Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиадада өзбекстандық дзюдошы Диера Келдиерованың жеңісін қазақстандық және шетел басылымы жарыса жазды. Кейбір медиа спортшының жеңісі туралы «Өзбекстан тарихында алғаш рет жазғы Олимпиадада алтын иеленді» деп хабар таратты (1, 2, 3, 4, 5). Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.
«Тарихи жеңіс: Өзбекстан алғаш рет жазғы Олимпиада ойындарында алтын алды», – делінген Tilkespekjok арнасының Instagram парақшасына жарияланған видеоның тақырыбында.
«Өзбекстан үшін бұл алтын 2024 жылғы Олимпиада ойындарындағы және Жазғы ойындар тарихындағы бірінші алтын болды», – деп жазды Vesti.kz басылымы. Шынында, солай ма?
Үкім: Манипуляция
Түрлі медиа мен желіде тараған ақпарат бұрмаланған. Шын мәнінде, дзюдошы Диера Келдиерованың “алтыны” Өзбекстан тарихындағы жазғы Олимпиада ойындарында алған алғашқы алтын медаль емес, тек дзюдо бойынша және Париж олимпиадасындағы алғашқы алтын медаль. Сонымен қатар, Диера Келдиерова – жазғы олимиада ойындарында Өзбекстаннан алтын алған алғашқы әйел.
Өзбекстан тәуелсіз ел ретінде 1996 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, осы уақытқа дейін, 11 алтын медаль алған: 2000 жылы Сиднейде – 1, 2004 жылы Афинада – 2, 2016 жылы Рио Де Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойынында – 4, 2020 жылы Токиода – 3 және әлі аяқталмаған Париж олимиадасында 1 алтын медаль.