Жалған | «мРНҚ вакциналарын зиян келтіру үшін жасаған»

Желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында желіде Майкл Йидонның сөйлеген сөзінің үзіндісі тарады. Ол өзін Pfizer компаниясының бұрынғы вице-президенті ретінде таныстырып, «барлық мРНҚ вакциналары қауіпті» және олар «адамдарға зиян келтіруге, мүгедек қылуға, өлтіруге және ұрпақ тарату қабілетін төмендету үшін арнайы жасалған» деп мәлімдейді. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл видеоны COVID-19 вакциналарының зиянын дәлелдейтін айғақ ретінде жариялап жатыр (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7).

Жалған | «мРНҚ вакциналарын зиян келтіру үшін жасаған»
Instagram желісіндегі жазбаның скриншоты

Factcheck.kz редакциясы оқырмандардың сұрауы бойынша Йидонның мәлімдемелерін тексерді.

Үкім: Жалған

мРНҚ вакциналарының ұрпақ қалдыру қабілетін төмендететіні туралы мәлімдеме ғылыми қауымдастық тарапынан бірнеше рет жоққа шығарылған (1, 2, 3). мРНҚ вакциналарының қауіпсіздігі мен тиімділігі көптеген зерттеу дәлелденген (1, 2, 3, 4).

Йидон расымен де Pfizer компаниясында жұмыс істеген, бірақ ол ешқашан компанияның вице-президенті болмаған. Ол тек Ұлыбританиядағы аллергия және тыныс алу ауруларын зерттеу бөлімінің вице-президенті қызметін атқарған. Оның вакцина әзірлеуге ешқандай қатысы болмаған және бұл салада қажетті біліктілігі жоқ. COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейін Йидон вакцинацияға қарсы шығып, сол қозғалыстың белді өкілінің біріне айналды.

Мәлімдеменің егжей-тегжейі

Видеода Йидон ешқандай ғылыми фактілер келтірмейді. Оның жалғыз «дәлелі» – «фармацевтикалық зерттеулер мен биотехнология саласындағы 30 жылдық тәжірибесі», «токсикология бойынша білімі» және «эксперименттік молекулалармен жұмыс істегені». Оның айтуынша, бұл тәжірибесі оған «вакцина жасаушылардың ойлау процесін түсініп, олардың нені көздегенін анықтауға мүмкіндік береді».

Алайда, Йидонның вакцинация бойынша сарапшылық деңгейі күмәнді, ал пандемия басталғалы бері ол бірнеше рет COVID-19 вакциналары туралы жалған ақпарат таратқан.

Йидон докторлық дәрежесін Суррей университетінде алып, опиоидтердің тышқанның тыныс алу жүйесіне әсерін зерттеген. Pfizer-де 1995–2011 жылдары жұмыс істеп, аллергия және тыныс алу ауруларын зерттеу бөлімінде вице-президент және бас ғылыми қызметкер болған.

Оның зерттеулері демікпе, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және өкпе қан тамырлары ауруларына бағытталған, бірақ Snopes фактчекерлері анықтағандай вакциналарға еш қатысы болмаған.

Pfizer-ден кеткеннен кейін Йидон Ziarco биотехнологиялық компаниясының тең құрылтайшысы болды. Компания иммундық және қабыну ауруларын емдеуге арналған препараттар әзірлеумен айналысқан.

Reuters агенттігінің зерттеуінде оның әріптестері мен таныстары COVID-19 пандемиясына дейін Йидонның ғылыми ортада беделді ғалым болғанын айтады. Олар оны «білікті, білімді, мықты ғалым» деп сипаттайды. Алайда кейіннен ол негізі жоқ теорияларды қолдап, ғылыми қауымдастықта беделін жоғалтқан.

Пандемияның басында Майкл Йидон вакцина әзірлеуді қолдап, «COVID-19 тек вакцина немесе ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана жойылады» деп мәлімдеген. Алайда, 2020 жылғы сәуірден бастап оның көзқарасы өзгеріп, ковид-диссиденттік ұстанымға қарай ойысты. Ол алдымен «COVID-19 – жай ғана қатардағы вирус» деп мәлімдесе, кейіннен локдаун мен вакцинацияның қажетсіз екенін айта бастады. Инфодемияның күшеюімен Йидон вакцинацияға қарсы қауымдастықта танымал тұлғаның бірі болды.

Reuters сұхбаттасушылары мен Йидонның бұрынғы әріптестері оның мұндай радикалды өзгерісін түсіндіре алмады, тек оның бұрынғы өзіндік болмысынан айырылғанын атап өтті. Уақыт өте келе Йидон конспирологияға тереңдей түсті. Ол COVID-19 пандемиясы адамзатты бақылауға алу үшін әдейі ұйымдастырылған, ал ДДСҰ жалған пандемиялар жариялап, белгісіз препараттармен халықты жаппай вакцинациялау құқына ие болды деген негізсіз мәлімдемелер жасады.

Қазір әлемнің түкпір-түкпіріндегі журналистер мен фактчекерлер (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9), оның ішінде Factcheck.kz (1, 2) Йидонның ғылыми негізі жоқ мәлімдемелерін бірнеше рет жалған деп жоққа шығарды.

мРНҚ вакциналары туралы

мРНҚ вакциналары – ең инновациялық технологиялардың бірі болғанымен, олардың негізі 1990 жылдан бастап зерттелді. Алайда нағыз серпіліс 2005 жылы болды, сол кезде зерттеушілер Каталин Карико мен Дрю Вайсман мРНҚ негізінде вакциналар жасау әдісін ойлап тапты. 2023 жылы Нобель комитеті олардың осы еңбегін физиология және медицина саласы бойынша марапаттады.

COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинация басталғаннан бері әлем бойынша 13,64 миллиард доза вакцина егілді. Ең танымал мРНҚ вакциналары – Pfizer және Moderna өнімдері.

Кез келген жаңа препаратты енгізу белгілі бір жанама әсерлер қаупін тудырады. Бірақ ең маңыздысы – осы қауіп пен ықтимал пайда арасындағы тепе-теңдік. мРНҚ вакциналарының пайдасы әлдеқайда көп, себебі тек алғашқы жылы-ақ олар миллиондаған адамның өмірін құтқарды.

Ғылыми зерттеулер мРНҚ вакциналарының ұзақ мерзімді теріс салдары жоқ екенін көрсетеді. Өйткені мРНҚ және оның негізінде синтезделетін ақуыз ағзада тез ыдырап, тек иммундық жүйенің қорғаныс реакциясын қалдырады. Вакцинация жасаған адамдарды нақты бақылау – препараттың пайдасын бағалаудың ең басты көрсеткіші. Қазіргі таңда ғаламшар халқының 62%-і екпе алған, және ғылыми қауымдастық мРНҚ вакциналарының пайдасынан жоғары қауіп бар екенін дәлелдейтін нақты деректер тапқан жоқ. Керісінше, зерттеулер вакцинация кейбір аутоиммундық аурулардың даму қаупін төмендетуі мүмкін екенін көрсетті.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz