Тоқаев түркі елдерінің жиынында не деді, неден жаңылды?

Тоқаев Әзербайжанға барып, 6 шілдеде Түркі елдері ұйымының бейресми отырысына қатысты. Аkorda.kz сайтының жазуынша, президент саммиттің «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» деген тақырыбы барлық елдің мүддесіне сай келетінін айтқан. Тиісінше, осы тақырыптарға қатысты дерек те келтірді.

Factcheck.kz редакциясы оның сөзін тексерді.

Мәлімдеме: Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Бүгінде аталған бағыт бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі күрт артты. Көрсеткіш өткен жылдағы кезеңмен салыстырғанда екі есе өскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

Біз ашық дереккөзден 2023 жылдың алғашқы алты айында Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы қанша жүк тасымалданғанына қатысты дерек таба алмадық. Дегенмен Тоқаевтың сөзінің жаны бар, өйткені 2023 жылда 20,2 мың тонна ЖФЭ контейнер тасымалданса, мұны 2024 жылдың алғашқы алты айының көрсеткіші басып озып, 21 мың тонна ЖФЭ контейнер тасымалданды.

Тоқаев түркі елдерінің жиынында не деді, неден жаңылды?
Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы контейнерлік тасымалдау көлемі
Дереккөз: middlecorridor.com

Мәлімдеме: Осы бағытта Әзербайжанмен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда екіжақты теміржол әкімшіліктерінің интеграциясы аяқталды. Осының арқасында былтыр орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі 65 пайызға көбейді, Яғни, 3 миллион тоннаға жуықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Транскаспий халықаралық көлік бағытының (немесе Орта дәліз деп те аталады) ресми сайтындағы деректерге сенсек, 2023 жылы ТХКБ арқылы тасымалданған жүк көлемі 2,7 млн тоннаға жеткен. 2022 жылғы көрсеткіш 1,4 млн тонна екенін ескерсек, өсім 65%-тен де көп, яғни — 86%. Дегенмен, Қазақстанның транспорт министрлігі 2023 жылғы өсімнің 65% екенін хабарлаған. Бұл тұста жауапты органдардың өсімді бағалауының өз әдістемесі болуы мүмкін екенін ескерген жөн.

Тоқаев түркі елдерінің жиынында не деді, неден жаңылды?
ТХКБ арқылы тасымалданған жүк келемі, мың тонна
Дереккөз: middlecorridor.com

Мәлімдеме: Сарапшылар әлемдегі орташа температура 1,5 цельсий градустан көтерілуі мүмкін дейді. Оның ықтималдығы 80 пайыздан асты.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

2018 жылы Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топ БҰҰ-ның тапсырысымен климаттың жылынуына қатысты үлкен баяндама дайындап, жаһандық жылыну қазіргі қарқынмен өссе, 2030 бен 2052 жылдар аралығында 1,5 ° C-қа жетуі мүмкін екенін хабарлады. Ал Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның жаңа есебіне сәйкес, 2024 пен 2028 жылдар аралығында кем дегенде бір жыл бойы температураның уақытша 1,5°C-тан жоғары болуының ықтималдығы — 80%.

Баяндама авторлары орташа жаһандық температураның индустрияға дейінгі деңгейден 1,5°C өсуінің салдарын, оған әкелетін себептерді зерттеп, климаттың өзгеруімен күресу үшін ұсынылған шараларды тізіп, жаһандық жылынуды 1,5 градусқа дейін шектеу «бұрын-соңды болмаған жылдам және үлкен жұмысты қажет ететінін» атап көрсетті.

Тоқаев түркі елдерінің жиынында не деді, неден жаңылды?
Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топтың жаһандық жылынуға қатысты болжамы

Контекст

2013 жылы Астанада «Қазақстан темір жолы» Әзербайжан мен Грузия елдеріндегі әріптестерімен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі үйлестіру комитетін құру туралы келісімге қол қойды.

Дүниежүзілік банктің 2023 жылғы есебіне сәйкес, дұрыс инвестиция мен саяси шешімдер арқасында орта дәліз бойындағы сауда көлемі 2030 жылға қарай үш есеге артып, жолға кететін уақытты екі есе қысқартуы мүмкін екенін жазды.

Тоқаев түркі елдерінің жиынында не деді, неден жаңылды?
Транскаспий халықаралық көлік бағыты

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz