Әлеуметтік желіде Нимесил дәрілік препаратының АҚШ пен Еуропа елдерінде тыйым салынған денсаулыққа қаупті дәрі деген ақпарат тарап жатыр (1, 2, 3). Дерекке сенсек, Нимесил асқазан, бауыр және бүйрек жұмысына кері әсер етеді. Кең тараған видеолардың бірі 10 млн-ға жуық қаралым жинап, қолданушылар арасында қызу талқыға түскен.
Factcheck.kz редакциясы видео авторларының аргументтері (барлығына ортақ аргументтерді) қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Нимесил — ауырсынуды басатын, қызуды түсіретін стероидты емес қабынуға қарсы препарат. Оның құрамында 100 мг нимесулид, макрогол цетостеарил эфирі, сахароза, мальтодекстрин, сусыз лимон қышқылы және апельсин хош иісі бар.
Мәлімдеме: Нимесил АҚШ-та тыйым салынған препарат.
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат
Үкім: Шындық
Нимесил құрамында нимесулиді бар препарат, ал құрамында нимесулиді бар дәрілер АҚШ-та сатылмайды. Әрі АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасының бауырға залал келтіретін препараттар тізімінде нимесулид бар. Оның бауырға қауіп деңгейі ең жоғарғы — 8 балл екенін көрсеткен.
АҚШ-тан бөлек нимесулидке тыйым салған елдер қатарында Канада бар. Сонымен қатар, 2008 жылы препаратқа Малайзияда, Сингапурда, Вьетнамда және 2009 жылы Аргентинада тыйым салынған. Ал Қытайда 12 жасқа дейінгі балаларға нимесулиді бар дәрілер беруге болмайды.
Мәлімдеме: Нимесил Еуропада тыйым салынған препарат.
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат
Үкім: Жартылай шындық
Нимесулид Еуроодақтың 17 елінде мақұлданған оның ішінде 15 елде сатылымда бар, олар: Болгария, Чехия, Кипр, Франция, Греция, Венгрия, Италия, Латвия, Литва, Мальта, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения.
Ал 2002 жылы Финляндия мен Испанияда нимесулидтің сатылымы бауырға әсер ететін жанама әсерлеріне байланысты тоқтатылды.
Еуроодақ елдерінен бөлек Еуропа елдерінде нимесулидтің қолданысына шектеу қойған мемлекеттер қатарында Швейцария, Норвегия, Ұлыбритания мен Исландия бар.
Ал Түркия, Ресей, Укриана, Беларусь, Грузия, Молдовада және басқа де Еуропа елдерінде құрамында нимесулиді бар препараттар тіркелеген.
Eуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің дерегіне сай, 2007 жылы нимесулидтің қолданылуы қайта қаралды. Оның себебі нимесулидтің бауырды зақымдау қаупі анықталған. Қайта қарау нәтижесінде Еурокомиссия нимесулидтің пайдасы мен қаупін қайта бағалап, оны ұзақтағы максимум 15 күн ғана қолдануды және тек екінші қатарлы ем ретінде тағайындауды ұсынды.
Мәлімдеме: Нимесил шырышты қабықты және асқазан қабырғасын жұқартады. Салдарынан асқазан жарасы, гастрит сияқты асқазан ауруларын тудырады.
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат
Үкім: Шындық
Зерттеулерге сай, стероидты емес ауруды басатын препараттар (NSAIDs нимесил де осы препартқа жатады) асқазанның шырышты қабығана әсер етіп, ішектің жоғарғы және төменгі бөлігін зақымдауы мүмкін. Алайда әдетте препараттардың жанама әсері мен асқазан аурулары ұзақ уақыт бойы немесе көп мөлшерде ішкеннен болады.
Стероидты емес қабынуға қарсы препараттар (ҚҚСП) ЦОГ-1 ферментін бөгеп, асқазанды қорғайтын простагландиндердің түзілуін азайтады. Бұл қан айналымын және қорғаныш шырышының бөлінуін әлсіретіп, шырышты қабықты тұз қышқылының әсеріне осал етеді. Нәтижесінде асқазанда эрозия немесе жара пайда болуы мүмкін.
Тағы бір зерттеуде стреодты емес ауруды басатын прапараттар арасында нимесулид плацебомен мен аспиринмен салыстырғанда асқазанның шырышты қабығына айтарлықтай ауыр зақым келтірмейтіні анықталған. Нимесулидті асқазанды зақымдау ықтималдығына байланысты басқа ауруды басатын дәрілер сияқты сақтықпен тағайындау керек.
