Видеоның Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа қатысы жоқ

Маусым айының ортасында Қазақстандағы Instagram сегментінде истребительдердің елді мекенге шабуыл жасап жатқанын көрсететін видео пайда болды (архив). Жазбадағы хештегтерде бұл ролик Иран мен Израиль арасындағы әскери қақтығыспен байланысты деп көрсетілген.

Видеоның Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа қатысы жоқ
Instagram-дағы посттың скриншоты
Instagram-дағы видео

Ақырзаманның белгісі осы ма? Қазіргі өмір балалық шақтағы ойын секілді болып кетті ме?

#izrail #iran #iranprotests #protest #world #worldstar #израиль #иран #ақырет #ақырзаманбелгісі

Посттағы мәтін орыс тіліне аударылған, ал хештегтер (тілі мен орфографиясы) түпнұсқадағыдай сақталған.

Видео жарияланған сәтте 800 мыңға жуық қаралым жинаған желі қолданушыларының кейбірі видеодағы көріністердің шынайылығына күмән білдіргенімен, жазба авторы олардың рас екенін алға тартқан.

Factcheck.kz редакциясы видеода Иран мен Израиль арасындағы әскери қақтығыс шынымен көрсетілген бе, соны анықтады.

Үкім: Фейк

Видео — әскери іс-қимылдарды модельдейтін танымал Arma 3 компьютерлік ойынынан алынған кадрлар. Бұған дейін де бұл ойындағы көріністер бірнеше рет шынайы соғыс хроникасы ретінде таратылған (1, 2).

Толығырақ

Біздің тексеруіміз бойынша, бұл видеоның ең алғашқы нұсқасы 9 мамырда BattleDragons атты YouTube-арнада (архив) жарияланған. Бұл – Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің кезекті кезеңі басталған 13 маусымнан бір ай бұрын шыққан жазба. Ролик 3,9 миллион рет қаралған.

Видео сипаттамасында онда Arma 3 және Arma Reforger атты аса шынайы әскери симуляторларда АҚШ армиясының қарқынды операциялары көрсетілгені жазылған.

«Бұл — шынайы оқиғаларға негізделмеген виртуалды симуляция. Біз соғысты насихаттамаймыз және дәріптемейміз. Біздің мақсатымыз — қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың ауыр шындығын көрсету арқылы бейбітшілікке үндеу», — деп атап өткен канал авторлары.

Arma ойынына арналған басқа да көптеген видеоны осы арнадан табуға болады. Канал сипаттамасында: «Әскери симуляцияларға арналған арна!» деп көрсетілген. BattleDragons жариялаған видео 41 секундта үзіліп қалады. Ал біздің тексеріп жатқан посттағы нұсқасы 78 секундқа созылады. Бұл бейне әлдеқайда ұзын нұсқасы басқа дереккөзден алынғанын көрсетеді. 78 секундтық нұсқаның ең алғашқы жарияланған уақыты — 23 мамыр. Оны TikTok-тағы military_wow аккаунты бөліскен. Бұл ролик 24 миллион қаралым жинаған (архив). Видеода тек хештегтер берілген, олардың бірі — #simulation (аудармасы — симуляция). Аккаунтта Arma ойынынан алынған ондаған үзінді бар.

Алғашқы 41 секунд екі видеода да бірдей болғанын ескерсек, бұл екеуі де бір Arma 3 ойынындағы жазбадан алынған деуге негіз бар. Яғни, 9 мамырда жарияланған нұсқа — сол видеоның қысқартылған түрі.

Контекст

13 маусым күні жергілікті уақытпен түнгі 3:30 шамасында Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Ресми мәлімдемелерде бұл әрекет Тегеранның ядролық қару жасауға жақындап қалғанымен түсіндірілген. Келесі күндері қос тарап бір-біріне зымыранмен соққы жасады. Қарулы шиеленіс әлі жалғасып жатыр.

Журналист, фактчекер

Factcheck.kz