2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың қаңтар айында Instagram әлеуметтік желісінде «алаяқтықтың жаңа түрі» туралы ақпарат тарады. Мессенжердің аудиосы көрсетілген видеода әлдекім курьерлерге сенбеу керегін және өзіңіз тапсырыс бермеген сәлемдемелерді қабылдамау қажеттігін айтады. Оның сөзінше, Алматы мен Петропавл тұрғындарына курьерлер адамдар тапсырыс бермеген тауарларды алып келіп, олардан қол қоюды сұраған. Курьер кеткен соң сәлемдемені ашсаңыз, ішінде кәдімгі шыныаяқ болады, содан 2 күн өткеннен кейін жәбірленуші дүкеннен iPhone немесе басқа қымбат жабдықты сатып алғаны туралы есепшот алады-мыс (1, 2, 3, 4, 5). Автор Алматының Медеу ауданында мұндай 12 жағдай тіркелген дейді.

Factcheck.kz редакциясы деректің қаншалықты рас екенін тексеруді жөн көрді.
Үкім: Фейк
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі 2023 жылы бұл ақпараттың жалған екенін хабарлаған. Бірақ біз бұл деректің бұған дейін де 2021 жылы тарағанын анықтадық. Сондықтан, хабарламаны белігілі бір деңгейде зомби-фейк деуге болады.
2023 жылы қарашада Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарламаның жалған екенін айтты. Полицияға сол жылдың сәуір айында да тексеріліп отырған хабарлама туралы сұрақтар келген. Бірақ сол уақыттан бері сипатталған алаяқтық түрінің бірде-бір оқиғасы тіркелмеген. Zakon.kz сайты да Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеп бұл ақпарат 2020 жылдан бері тарап жүр деп жазды. Полиция мұндай оқиға салдарынан зардап шеккендер қалада жоқ екенін айтқан.
Біз осындай алаяқтық схеманың 7152.kz сайтында 2021 жылы жарияланғанын байқадық. Сайт оны оқырмандарына ескерту ретінде жариялаған және «ашық дереккөзден алынды» деген ескерту қалдырған. Дегенмен авторлар ақпарттың қаншалықты рас екенін тексермесе керек.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.