Instagram әлеуметтік желісінде Қытайда 10G интернет желісі іске қосылғаны туралы ақпарат тарады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7). Желідегі дерекке сенсек, интернет жылдамдығы 9 834 Мбит/с дейін болады-мыс. Жазбаға пікір жазған оқырмандар, «6G, 7G, 8G, 9G желілері қайда кетті?» деген сұрақ қойып жатыр. Factcheck.kz редакциясы ақпаратты тексерді.

Үкім: Манипуляция
Қытайлық Mydrivers сайты, Huawei және China Unicom бірігіп алғашқы 10G желісін іске қосылғаны жөнінде жазған. Алайда мақаладағы «G» әрпі интернет желісінің жаңа буынын көрсетпейді, яғни жаңа «Generation» емес, оның жылдамдығын көрсетеді. Яғни, бұл 5G-ден кейінгі желінің жаңа буыны емес, интернеттің жылдамдығы 9 834 Мбит/с-ке жеткені. Сондай-ақ, Provereno.media фактчекерлері бұл оқиға интернеттің жылдамдығы 10 000 Мбит/с-ке жуықтаған алғашқы жағдай емес екеніне назар аударады. Бұрын Оңтүстік Кореяда, Жапонияда, және Исландияда 10 000 Мбит/с интернет жылдамдығы анықталған.
Толығырақ
Mydrivers ақпарат орталығының дерегінше 10G желісін пайдаланушы Цао-ның үйінде, интернет желісінің жылдамдығы 9 834 Мбит/с жеткен. Ал, жүктеп алу жылдамдығы 1 008 Мбит/с болған. Басылым бұл жаңалықты жай ғана интернет жылдамдығының артуы емес, адамзаттың үлкен революциясы деп баға берген. Дегенмен, жоғарыда жазғанымыздай бұл желінің жаңа буыны емес. «10G» деген атауы интернеттің жылдамдығы 10 000 Мбит/с-ке жеткенін көрсетеді. Мұны Mydrivers сайтында суретін байқауға болады. Сондай-ақ, Қытайдың индустрия және ақпараттық технологиялар министрлігі 10 гигабиттік оптикалық желілерді құру бойынша 168 пилоттық жобаны таңдау қажеттігі туралы ақпарат жариялағаны да жазылған.
Қазіргі қолданыстағы желілерден артықшылығы бар ма?
Digitaltrends зерттеуіне сәйкес, 4G желісінің максималды жылдамдығы 1 000 Мбит/с болса, орташа жылдамдығы 50 Мбит/с. Ал, қазір көп қолданыстағы 5G желісінің орташа жылдамдығы 150 Мбит/с болса, ең жылдам көрсеткіші 10 000 Мбит/с болуы мүмкін (теориялық тұрғыда) екендігі көрсетілген. Яғни, Қытайда тіркелген көрсеткішке жетеді. Қытайда қолданылған 10 000 Мбит/с әлемде алғашқы рет тіркелген жоқ.
Қай елдерде интернет жылдамдығы 10 000 Мбит/с жеткен?
Жапония 10 Гбит/с жылдамдықтағы интернетті 2020 жылы ұсынған. Сол кезде желінің құны 55 долларға бағаланған. Оңтүстік Кореяда осы жылдамдықтағы интернет 2018 жылы KT провайдерінің пайдаланушылары үшін қолжетімді болған. Исландия үйлердің 93%-тен астамында интернет жылдамдығы кемінде 1 Гбит/с, дегенмен пайдаланушылардың көпшілігі 10 Гбит/с жылдамдықты қолданады.
Қазақстанда қазіргі күні мобильді интернетте жүктеп алудың жылдамдығы 81,66 Мбит/с болса, кең жолақты желінің жүктеу жылдамдығы 77,31 Мбит/с.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.