да ақылды болып, бақылаудан шығып кетеді” — БАҚ (1, 2, 3, 4) үнемі жариялайтын тағы бір танымал үрей. Оның негізінде белгісіздіктен қорқу жатыр: медиа қайталай беретіндей, кейде бағдарламаны жасаушылардың өзі де оның ақпаратты қалай өңдейтінін түсінбей жатады. Бірақ әр қолданушы бұрын тек адамның қолынан келеді деп саналған міндеттерді қалай атқарып жатқанын бақылай алады: компьютерлер го мен викториналар ойнай алады (және жеңе алады), картина жасап, өлең жаза алады, ғылыми жұмыс атқарып, әңгімелеседі. Тағы аздаған уақыттан соң жасанды интеллектіге сана бітіп, адамның қатысуынсыз дами беретіндей көрінеді.
Шын мәнінде ЖИ дамуы біздің түсінігіміздегі сана ұғымынан әлдеқайда алыс. Қазір нейрожелілер ұсынатындардың бәрі — жоғарыда айтылғандай, тар шеңбердегі белгілі бір міндеттерді шешу. Бұл қазіргі таңда ешбір ЖИ өз еркімен мамандануын өзгертіп, алынған тәжірибе негізінде және кең контекст аясында жаңа дағдылар меңгере алмайтынын білдіреді. ЖИ тиімділігі мен қабілет деңгейі толығымен оны бағдарламалайтын адамдарға байланысты болады. Бағдарламалар үйрене алады, бірақ бұл тек оны жасаушылар енгізген алгоритм мен деректер аясында ғана болады. Ал енгізілген деректердің сапасы мен көлемі нәтижеге тікелей ықпал етеді — бағдарламалау аксиомаларының бірінде айтылғандай: «кірген қоқыс шыққанда да қоқыс болады».
Жасанды интеллектінің шектеулі мүмкіндіктерінің жарқын мысалы IBM Watson жобасы болды — бұл интернетке кірмей, қойылған сұраққа дереу жауап тауып беретін ЖИ. 2011 жылы IBM Watson «Jeopardy!» викторинасында екі кәсіби ойыншыны жеңіп кетті. Бірақ оны жасаушылардың Watson жобасын медицинадағы диагностика үшін қолдану амалы сәтсіз болды. Кей жағдайда бағдарлама адамдармен салыстырғанда 50%-тен кем жағдайда дұрыс диагноз қойған.
Мамандар IBM Watson медицинадағы сәтсіздігіне бірнеше фактор себеп болды дейді: бағдарлама үйренген медициналық деректердің саны мен сапасының төмендігі, сонымен қатар ЖИ кең контексті ескере алмауы және әртүрлі форматта ұсынылған ақпаратты анализдей алмауы. Десе де, бұл ЖИ медицинада орын жоқ екенін білдірмейді. Жасанды интеллект диагностика, анализ және аурухананы басқаруда қосымша құрал ретінде қолданылып, дәрігерлер мен клиника әкімшілерінің жұмысын жеңілдете алады. Алайда мәселе ЖИ-ді дәрігердің орнына емес, дәрігермен бірге қолдануда болып отыр.
Жасанды интеллект ақпаратты өңдеу және есептеу жағынан адамдардан асып түсетіні рас. Бірақ бұл адам миына энергия тиімділігі және қолдану әмбебаптығы жағынан тиімді бәсекелес болу үшін жеткіліксіз. Жасанды интеллектінің қазір бар модельдері әлсіз немесе тар ЖИ жатады және арнайы сол үшін жасалған міндеттерді ғана сәтті орындай алады. Күшті ЖИ — қоршаған ортаны және ондағы өзін тани алатын, өз еркімен мақсаттар қойып, оған жету жолдарын іздей алатын, ақырында поэма жазудан ұшақ басқаруға дейінгі кез келген міндетті орындай алатын, адам санасына тең жасанды интеллект.
Бүгінде күшті жасанды интеллектіні жасауға көп қаржы салынып жатыр, бірақ технологиялардың ондай деңгейге қашан жақындай алатынын және оған жету мүмкін екенін ешкім сеніммен айта алмайды. Бірақ жақын болашақта адамға ұқсас ЖИ ғылыми фантастика болып қала беретін сияқты.
№3 миф: жасанды интеллект сервистері адам тілін түсінеді
Жаңа үлгідегі чат-боттар стандарт сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, толыққанды әңгіме-дүкен құра алады және кез келген жанрдағы мәтіндерді жасауға қабілетті. Бірақ бұл ЖИ адам тілін меңгергенін немесе оны адам сияқты түсінетінін білдірмейді.
