Upd: жарияланған мәтіндерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ережесіне сай, 09.03.2025 жылы материалдың үкімі Манипуляциядан Жалғанға өзгерді.
Әлеуметтік желіде Қазақстанда некесіз туған балалардың жоқ екеніне қатысты ақпарат тарады (1, 2, 3, 4). Авторлар тараған деректе «ресми некесіз туған» Еуропа мен басқа елдердің статистикасы келтірілген, ал тізімде Қазақстанның жоқтығын «Қазақстан отбасы құндылықтарының үлгісін көрсетіп отыр: елімізде некесіз туған балалар жоқ» деп сипаттаған.
Factcheck.kz редакциясы Қазақстанда расымен некеден тыс туғандар жоқ па деген деректі тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Қазақстан отбасы құндылықтарының үлгісін көрсетіп отыр: елімізде некесіз туған балалар жоқ
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат
Үкім: Жалған
Әлеуметтік желіде тараған ақпараттағы статистика Еуростат, Росстат сияқты агентіктерден алынған. Сәйкесінше бұл статистикалық орталықтардың ақпаратында Қазақстанның деректері жоқ. Алайда бұл Қазақстанда некеден тыс туған сәбилер тіркелмегендігін білдірмейді. Қазақстанда 2023 жылы некесіз туған сәбилердің үлесі 10,6% болған, яғни — 41 356 бала (2024 жылдың дерегі әлі жарияланбаған).
Әрі видеода көрсетілген деректер нақты емес, онда әртүрлі жылдың ақпараты салыстырылған.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, Қазақстанда кейінгі 5 жылда некесіз туған балалардың үлесі төмендеген. 2019 жылы жалпы жаңа туғандардың үлесінен 12,15% сәби некесіз туған.
Сонымен қатар «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасына сәйкес, Қазақстанда 676 253 жалғызбасты ана және 103 900 жалғызбасты әке бала тәрбилейді. Елде 2009 жылдан бері жалғызбасты отбасы саны 50%-ке артқан. Сарапшылардың пікірінше, жалғызбасты отбасылар әлеуметтік қысым мен стигмаға жиі ұшырайды.
Басқа елдерде статистика қандай?
Еуростат дерегіне сай, Еуропа бойынша 2022 жылы некесіз туған сәбилер үлесі 42,2%-ке жеткен. Некеден тыс туғандар көрсеткіші Еуропада кейінгі 10 жылда өсіп жатыр. Некеден тыс туған балалардың ең жоғарғы үлесі Норвегия (63,1%) мен Францияда (65,2%) тіркелген.
Одан бөлек Ресейде 2022 жыл бойынша некесіз туған сәбилердің үлесі 22,8%-ке тең.
Our World in Data-да некеден тыс туған сәбилердің көрсеткіші қолжетімді елдер арасында 2021 жылы некесіз туғандардың ең жоғары үлесі Чили (75,1%), Коста-Рика (72,5%) және Мексикада (70,4%) екен.
Ал Жапония, Оңтүстік Корея және Түркияда бұл көрсеткіш 2-3% аралығында.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.