USAID Қазақстандағы қызметінің қорытындысы туралы қоштасу видео жариялады ма?

5 ақпанда әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) Қазақстаннан кетуі туралы ақпарат тарады (1, 2, 3, 4, 5, 6). Бұл хабарламамен бірге агенттік дайындағаны айтылған бейнеролик те кеңінен тарай бастады. Онда USAID-тың еліміздегі жұмысының қорытындысы баяндалып, ЛГБТ қауымдастығы мен гендерлік теңдікті қолдау, сондай-ақ журналистерге, белсенділерге және құқық қорғаушыларға көрсетілген қолдау, қаржы бөлу мәселелері сөз болады. Сонымен қатар, агенттіктің іске асырған бірқатар жобалары мен белгілі тұлғаларға жасаған көмегі туралы айтылады.

Желіде таралған видео

Оқырманның өтінішімен, Factcheck.kz редакциясы «Видеоны USAID дайындады ма?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Үкім: Фейк

АҚШ президенті Дональд Трамптың жарлығымен 25 қаңтарда USAID қызметі толығымен тоқтатылды, ал 2 ақпанда агенттіктің ресми сайты бұғатталды. Сондықтан USAID-тың мұндай видеоны дайындап, жариялауы мүмкін емес. Бұдан бөлек, ұйымның ресми әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында бұл видео жоқ (1, 2). Factcheck.kz редакциясына берген түсініктемесінде АҚШ Елшілігінің уақытша өкілі Брендон Пирт: «Бұл видеоны АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы немесе USAID әзірлемеді де, жариялаған да жоқ», – деп мәлімдеді.

Видеоның фейк екенін дәлелдейтін тағы бір жайт – видеоның мазмұны мен ондағы мәтіндік қателер. Бұл туралы толығырақ төменде баяндаймыз.

Толығырақ

АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) – гуманитарлық көмек көрсету және халықаралық дамуды қолдау мақсатында жұмыс істейтін мемлекеттік ұйым. Агенттік көбінесе жергілікті үкіметтермен, халықаралық ұйымдармен және үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік орнатып, бірлескен жобалар жүзеге асырады. Қазақстанда USAID 1992 жылдан бері қызмет атқарып келеді.

USAID шынымен өз жұмысының қорытындысын көрсететін видео жариялаған болса, онда ол тек белсенділерге көмек көрсету тақырыбымен шектелмей, ең алдымен Қазақстан үкіметімен арадағы 33 жылдық ынтымақтастықтың ауқымды нәтижелерін қамтитын еді.

21 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп лауазымға кіріскеннен кейін бірден жарлыққа қол қойды. Осы жарлыққа сәйкес, агенттік арқылы ұсынылатын барлық көмек 90 күнге тоқтатылды. Бұл кезеңде аудит жүргізіледі. Сонымен қатар USAID басшылығы мен АҚШ-тағы қызметкерлері әкімшілік демалысқа жіберілді, ал шетелде жұмыс істейтін қызметкерлерге бір ай ішінде үйлеріне оралу туралы нұсқау берілді.

USAID қызметкерлерінің әкімшілік демалысы ресми түрде 7 ақпанда басталуға тиіс, алайда 25 қаңтарда жарлық күшіне енгеннен кейін агенттіктің барлық жұмысы іс жүзінде тоқтады.

1 ақпанда USAID-тің ресми сайты қолжетімсіз болды, себебі Трамп әкімшілігі агенттікті тәуелсіз құрылымнан шығарып, Мемлекеттік департаменттің бақылауына беру ниетін білдірді. Ал 2 ақпанда сайтта тек USAID қызметінің тоқтатылғаны туралы ақпарат жазылған бастапқы бет қана қалды.

USAID Қазақстандағы қызметінің қорытындысы туралы қоштасу видео жариялады ма?
Тексеру барысында түсірілген USAID басты бетінің скриншоты (Google аудармасы).

