«Қытай Газаға гуманитарлық көмекті әуеден жеткізді»: видеоларды тексерейік

Мамыр айының ортасында интернетте Қытайдың жүк ұшақтары Газа секторының үстінен гуманитарлық көмек түсіріп жатыр деген видеолар тарады (мысалдар: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8). Видео сипаттамасында Қытайға алғыс айтылған және кейде «мұсылман елдерінің» жеткіліксіз көмегін сынаған жазумен бірге жарияланған. Төменде — скриншоттар.

  • «Қытай Газаға гуманитарлық көмекті әуеден жеткізді»: видеоларды тексерейік
  • «Қытай Газаға гуманитарлық көмекті әуеден жеткізді»: видеоларды тексерейік
  • «Қытай Газаға гуманитарлық көмекті әуеден жеткізді»: видеоларды тексерейік
  • «Қытай Газаға гуманитарлық көмекті әуеден жеткізді»: видеоларды тексерейік
  • «Қытай Газаға гуманитарлық көмекті әуеден жеткізді»: видеоларды тексерейік

Бейнероликтер әлеуметтік желіде де, көптеген БАҚ-та да түрлі тілде тарап, ондаған миллион қаралым жинады. Factcheck.kz редакциясы бұл видеоларда шынымен Қытайдың Газаға көмегі бейнеленген бе дегенді тексеріп көрді.

Үкім: Фейк

Роликтер әртүрлі уақытта түсірілген және Қытай ұшақтарының гуманитарлық жүк тастауы туралы емес, басқа видеолардың үзінділерінен құралған. Қытай Газа секторына гуманитарлық қолдау көрсетіп жатқаны рас, бірақ ол көмекті тікелей әуеден жеткізген жоқ.

Бұл хабарламаны NewsMeter, Logically Facts, France24, Misbar, Kashif, DW, MSN және басқа да фактчекерлер мен журналистер де зерттеген.

Толығырақ

Редакция мазмұны ұқсас бірнеше бейнеролик нұсқасын тапты, бірақ олардың барлығы ескі видеолардан құралған және Қытайға мүлде қатысы жоқ.

Хабарламаның кең тараған бір нұсқасы — үш түрлі видеодан монтаждалған бейнеролик — Misbar басылымының фактчекерлері тарапынан егжей-тегжейлі талданды.

«Қытай Газаға гуманитарлық көмекті әуеден жеткізді»: видеоларды тексерейік
Дереккөз: Threads

Видеоның кіріспесі 2025 жылғы 1 мамырда жарияланған ұзақ видеоматериалдан алынған. Онда Қытай мен Мысырдың әскери-әуе күштерінің Гиза пирамидалары үстіндегі бірлескен оқу-жаттығулары бейнеленген. Бұл көрсетілімнің басқа ракурстағы нұсқасын 2 мамыр күні фотограф Ахмед Аттар желіге жүктеген. Оқу-жаттығу ҚХР мен Мысыр арасындағы алғашқы әскери ынтымақтастық бағдарламасы аясында 18 күн — 19 сәуірден 4 мамырға дейін жүргізілді.

Бейнероликтің екінші бөлігін желіге 2024 жылғы 19 қазанда палестиналық видеооператор Хасан Альмалах жүктеген.

«Қытай Газаға гуманитарлық көмекті әуеден жеткізді»: видеоларды тексерейік

Онда автор гуманитарлық көмектің Газа секторына тасталу сәтінде өзін түсірген. 22 қазанда CNN бұл көмекті сол күні Біріккен Араб Әмірліктері жеткізгенін хабарлады.

Үшінші бөлігі Al Jazeera арнасының ағылшынтілді журналисі Ибрагим Аль Халили 2024 жылғы 20 сәуірде жүктеген ұзақ видеодан алынған.

«Қытай Газаға гуманитарлық көмекті әуеден жеткізді»: видеоларды тексерейік


Сол айда бірнеше ел, соның ішінде Иордания, Германия, Ұлыбритания, Франция және АҚШ Газаға әуе арқылы гуманитарлық көмек жасаған.

Kashif басылымының палестиналық фактчекерлері анықтағандай, Қытайдың көмегі туралы тағы бір ролик шын мәнінде 2024 жылғы 16 қыркүйекте TikTok-тағы ahmedhasant8__6 аккаунтында жарияланған. Пост сипаттамасында видео Солтүстік Газада түсірілгені көрсетілген.


2025 жылғы 1 сәуірде қолданушы бұл видеоны қайта жариялап, аккаунтында бекітіп қойған. Екі жағдайда да постта Қытай туралы ештеңе айтылмаған. Қызығы, бірінші жарияланым көп назарға ілікпесе, екінші нұсқасы кең тарап, біз тексерген кезде шамамен 55 млн қаралым жинаған. Посттың астындағы пікірлер бөлімі кейінгі күндері Қытайға қатысты пікірлермен толыға бастаған.

Kashif жазуынша, Солтүстік Газадағы гуманитарлық көмек жеткізу бейнесі алғаш рет 2024 жылғы наурызда пайда болған. NewsMeter басылымы да бұл видеоны сол кезде түсірілген деп есептейді (1, 2). 2024 жылғы наурызда жаңалықтар ресурстары бірнеше ел мен елдер коалициясының гуманитарлық көмекті тастағаны жөнінде хабарлаған, бірақ Қытай бұл мәліметтерде кездеспейді. Қытай БАҚ-тары да мұндай әрекет туралы жазбаған. Kashif-ке пікір берген үкіметтің БАҚ-пен байланыс жөніндегі басқарма басшысы Исмаил Аль-Савабта Қытайдың Газа секторына гуманитарлық көмек тастаумен айналыспағанын растаған.

Қытайдан келген гуманитарлық жүк туралы ең ұзақ видеоның бірі 3 минут 18 секундтық түрлі видеолардан қиылып жасалған.

«Қытай Газаға гуманитарлық көмекті әуеден жеткізді»: видеоларды тексерейік
Дерккөз: Instagram

Кейбір кадрларда жеткізілген жүктің нақты кімнен екені анық көрінеді: мысалы, бірінде бала UAE AID (Біріккен Араб Әмірліктерінің көмегі) деген жазуы бар жәшікті көтеріп бара жатса, енді бірінде ұшақтан USAID логотипі бар жәшіктер тасталып жатыр. Ал бейнебаянға енген әскери қызметкерлер палестин жалауы бар форма киген.

Видеода Қытайдан келген гуманитарлық жүк көрсетілген жалғыз кадр бар. Алайда ол 2023 жылдың соңында түсірілген. Сол кезде Қытай Палестина босқындары мен көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігіне 1 млн АҚШ доллары көлемінде шұғыл көмек бөлгені және Газадағы тұрғындарға жеткізу үшін Мысырдағы Рафах порты арқылы азық-түлік жібергені туралы хабарланған.

Аталған бейнеролик (осы монтаж және осы музыкамен) алғаш рет 2024 жылғы 11 шілдеде Douyin платформасында (TikTok-тың Қытайдағы нұсқасы) пайда болған. Бейнежазба авторы Қытай гуманитарлық көмек жіберді деп ештеңе айтпаған, тек видеоны поэтикалық түрде: «Құдайдың қыраны Газадағы халыққа үміт пен өмір сүруге деген ұмтылыс (немесе арман) сыйлады» деп сипаттаған. Бұл тұста «қыран» деп ұшақ меңзеліп тұрғаны анық. Сонымен қатар, видеодағы барлық кадрлар 2024 жылғы 11 шілдеге дейін түсірілгенін байқауға болады — олар жақында болған оқиғалар емес.

Бұған қоса, Ұлыбританияның UK Defence Journal әскери техника туралы басылымы вирус видеолардың көбінде Boeing C-17 Globemaster III әскери-көлік ұшағы бейнеленгенін жазады. Бұл ұшақ АҚШ пен оның одақтас елдерінің армиясында қолданылады. Ал Қытай мұндай ұшақтарды пайдаланбайды.

Бұл кадрлар жеке түрде немесе басқа монтажбен бұрын да пайда болған — мысалы, 2024 жылғы маусымда (1, 2, 3). 2024 жылғы 18 маусымда Fact Crescendo фактчекерлері дәл осындай мазмұндағы бірнеше видеоны жоққа шығарған. Онда да Қытайдың Газадағы гуманитарлық жүкті әуеден жеткізгені туралы жалған ақпарат болған.

Бұрын айтылғандай, Қытай шынымен Газа секторына гуманитарлық көмек көрсетіп келеді, алайда қазіргі таңда ол бұл көмекті қайырымдылық ұйымдар мен өзге де арналар арқылы жүзеге асырып отыр (1, 2, 3, 4). Олар әскери авиацияны пайдаланбаған.

Контекст

2025 жылғы 18 наурызда атысты тоқтату жөніндегі екінші келісім сәтсіз аяқталған соң, Израиль Газа секторына қойылған блокаданы күшейтті. 2025 жылғы 13 мамырда Қытай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысты тоқтату үшін шұғыл халықаралық әрекетке шақырды.

Factcheck.kz