Тағы бір алаяқтық: Zara Home ескі топтамадағы киімдерін таратып жатыр

Ақпан айының соңында Factcheck.kz ZARA брендіне қатысты алаяқтық схеманы әшкерелеген-ді. Онда ескі топтамалардан қалған киім-кешектер арзан бағаға таратып жатыр деген жалған ақпарат шыққан. Алаяқтар қолданушыларды жалған сайтқа тартып, тауарды жеткізу үшін банк деректерін толтыруды сұрайды — осылайша, олардың ақшасын ұрлайды. Мұндай фейк жарнама бейнероликтері бүгінде де әлеуметтік желіде жүр.

Бірақ бұл соңы болмай шықты. Біз наурыз айының соңынан бастап Zara Home атынан да алаяқтық жарнамалар қатар тарала бастағанын байқадық (1, 2, 3, 4, 5) (архив: 1, 2, 3). Схема — тура сол қалпында: қолданушыларға компанияның өткен топтамалардағы тауарларды сатуға құқы жоқ екені, сондықтан оларды тегін таратып жатқаны айтылады. Сонымен қатар, тауар саны шектеулі екені және «дәл қазір әрекет ету» керектігі ескертіледі. Осындай көптеген бейнероликтердің бірі төменде көрсетілген.

Facebook-тің жарнама кітапханасында осы материал жазылған сәтте Гаухар Сұлтанова және Мээрим Кулубаева атты екі қолданушының парақшасында шамамен осыған ұқсас 15 жарнама тұр (архив: 1, 2).

Аталған екі аккаунт та — фейк. Олар Қырғызстаннан шыққан Рената Балбаева есімді мүлде басқа адамның фотосуреттерін пайдаланған.

Ашық дереккөздерден алынған фотосуреттермен жасалған жалған аккаунттар — алаяқтар жиі қолданатын тәсілдің бірі. Сонымен қатар, мұндай аккаунттар үнемі жаңарып, жаңалары пайда болып отырады, солар арқылы жарнама қайта жарияланады.

Жарнамалық видеоларда қолданылатын «unboxing» кадрлары да көбіне басқа адамдардан — бұл алаяқтыққа еш қатысы жоқ, сатып алынған тауарларға шолу жасайтын блогерлерден алынған. Алаяқтар осындай түпнұсқа видеолардың үстінен өздерінің жалған дыбысын жазып қояды.

Жарнамадағы сілтеме арқылы өту пайдаланушыны жалған сайтқа бағыттайды. Бұл сайт әдетте ресми сайттан мүлде бөлек доменде орналасады. Онда қолданушыға шағын сауалнама толтырып, «қорап ұтып алу» ұсынылады (жеңіс әрдайым кепілдендірілген). Кейін жеке деректерін, соның ішінде банк реквизиттерін жазуды сұрайды. Мұндай әрекетті ешқашан істеуге болмайды.

Тағы бір алаяқтық: Zara Home ескі топтамадағы киімдерін таратып жатыр
Алаяқ сайттың скриншоты

Бұл алаяқтық схема туралы біз ZARA мен Wildberries жайлы материалдарымызда кеңірек талдадық. Оқып шығуға ұсынамыз.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz