Жаһандық жылу салдарынан бұрынғы вирустар адамзатқа қайта қауіп төндіруі мүмкін бе?

Әлеуметтік желіде адамзатқа жаңа қауіп төніп келе жатқаны қызу талқыланды: мұздықтар еріген соң онда ғасырлар бойы сақталған бактериялар мен вирустар қайта оралады. TikTok-тың @singoesgreen атты қолданушысының дәл осындай мәлімдемесі 1,4 миллион лайк пен 6,3 миллион қаралым жинаған. Видео авторы мұз қабаттары ерігеннен кейін адамдар мыңдаған жыл бойы “ұйқыда жатқан” вирустарды қайта жұқтыруы мүмкін екенін айтады.

Poynter басылымы фактчекерлері деректі тексеріп көрді.

Smithsonian Magazine журналының мақаласына сәйкес, сарапшылар антропоген климатының өзгеруі бүкіл әлем бойынша мұздықтардың азаюына және жүздеген мың жыл бойы крио-тұзағында болған микробтар мен вирустардың бөлінуіне әкелетінін анықтады. Мақалада 2015 жылы АҚШ пен қытай ғалымдары мұздық сынамаларында ежелгі вирустардың ізін тапқаны айтылған. Олардың 28-і ғылым үшін жаңа болды.

National Geographic-тің мақаласында 2014 жылдағы тағы бір зерттеу мұз астындағы 30 мыңжылдық вирусы әлі де тірі ағзаға жұғуы мүмкін екені айтылған. Алайда Proceedings of the National Academy of Sciences журналында жарияланған зерттеу мақаласына сәйкес, бұл вирус тек бір жасушалы амебаларға шабуыл жасай алады.

Жоғарыда айтылған TikTok парақшасында нақты екі ауру туралы сөз қозғалған: сібір жарасы мен шешек ауруы. Фактчекерлер кілт сөздер арқылы іздеу жүйесіне осы терминдерді енгізіп, NPR-дің (Ұлттық қоғамдық радио, АҚШ) 2016 жылғы бір мақаласын тапты. Онда Сібірдегі мәңгілік мұзбен бірге кезінде сібір жарасын жұқтырған бұғының өлі денесі де ерігені жазылған. Бұл 96 адамның ауруханаға түсуіне, 2000 бұғының жаппай қырылуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар мақалада Сібір мұз астында шешек пен бубон обасы да ұйықтап жатқан болуы ықтимал екені баяндалған.

Алайда NPR басылымына Пенсильвания университетінің палеопатологы Майкл Циммерман “зомби вирустары” мәселесі туралы пікірін бөліскен. Онда маман: “Біз жүздеген жыл бойы мұздатылған ағзалармен жұмыс істеп келеміз, сондықтан олар өмірге қайта оралады деп ойламаймын”,-деген. Оған қоса Циммерман шешек сияқты вирустардың қайта тууы “екіталай” екенін айтты.

Осылайша, ашық дереккөздерге сәйкес, ғалымдар еріп жатқан мәңгілік мұзда ежелгі вирустар мен бактериялар бар екенін анықтады. Оның кейбірі ғылымға таңсық. Дегенмен вирустың көбі тек бір жасушалы ағзаға жұғуы мүмкін. Мұз тұзағындағы кей вирустың көп жасушалы ағза үшін де қауіпті болса да, олардың өмірге қайта оралу ықтималы төмен.

Factcheck.kz