Демек, сайтта ешқандай қоштасу видеосының жариялануы мүмкін емес. Біз тексеріп отырған бейнеролик USAID-тің ресми әлеуметтік желілерінде де – не негізгі кеңсесінде, не Орталық Азиядағы өкілдігінің парақшаларында да жоқ.

Бейнероликті таратушылар оның бастапқы дереккөзі ретінде әртүрлі ресурсты көрсеткен. Олардың қатарында Almaty News, «‎ПисьмаПрезиденту»‎ Telegram арнасы және Kazakh Inform Instagram парақшасы бар.

Тексеру жүргізілген уақытта Kazakh Inform аккаунтындағы бұл жарияланым жойылып кеткен, бірақ оның іздері Google іздеу нәтижелерінің кэшінде сақталғанын айта кету керек.

USAID Қазақстандағы қызметінің қорытындысы туралы қоштасу видео жариялады ма?
Google іздеу нәтижелерінің скриншоты

Бұл бейненің жалған екенін дәлелдейтін бірнеше айқын белгі бар. Оның мәтіндік мазмұны ұқыпсыз дайындалған, ал қарапайым қателер автордың тақырыпты терең түсінбейтінін көрсетеді:

  • Тыныс белгілерінің жоқтығы: Сөйлемдер слайдтарға бөлінгенде үтірлер түсіп қалған, ал соңғы қоштасу сөйлемінде соңғы тыныс белгісі жоқ («Рақмет, Қазақстан! Біз сенің болашағыңа сенеміз[!]»).
  • Терминдердің бірізді қолданылмауы: Мәтінде бір жерде «ЛГБТ», ал келесі сөйлемде «ЛГБТ+» термині қолданылады, бұл мазмұнның жүйесіз дайындалғанын аңғартады.
  • Логикалық байланысы жоқ сөйлемдер: «Ақ үй біздің стратегиямызды түбегейлі өзгертті[,] Біз, АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID)[,] көптеген жыл бойы халықаралық даму мақсатында экономикалық көмекті үлестірумен айналыстық[.] Дональд Трамп әкімшілігі сыртқы экономикалық көмекті тоқтату туралы шешім қабылдады…»
    Бұл сөйлемдер арасында логикалық байланыс жоқ, ойдың аяқталмағаны байқалады.
  • Дұрыс қолданылмаған терминдер мен сөз тіркестері: «Гендерлік ауысу операциясы» – қате түсінік, себебі гендерлік ауысу тек хирургиялық процедуралармен шектелмейді. Сондай-ақ, «феминизм мәселесі» тіркесі дұрыс емес, себебі феминизмнің өзі мәселе емес, керісінше, «әйелдер құқығын қорғау мәселесі» деген нақты ұғымға сәйкес келеді.
  • Фактілерді бұрмалау: Бейнероликте тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасы «ЛГБТ+ қауымдастығын қабылдауды ілгерілетудің маңызды кезеңі» ретінде сипатталған. Алайда, бұл заңның ЛГБТ қауымдастығына ешқандай қатысы жоқ – ол барлық азаматтарды, әсіресе әйелдер мен балаларды, отбасыдағы зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған.
  • Қате байланыстар мен эмоциялық манипуляциялар: Видеода USAID қызметімен байланысты емес немесе оның миссиясына сәйкес келмейтін оқиғалар көрсетілген. Сонымен қатар қолданылған сөз тіркестері аудиторияда эмоциялық реакция тудыруға бағытталған: «ЛГБТ өкілдері Қазақстанның басты мәдени ескерткіштерінің бірі – Түркістандағы мавзолей алдында ту желбіретті», «Елдегі қолданыстағы саясатпен келіспейтін қоғамдық қайраткерлер мен қозғалыстарға қолдау көрсетілді». Бұл мәлімдемелер нақты деректерге сүйенбейді және шындыққа жанаспайды.

Қорытынды

АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі Қазақстаннан кететіні туралы ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ және бұл мәселеге қатысты ешқандай бейнеролик жарияламаған. Видеода пунктуациялық, грамматикалық және терминологиялық қате көп, сондай-ақ аудиторияны адастыруға бағытталған манипуляциялық тұжырымдар қолданылған.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz