Мессенджерлерде мектептерде балаларға «қытайдың арзан синтетикалық есірткісі» қосылған кәмпиттер таратылып жатқаны туралы видео тарады. Видео айналасындағыларға жауап бере алмай, әрең тұрған баланың кадрларымен басталады. Камераның ар жағындағы алаңдаулы анасы оның белгісіз кәмпит жеп қойғанын айтады. Кейін видео үзіліп, қалған үш минут бойы көрермендерге күдікті кәмпиттердің фотосы көрсетіледі, ал фондық аудиожазбада белгісіз мұғалімнің дауысы естіледі.
Бұл жай ғана қауесет емес, бұл қазір барлық мектепте бар. Біздің мектепте де тарады. Балаларға сағыз бен кәмпит ұсынып жатыр, көбіне ұл балаларға, бірақ қыздарға да береді. Олардан кәмпиттерді біреуге беруін сұрайды: «Мынау саған, қазір біреу келеді, соған бересің» дейді. Ал бұл кәмпиттерде арзан қытай синтетикалық есірткісі бар. Бүгін мектебімізде дәл осындай есірткі салынған бір қап табылды. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордың мәліметінше, бесінші сынып оқушыларының кейбірі мұны қолданып көрген. Бұл есірткінің қауіптілігі – екінші рет қолданғаннан кейін-ақ бала оған тәуелді болып қалады. Оны қалай анықтауға болады? Бұл заттан пайда болатын «рахат сезімі» 15-20 минутқа созылады, содан кейін жоғалып кетеді. Баланың өзін-өзі ұстай білуі өзгереді, тілі біраз тартылып, сөйлеуі қиындайды. Ең қауіптісі – жарты жыл тұрақты қолданғаннан кейін сүйек тіндері бұзыла бастайды. Бұл – өте зиян химиялық қоспа. Біздің қалада осындай заттарды қолданған 11-13 жас аралығындағы 25 қыз ем қабылдап жатқан арнайы орталық бар екен.
Аудиожазбадан үзінді
Оқырмандардың сұранысы бойынша Factcheck.kz бұл ақпаратты тексеріп көрді.
Үкім: Фейк
Дәлірек айтқанда, бұл – бастапқыда бір-бірімен байланысы жоқ үш бөліктен құралған «зомби-фейк». Қазақстанның ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты алғаш рет 2018 жылы жоққа шығарды, ал жақында, ақпан айында, ол қайтадан қазнетте тараған кезде тағы да терістеді. Бұл оқиғаны бұған дейін бірнеше рет фактчекерлер мен журналистер зерттеген (1, 2, 3).
Толығырақ
Алдымен аудиожазба, видео мен кәмпиттердің суреттері бір-бірімен байланысы жоғын айта кету керек.
Аудиожазба интернеттің орыс тіліндегі сегментінде 2018 жылға қарай шыққан. Мәселен, бұл ақпараттың жалған екенін 2018 жылдың қарашасында Владивосток пен Приморск өлкесінің «Приморье24» жаңалықтар порталы жазған. Дәл сол айда қазақстандық БАҚ ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап (1, 2), аудиодағы оқиғаның шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
Аудиожазбада ең маңызды мәліметтер – оқиға қай елде, қай қалада және қай мектепте болғаны, сондай-ақ хабарлама авторының кім екені мүлде айтылмайды. Оқиғаның нақты орны көрсетілмегендіктен, бұл ақпараттың әртүрлі өңірде кеңінен тарауына ықпал еткен.
Ал баланың видеосы 2019 жылдың желтоқсанында пайда болып, бірден түрлі қауесеттерге негіз болды. Біраз уақыт бойы оқиға Башқұртстанда болғаны айтылды. Қазақстанда кейбір қолданушылар баланы жергілікті тұрғын деп қабылдады (1, 2). Алайда, кейіннен видеоның Новосибирск қаласында түсірілгені анықталды. Сондай-ақ баланың снюс (темекінің түтінсіз түрі – ред.) тұтынуынан уланғаны туралы ақпарат тарады. Алайда 2019 жылдың 12 желтоқсанында «Комсомольская правда» басылымы алдын ала тергеу мәліметтеріне сүйене отырып, бұл ақпараттың расталмағанын жазды.
Алайда, бұл оқиғаға қатысты басқа жаңалықтар ашық дереккөздерде жоқ, сондықтан құқық қорғау органдары қандай қорытындыға келгені белгісіз. Дегенмен, бұл оқиғада «қытайлық синтетикалық есірткі» қосылған кәмпиттер туралы әңгіме жоқ екені анық.
Белгісіз кәмпиттердің фотосы да 2019 жылдың желтоқсанында тараған, бірақ мүлдем басқа қаладағы аңызға қатысты болған. Сол нұсқаға сәйкес, «Аяз аталар» көшелерде жүріп, балаларға дәл осындай қаптамадағы снюс таратқан. Бұл ақпарат кейбір Ресейдегі аймақтық БАҚ-та (1, 2, 3) ғана емес, басқа да дереккөздерде жарияланды. Мәселен, Қазақстандағы TekeliNews басылымы оны «Нашақорлық — тұңғиыққа апарар жол» деген мақалада пайдаланған. Сол кезде түрлі ресейлік жаңалықтар ресурстары бұл қауесетті жоққа шығарып, ресми тұлғалар мұндай оқиғалардың расталмағанын мәлімдеді (1, 2, 3, 4).

Фотодағы кәмпиттердің есірткіге ешқандай қатысы жоқ, олар – Өзбекстандағы Progum кондитерлік фабрикасының өнімі. Кәсіпорынның ресми сайтында дәл осындай дизайндағы қаптамалар компания өнімдерінің тізімінде көрсетілген.

Түйіндейік
Осылайша, зерттеліп отырған видео – бір-бірімен байланысы жоқ үш оқиғаның жиынтығы. Бұл оқиғалар бес жылдан астам уақыт бұрын тарағанымен, оларға ортақ дүние – балаларға әдейі есірткі қосылған кәмпит таратады деген сюжет.
Бұл үш хабарламаның нақты қашан бір видеоға біріктірілгені белгісіз. Алайда оларды 2019 жылдың аяғында және 2020 жылдың басында қатар аталған. Ортақ тақырыптың болуына байланысты кейін біреу оларды біртұтас оқиға ретінде жинақтағаны таңғаларлық емес.
Барлық мәлімдеме тексеру нәтижесінде жалған немесе дәлелсіз болып шықса да, ҚР ІІМ ата-аналарға балаларға бейтаныс адамдардан кез келген зат алуға болмайтынын түсіндірудің маңызды екенін ескертеді.
Контекст
Ақпан айының басында Factcheck.kz редакциясы мектеп ауласында балаларға таратылған-мыс «құлпынай куик» деп аталатын есірткі туралы хабарламаны тексеріп, оның алғаш рет 2007 жылы ағылшын тілді интернет кеңістігінде тараған зомби-фейк екенін анықтаған еді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.