«‎Шымбұлақта құлаған қыз»‎ туралы видео рас па?

Әлеуметтік желіде жұмыс істеп тұрған арқанжолдан кішкентай қыздың құлап кеткені туралы видео тарап жатыр. Видеоның өзінде орыс тілінде «‎Шымбұлақта арқанжолдан қыз құлап кетті»‎ деп жазылған (1, 2, 3, 4, 5). Ақпарат таратқан парақшаның барлығы дерлік жарияланым сипаттамасына мұның Шымбұлақ тау шаңғы курортында болғаны туралы жазба қосқан. Оқырманның өтінішімен, Factcheck.kz редакциясы ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

«‎Шымбұлақта құлаған қыз»‎ туралы видео рас па?
Тараған ақпараттың скриншоты

Үкім: Фейк

Видео Қазақстанда емес, Қытайда түсірілген. Шымбұлақта арқанжолдан баланың құлап кеткені туралы ешқандай дерек Шымбұлақ тау шаңғы курортының сайтында жарияланбаған.

Шындығында бейне Қытайдың Хэбэй провинциясы Чжанцзякоу қаласы, Чунли ауданында орналасқан Genting Snow Park Four Seasons Resort қонақ үйінің арқанжолы түсірілген. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің жазуынша, оқиға 8 қаңтарда болған, құлаған қыз жарақат алмаған.

Қытайлық ақпарат құралдарының жазуынша, сол күні түстен кейін Genting Snow Park Four Seasons Resort қонақ үйі WeChat желісінде ақпарат жариялаған. Онда 8 қаңтар күні сағат 10:36-да бір турист абайсызда тау шаңғысы курортының №1 арқанжолынан тайып кетіп, құлағаны жазылған. Хабарламаны алғаннан кейін тау шаңғысы курортының құтқару тобы сол жерге барған. Құтқарушылар алдын ала жүргізген тексеруден құлаған баладан қауіпті жарақаттар табылмағанын және ол қосымша тексеруге ауруханаға жіберілгенін хабарлады.

«‎Шымбұлақта құлаған қыз»‎ туралы видео рас па?
Genting Snow Park Four Seasons Resort қонақ үйі жариялаған ақпарат

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz