Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары арасында 1 қыркүйектен бастап көлік жүргізушілерінің жол ережесіне қатысты білімі жол бойында тексерілетіні туралы видео тарады (1, 2, 3, 4, 5). Бейнедегі ақпаратқа сенсек, жүргізушіні тоқтатып, планшет пен 20 сұрақ беріледі-міс. Сұрақтарға дұрыс жауап бермеген жүргізушілерге айыппұл салынады, тестті қайта тапсырады не жүргізуші куәлігінен айырылады.
Ақпаратты жариялаған кейбір парақша мұның қай елге қатысты ереже екенін нақты айтпағанымен, реакция білдіріп жатқан желі қолданушылары бұл ақпаратты Қазақстанға қатысы бар деп топшалаған.

Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.
Үкім: Жалған
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жүргізушілердің жол ережесіне қатысты білімін жолда тексеру туралы ақпараттың Қазақстанға қатысы жоқ, бұл Қырғызстанда іске асырылғалы жатқан жоба. Қазақстанда мұндай жоспардың бар екеніне қатысты ресми мәлімдеме болған жоқ. Әлеуметтік желіде тараған видеоны Бішкектегі автомектептердің бірі түсірген.
Толығырақ
Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы Аскат Алагозовтың Facebook желісіндегі парақшасында 24 наурызда жариялаған ақпаратына сай, 1 қыркүйектен бастап жолда ереже бұзған жүргізушілердің жол ережелерін сол жерде тексеру тәртібі енгізіледі.
Жүргізуші жол қозғалысы ережесін білмесе, оның жүргізуші куәлігі уақытша тәркіленіп, «Унаа» мекемесіне жіберіледі (жүргізуші куәлігінен айырылмайды). Жүргізуші кез келген ыңғайлы уақытта «Унааға» келіп, жол қозғалысы ережелерін бойынша қайта тестілеуден өтіп, куәлігін дереу қайтарып ала алады. Жүргізуші сынақтан өте алмаса, оны кейінірек қайта тапсыра алады. Лицензия емтиханды сәтті тапсырғаннан кейін ғана қайтарылады.
Аскат Алагозов
Оның айтуынша, бұл шара көптеген көлік иесі жүргізуші куәлігін 90-жылдардан кейін, жол ережесін білмей, ақшаға сатып алғандықтан енгізіліп отыр.
«Өкінішке орай, көптеген адам лицензияны оқу арқылы емес, сатып алу арқылы алған. Жүргізушілердің тек 20-30%-і ғана емтиханнан өткен. 2020 жылға дейін жүргізуші куәлігі жаппай 15-20 мың сомға сатылып келген», – дейді Аскат Алагозов.
«Қырғыз Республикасының Құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Қырғыз Республикасы Заңының жобасы 26 маусымға дейін талқыланып болуы керек. Жобаға сай, көрсетілген баптар бойынша бұзушылықтарға жол берген жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін бағалаудан өтпеген жағдайда, олар жол қозғалысы ережелерін білу бойынша теориялық емтихандарды тапсыру үшін сол жерге жіберіледі.
Қазақстандық желі пайдаланушылары таратқан видео алғаш рет 18 сәуірде Бішкектегі «Жүргізушілерді оқыту орталығында», яғни автомектептің Instagram парақшасында пайда болды. Онда бейненің шын мәнінде ұзағырақ екенін және сонымен қатар автомектеп қызметтерін жарнамалайтынын байқаймыз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.