Тіл — адам бір бөлшегі саналатын қоршаған ортаны сипаттау және тану құралы. Тілді меңгеру айналадағы әлеммен өзара байланысудың эмоциялық және физикалық тәжірибесіз мүмкін емес. Мысалы, біз «құмда әйнек сияқты ағаш кірпіш ағып жүр» деген сөйлемнің грамматика ережелеріне сай болса да, мәні жоқ екенін түсінеміз: біздің тәжірибеміз бен пәндердің сипатын білуіміз кірпіштің құмда жүзе алмайтынын, ал «әйнек сияқты ағаш» деген салыстырудың көркемдік жағынан да орынсыз екенін көрсетеді. Біз «кітапты төсекте оқыған ыңғайлы ма, әлде сөреде ме?» деген сұраққа оңай жауап береміз, ал ChatGTP-3 үшін бұл сондай айқын емес:

Сондай-ақ әлем туралы тәжірибеміз бен біліміміз сөйлемдегі сөздердің бәрінің аясынан тыс мағынасын контекстте ұғуға мүмкіндік береді. Контексті түсінуге жүзім схемасы тесті негіз болған — бұл бір сөзбен ерекшеленетін, сөз тіркесінің мәнін өзгертетін екі сұрақ сериясы. Мағынадағы айырмашылық контекстіден алынады, ал міндетке жауапты интернеттен табу мүмкін емес. Factcheck.kz редакциясы жүзім схемасы бойынша бірнеше чат-ботқа сұрақ қойды (нақтылық үшін біз сұрақты ағылшын тілінде қойдық, себебі боттардың бәрі ағылшын тілінде жасалып, «үйретілген»; эксперимент 14.04.2023 жүргізілді):
Қазір ең алдыңғы қатарлы чат-боттардың өзі — бұл жасанды бағдарламалық жүйе ғана — келесі сөзді алгоритм арқылы болжайтын үлкен тіл модельдері. Оны жасаушылар бағдарламалардың қызметін үздіксіз жақсартып отырады, деректерді жаңартады, оның ішінде тұтунышалрдың бұрынғы сұранымдарын негізге алады, бірақ бұл түсіну дағдысы емес, тек ақпаратты іздеу мен таңдаудың ілгерілетілген нұсқасы ғана.
Негізгі ұғымдар
Жасанды интеллект технологияларына қатысты термин өте көп болғаны сонша, смартфонның жаңа қосымшасы ЖИ-ға жата ма не бұл жай утилита ма екенін анықтау қиынға соғып жатады. Біз негізгі ұғымдарды жинауға тырыстық:
Алгоритм — бұл компьютер белгілі бір міндетті атқаруы үшін жасалатын нұсқаулықтар реті. Алгоритмдер проблемаларды шешу үшін бағдарламалауда қолданылады, мысалы, деректерді іріктеу, деректер базасынан ақпаратты іздеу немесе тауарды жеткізудің тиімді жолын анықтау. Нейрожелі негізінде белгілі бір алгоритм жатады.
Нейрожелілер — адам миы образы бойынша жасалған математикалық модельдер. Адам миы өзара синапстармен байланысқан нейрондардан тұратыны сияқты, нейрожелі де есептеу элементтерінен тұрады — бұл әрқайсысы міндеттің белгілі бір акпектісін орындайтын алгоритмдер: мысалы, мәтінді тану, тиісті сөзді табу – сурет, соңғы картинканы жасау. Нейрожелі базасында суреттер мен мәтіндер (Midjourney, DALL-E) жасау сервистері, чат-боттар, бет-әлпетті тану бағдарламалары және басқалары жұмыс істейді.
Үлкен тілдік модель (ағылш. «Large Language Model», LLM) — шынайы өмірдегі тілді қолдану туралы үлкен деректер көлемі негізінде табиғи дыбысталған мәтінді генерациялауға қабілетті нейрондық желі түрі. Ең танымал мысалы — ChatGPT.
Жасанды интеллект — әдетте адам интелелктісін қажет ететін бағдарламаларға көпсатылы міндеттерді атқаруға мүмкіндік беретін технологиялар мен әдістердің кең спектрін қамтитын ортақ термин: сөзді, образды және объектіні тану, мәтінді анализдеу, шешім қабылдау, жоспарлау және т.б.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.