Зерттеу | Томарлыдағы саз мектебіне бөлінген миллиондар желге ұшты ма?

Материалды Factcheck Dive курсының түлегі Алма Қалусариева «Ақ Жайық» газетінде жариялады. Factcheck.kz сайты материалды ықшамдап жариялап отыр.

Атырау маңындағы Томарлы ауылында саз мектебінің құрылысы басталғанымен, әлі күнге дейін аяқталмаған. Алты жыл ішінде жоба бірнеше мәрте мердігер ауыстырып, атауы мен сметалық құны өзгергенімен, нәтиже жоқ. Оның орнына қауіпті әрі қаңырап бос тұрған құрылыс алаңы пайда болды – ойнап жүрген балалардың шұңқырға құлап кету қаупі бар.

Құрылыс қалай басталды?

Мемлекеттік сатып алу порталында 2018 жылғы “Қалалық құрылыс бөлімі” ММ тапсырысымен 150 орындық саз мектебінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау туралы хабарландыру жарияланды. Құны 16 миллион 71 мың теңгеден асатын бұл жобаның жеңімпазы ретінде  “СпецСтрой Согласование” ЖШС танылды.

Төрт жылдан кейін, 2022 жылғы сәуірде саз мектебін салуға тендер жарияланды. Нәтижесінде, мердігер ретінде «СУ Ундуз» ЖШС таңдалып, сол жылдың маусым айында 419 миллион теңгеден асатын сомаға келісімшарт жасалды. Кейін бұл сома 469 миллион теңгеге дейін көбейді. Нысанды пайдалануға беру мерзімі — 2023 жылғы 31 желтоқсан деп белгіленді. Алайда нысан сол күйі тапсырылмады.

Шағымдар мен қоршаулар

Мердігер жұмыс кестесін бұзғандықтан, онымен келісімшарт біржақты тәртіпте тоқтатылды. Сотқа талап-арыз жолданып, нәтижесінде «СУ Ундуз» ЖШС-нен 30 миллион теңге көлеміндегі алдын ала төлем мен 4 миллионнан астам шартты қамтамасыз ету төлемі өндіріліп алынды.

Иә, құжат жүзінде бәрі жақсы. Құрылысқа авторлық және техникалық қадағалау жүргізуді «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС атқарды. Бұл қызмет үшін оларға 14 миллион 294 мың теңге төленді. Бірақ нақты нені қадағалағаны түсініксіз. Себебі құрылыс жылдар бойы қозғалыссыз тұрды.

Биыл мамыр айында мемлекеттік сатып алу порталында жаңа келісімшарт жарияланды: енді құрылыс жұмыстарын «Еламан Ойл» ЖШС қолға алған. Жоба құны – 870 миллион 875 мың теңге (ҚҚС-мен бірге). Келісімшартқа сәйкес мердігер құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтауы тиіс. Жұмыстар «кілтпен» беріледі деп уәде берілуде.

Ал нәтиже қалай? 2018 жылдан бері жобаға шамамен 100 миллион теңге жұмсалды (жоба құжаттары, қадағалау, ішінара құрылыс жұмыстары), бірақ Томарлыдағы саз мектебі әлі ашылған жоқ. Қауіпсіздік мәселесі бірнеше рет көтерілді, өйткені нысан ұзақ уақытқа дейін қаңырап, қараусыз қалды. Құрылыс жұмыстары қайта басталғандай болып, жаңа қоршаулар орнатылып, үміт пайда болғанымен, ауыл тұрғындары «Мектептің ашылғанын зейнетке шыққанша күту керек пе?», «Томарлыдағы саз мектебіне бөлінген миллиондар желге ұшты ма?» деген сұрақтарды жиі қояды.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы фактчекинг. Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы. 2017 жылдың мамыр айында ашылған. Халықаралық фактчекинг ұйымдар желісінің (IFCN) мүшесі.

Factcheck.kz