Желіде бетке арналған тәйпиң — жаңа бьюти-тренд ретінде танымал бола бастады. Блогерлер мен тәйп өндірушілері арнайы эластик желім ленталарының көмегімен әжімді тегістейді, бетті тартады және ісінуді жояды деп уәде береді (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7). Factcheck.kz редакциясы бет тәйпиңінің ғылыми тұрғыдан тиімділігін тексеріп көрді.
Үкім: Дәлелденбеген
Бет тәйпиңі уақытша косметикалық әсер береді, алайда бұл әдістің ұзақмерзімді тиімділігі қазіргі таңда ғылыми түрде дәлелденбеген. Сонымен қатар, бұл тәсілдің аллергиялық әсері, тері тітіркенуі сияқты қатері бар.
Толығырақ
Спорттағы тәйпиң
«Тәйп» сөзі ағылшын тілінен енген және «таспа/бау» дегенді білдіреді. Тәйп әртүрлі формада кездеседі. Спортта буын мен сіңірді бекітіп, жүктемені азайту және жарақаттың алдын алу үшін спорттық тәйптер кеңінен қолданылады. Спорттық тәйптердің бірнеше түрі бар. Соның бірі — кинезиотәйп — бұл буынға тікелей жапсырылатын эластик желім таспа.

Кинезиотәйпті 1970 жылдары жапон хиро практигі Кензо Касэ ойлап тапқан
Хиропрактика – бұл альтернативті медицинаның бір түрі. Ол тірек-қимыл жүйесінің (әсіресе омыртқаның) механикалық бұзылысын қолмен емдейді. Ғылыми қауымдастық тарапынан сынға ұшырап, негізсіз деп есептеледі.
Америкалық Кливленд клиникасының сайтындағы мақалада спорттық медицина дәрігері Доминик Киң кинезиотәйптер дұрыс қолданылған жағдайда буын ауырсынуын «бірнеше сағатқа немесе бір күнге» жеңілдетуі мүмкін екенін түсіндіреді. Олар созылмалы ауырсыну кезінде де көмектесе алады, бірақ бұл басқа емдеу әдістерінен артық емес. Сонымен қатар, олар бұлшықет пен буынға қосымша қолдау ретінде қызмет етуі мүмкін.
Алайда зерттеулер кинезиотәйптердің ұзақ мерзімді пайдасын әлі дәлелдеген жоқ. Киң бұл әдіс дәрігер ұсынған кешенді емнің бір бөлігі ретінде қолданылуы мүмкін екенін айтады, бірақ ол қандай да бір ауруды емдейді немесе жазылу процесін тездетеді деп күтудің қажеті жоқ.
Таисия Дураченко, дене шынықтыру және спорттық медицина дәрігері, Factcheck.kz редакциясына берген пікірінде, кинезиотәйптер емдік құрал емес екенін, алайда ісік пен гематома кезінде айтарлықтай тиімді деп есептелетінін айтады.
Дәлелді медицинаға арналған ресурс Science-Based Medicine кинезиотәйптердің пайдасыз екенін жазады: 2012, 2018 және 2023 жылдардағы материалда авторлар мұндай тәйптердің тиімділігіне сенімді дәлел жоқ екенін жазады.
Тәйпиң бьюти-тренд ретінде
Сұлулық индустриясында кинезиотәйптерді бет терісіне күтім жасау үшін бейімдеген нұсқасы — тәйпиң деп аталатын әдіс әжім мен ұсақ сызықтарды түзету үшін қолданылады. Тәйпиң бұлшықетті «бекіту», кернеуді азайту, жаңа әжімнің алдын алу, бетті тарту және ісікті жою үшін теріге жапсырылады. Алайда бұл әдістің тиімділігі әлі де күмән тудырады.

Таисия Дураченконың айтуынша, зерттеулер тәйптің патологиялық үдерістерде, мысалы, ортогнатиялық хирургиядан кейінгі ісік немесе ауыз қуысындағы қабыну жағдайларында тиімді екенін көрсеткенімен, жалпы беттің ісінуі, мысалы, бүйрек немесе жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларымен байланысты жағдайларда оның пайдасы дәлелденбеген.
Ортогнатиялық хирургия – жақ-бет қаңқасының деформациясы мен ауытқуларын түзетуге бағытталған жақ-бет хирургиясының мамандандырылған саласы.
Пластикалық хирург Мартин Нюман Кливленд клиникасына арналған мақаласында тәйптердің әжімді жоюға көмектесетінін, бірақ тек уақытша әсер беретінін түсіндіреді. Тәйпиңнен кейін біраз уақыттан соң әжім қайта пайда болады.
Health.com, Los Angeles Times, New York Magazine және ABC News басылымдарына пікір білдірген сарапшылар да тәйптің тек уақытша әсер беретінін, бірақ әжімдердің жойылуына немесе теріні жасартуға көмектеспейтінін айтады. Сонымен қатар, барлық маман тәйп қолданудың қауіптері жөнінде ескертеді. Тәйптер аллергиялық әсер, дерматит, тері тітіркенуі секілді жағымсыз әсерлерге әкелуі мүмкін. Әсіресе, экзема немесе розацеа сияқты тері аурулары бар адамдар абай болуы керек.
Жас келген сайын терідегі коллаген мен эластин деңгейі төмендейді — бұл ақуыздар терінің тегістігіне жауап береді. Табиғи қартаюдан бөлек, теріге ультракүлгін сәулелер, шылым шегу, ағзаның сусыздануы, қоршаған орта әсері сияқты сыртқы факторлар да ықпал етеді. Ал тәйп бұл талшықтарды қалпына келтіре алмайды және тері қартаюының негізгі үдерісі жүретін терең қабаттарға әсер етпейді.
Осылайша, бетке тәйпиң жасау – жылдам визуалды әсер беретін макияжға ұқсас әдіс қана. Бірақ ол мәселенің ұзақ мерзімді шешімі емес.
Терідегі қартаю белгілерін азайту үшін мамандар мынаны ұсынады (1, 2):
- күннен қорғайтын крем пайдалану;
- темекі мен алкогольден бас тарту;
- дұрыс тамақтану;
- жеткілікті мөлшерде су ішу;
- жеке гигиенаны сақтау;
- физикалық белсенділікті арттыру.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.