Оған қоса,стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды ұзақ уақыт қолдану улы агенттердің шырышты қабығына созылмалы әсер етеді және гастритке әкелуі мүмкін.
Стероидты емес қабынуға қарсы препараттар (ҚҚСП) – ауырсынуды жеңілдету, қабынуды азайту және жоғары температураны төмендету үшін кеңінен қолданылатын дәрілер. Олардың қатарында аспирин, ибупрофен, диклофенак, нимесил сияқты препараттар бар.
Мәлімдеме: Нимесил бауыр мен бүйрек жұмысына әсер етеді.
Әлеуметтік желіде тараған
Үкім: Шындық
Нимесил (нимесулид) бауыр мен бүйрек жұмысына әсер етуі мүмкін. Зерттеулер нимесулидтің гепатоуыттылығы жоғары екенін көрсетеді, ал кейбір жағдайларда жедел бауыр жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, ҚҚСП-ның дозаны ұзақ уақыт бойы шамадан тыс қолдануы бүйрек қызметінің бұзылу қаупін арттырады.
Нимесил басқа да ауруды басатын препараттар секілді гепотоксикалық әсерге әкелуі мүмкін. Әсіресе оны мөлшерден тыс ішкенде. Зерттеулер мен тіркелген жағдайлар нимесулидтің организмді ферменттердің жоғарылауынан жедел бауыр жеткіліксіздігі және бауырдың зақымдалуы мүмкін екенін айтады.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар арасында нимесулидтің бауырды зақымдау қаупі ең жоғары және ибупрофен мен жоғары дозадағы кетопрофен бауырдың уыттылығының артыру қаупі бар. Кей зерттеулер нимесулидті қабылдаған пациенттердің жартысына жуығына (45,5%) бауыр трансплантациясын қажет болғанын немесе фулминантты бауыр жеткіліксіздігінен қайтыс болғанын көрсетеді.
Стероидты емес қабынуға қарсы басқа да дәрілер сияқты, нимесулид те бүйрекке қан ағымын төмендетіп, бүйрек жеткіліксіздігіне немесе нефроуыттылыққа әкелуі мүмкін. Бұл дәрілердің дозаға тәуелді әсері бар, сондықтан ұзақ уақыт қолдану нефроуыттылықтың (бүйрекке уытты әсерінің) даму қаупін арттыруы мүмкін. Әрі ауруды жеңілдететін дәрілерді ұзақ уақыт қолдану созылмалы бүйрек ауруына әкелуі мүмкін. Алайда бүйрек аурулары жоқ, жас және қосымша аурулары жоқ адамдар үшін ҚҚСП аса зиян емес.
Мәлімдеме: Нимесил қан кетуге әкеледі.
Әлеуметтік желіде тараған
Үкім: Шындыққа жақын
Еуропалық дәрі дәрмек ұйымының нимесулид жайлы ескертпесінде, нимесулидті ішу кезінде асқазан-ішектен қан кету, цереброваскулярлық қан кетулер немесе басқа белсенді қан кетулер немесе қан кетудің бұзылуы мүмкін екенін ескертеді.
Дегенмен, зерттеуде нимусулиді бар дәрілерді ішу кезінде басқа ҚҚСП препараттарға қарағанда қан кету қауіпі төмен екенін көрсетеді.
Стероидты емес қабынуға қарсы препараттар асқазан мен ішектің шырышты қабығына екі түрлі механизм арқылы зиян тигізеді. Біріншіден, олар асқазанды қорғайтын простагландиндердің түзілуін тежейді. Бұл заттар әдетте асқазан шырышын қорғап, қышқылды бейтараптандыруға көмектеседі. Екіншіден, СЕҚҚП өзі тікелей шырышты қабыққа әсер етіп, оны зақымдайды. Осы екі фактордың әсерінен шырышты қабық әлсіреп, жаралар пайда болады және бұл жаралардан қан кетуі мүмкін.
EMA нұсқаулығына сай, асқазан-ішектен қан кету немесе ойық жара/перфорация нимесулидпен емделу кезінде пайда болуы мүмкін. Егер асқазан-ішектен қан кетсе немесе ойық жара пайда болса, нимесулидті ішуді дереу тоқтату керек. Оған қоса,нимесулидті антикоагулянттармен бірге қолдану қанның ұюын тежейді, бұл асқазан-ішектен қан кету қаупін одан әрі арттырады.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.