2024 жылдың желтоқсан айында әлеуметтік желілерде Теміртау қаласы Қазақстанның ең ластанған қалалары тізімінен алынып тасталды деген ақпарат пайда болды (1, 2, 3). Қаланың бұл жетістігі «АрселорМиттал Теміртау» (қазіргі Qarmet) компаниясының жаңа иесі, кәсіпкер Андрей Лаврентьевтің еңбегімен байланыстырылып жатыр.
«Міне, Лаврентьевтің керемет ісі: «Теміртау ең ластанған қалалар тізімінен жоғалды», — делінген жазбаларда.
Ақпарат көзі ретінде Finprom.kz ресурсы ұсынған атмосфералық ауаның сапасы туралы деректер көрсетілген. Ал бұл деректер РМК «Қазгидромет»-ке сүйенеді.
Factcheck.kz редакциясы бұл ақпараттың қаншалықты шын екенін анықтады.
Үкім: Жалған
Finprom.kz материалындағы рейтиң тек Қазақстанның ірі қалаларын көрсетеді, ал Теміртау бұл тізімге кірмейді. Сондықтан бұл деректі ақпарат көзі ретінде қолдану дұрыс емес. Рейтиңге назар аударсақ, онда тізімде республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтары көрсетілгенін байқауға болады. Солардың ішінде облыс орталығы, яғни, Қарағанды қаласы тізімде төртінші орында тұр. Ал Теміртау осы қалаға жақын орналасқан. Желтоқсан айының соңында экология министрлігінің өкілі елдегі ең ластанған қалалар арасында Теміртауды да атап өткен еді.
Толығырақ
25 желтоқсанда экология министрлігінің «Қазгидрометте» өткен брифиңде экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбдуалиев Қазақстанның 45 өнеркәсіптік қаласы мен мегаполистерінің ішінде ең ластанған сегіз қаланы атады: Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе және Өскемен.
«Атмосфералық ауа ластануының негізгі себептері – жылу көздері (ЖЭО мен қазандықтар), өнеркәсіп, ескірген кәріз-тазарту құрылыстары, көліктер және жеке сектор», – деген еді ол.
Теміртау көп жыл бойы елдегі ең ластанған қалалардың бірі болып келеді (1, 2, 3). Экология министрлігінің деректеріне сәйкес, 2023 жылғы сәуірде қала ауа ластануы бойынша бірінші орында тұрған.
Контекст
Швейцариялық IQAir компаниясының ауа сапасы бойынша жаһандық рейтиңінде 2023 жылы Қазақстан 134 елдің ішінде 40-орынды иеленді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елдегі ең ластанған қала — Қарағанды, ал ең таза қала — Тараз деп танылды. 2024 жылғы рейтиң әлі жарияланған жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, 2019 жылы әлем халқының 99%-і ауа сапасы бойынша ДДСҰ ұсынған шектен асқан деңгейде ластанған аймақтарда өмір сүрген. Сондай-ақ, сыртқы және ішкі ауа ластануының жиынтық әсері жылына 6,7 миллион адамның мезгілсіз өліміне себеп болып отыр.