WhatsApp-тағы аудиочат арқылы телефонды бұзуға бола ма?

WhatsApp мессенджерінде егер қандай да бір топта біреу аудиочатты іске қосса, оған қосылуға мүлде болмайды, өйткені бұл алаяқтардың телефонды бұзу әрекеті деген хабарлама тарап жатыр. Пайдаланушыларға сақ болуға, аудиочатқа қатыспауға, осылайша «шабуыл құрбаны» болмауға кеңес береді.

WhatsApp-тағы аудиочат арқылы телефонды бұзуға бола ма?
WhatsApp-тағы хабарламаның скриншоты

Factcheck.kz редакциясы бұл қауесеттің қайдан шыққанын және оның негізі бар-жоғын тексеріп көрді.

Үкім: Фейк

Біз бұл тақырыпқа қатысты ешбір сенімді дереккөзден, оның ішінде WhatsApp компаниясының өзінен де мұндай алаяқтық схема туралы ақпарат таба алмадық. Техникалық тұрғыда, тек қана дауыс чатына қосылу арқылы телефонды бұзу мүмкін емес, себебі бұл — қолданбаның заңды функциясы, алаяқтық құрал емес. Алаяқтар белгілі бір топқа кіріп, дауыс чатына қосылып, мысалы, зиянды сілтеме немесе файл жіберіп пайдаланушыларға жеке әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл мүлде басқа жағдай.

Толығырақ

2023 жылғы қарашада WhatsApp құрамында 32 адамнан асатын үлкен топтар үшін топтық дауыс чаты (топтық қоңыраумен шатастырмау керек) функциясын енгізді. Компания бұл чаттардың әуелден-ақ өтпелі шифрлеумен қорғалғанын атап өтті. Бұл дегеніміз — сөйлесудің мазмұнына тек қатысушылар ғана қол жеткізе алады.

Топтық қоңыраудан айырмашылығы — топтық аудиочат барлық қатысушыларға қоңырау шалмайды. Оның орнына, олар дауыс чатына қосылуға болады деген хабарлама алады.

Ағылшын тіліндегі желі сегментінде бұл жаңалық шыққан соң көп ұзамай-ақ «аудиочат арқылы бұзу» туралы түрлі қауесет тарай бастады. 2023 жылғы 23 қарашада Reddit платформасындағы r/WhatsApp сабреддитінде бір қолданушы мессенджерде тараған «аудиочат арқылы топтарды бұзып жатыр» деген хабарламаларға қаншалық сенуге болатынын сұраған. Болжам бойынша, бұл аудиочат жаңа функция болғаннан соң туындаған үрей болса керек. Алайда бұл қауесет шындыққа жанаспайды.

Бүгінгі күнге дейін топтық аудиочатқа қосылып, құрылғы бұзылған нақты жағдайлар тіркелмеген. Бірақ аудиоқоңырау арқылы алаяқтық әрекеттердің болғаны белгілі.

Мәселен, Action Fraud (Ұлыбританияның алаяқтық және киберқылмыспен күрес жөніндегі ұлттық орталығы) деректеріне сүйенсек, WhatsApp топтарында мынадай жағдайлар тіркелген: алаяқтар топ қатысушыларына қоңырау шалып, бейнеқоңырауға қосылу үшін бір реттік растау кодын жіберуді сұраған. Жәбірленуші кодты жолдағаннан кейін, олар бұл кодты басқа құрылғыда аккаунтқа кіру үшін қолданып, жеке есептік жазбаны толығымен иеленіп алған.

Сонымен қатар Bitdefender (киберқауіпсіздік саласындағы халықаралық компания) хабарлағандай, алаяқтар аудиоқоңырау кезінде таныс немесе әріптес даусын салып сенімге кіріп, кейін ақша аударуды не құпия деректерді жіберуді сұраған.

Яғни, WhatsApp арқылы алаяқ адам қолданушыны растау кодын айтуға немесе ақша жіберуге сендіруі мүмкін. Сондай-ақ, жеке немесе топтық чатта зиянды сілтеме, файл немесе қолданба жіберіп, қолданушы соған басқанда құрылғыға хакерлік шабуыл жасалуы ықтимал.
Алайда жай ғана топтық аудиочатқа қосылу өз алдына ешқандай қауіп төндірмейді.

Қолданушыларға WhatsApp ұсынған қауіпсіздік кеңестерін ұстанып, сақ болған жөн.

Фактчекер, ищу истину и точные данные

Factcheck.kz