Қазақстанда TikTok-ты бұғаттау туралы неге айта бастады?

22 сәуірде өткен мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров TikTok әлеуметтік желісі жастарға кері әсерін тигізіп жатқанын және оған заңнамалық шектеулер енгізу керектігін айтты. Саиров сөзінде басқа елдердің әлеуметтік желіге тыйым салып жатқанына да тоқталды.

Депутаттың сөзін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да қолдап, “Менің ойымша, мен министр ретінде мұны қарастыру керек дер едім. Өйткені, көріп отырсыздар, оның барлығына біз араласамыз. Балалар қарайды, қандай балағат сөздер [әлеуметтік желіде бар екенін – ред.]” деді министр. Бірақ, бір қызығы, TikTok желісінің өкілдері Балаеваның сөзіне таңғалғанын жасырмады. Әлеуметтік желінің мәлімдемесінде “Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің елде TikTok-ты бұғаттау мүмкіндігін қарастырып жатқанына қатты таң қалдық, өйткені Министрлік Қазақстандағы Наурыз онлайн-фестивалі және шығармашылық қысқа бейнефильмдер байқауы сияқты көптеген бастамаларымызды белсенді түрде қолдайды” деп жазылған.

Factcheck.kz редакциясы осы мәлімдемелерді тексеріп, неге Қазақстанда әлеуметтік желінің бұғаты туралы айта бастағанын талдап көрді.

Саировтың мәлімдемесі

тайм-код: 2:24:54

Мәлімдеме: Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн-казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралуда. Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Біздермен көптеген ата-әже, әке-аналар кездескен сайын осы мәселені жиі көтеретін болды.

Желінің осындай зиянды салдарларын ескере отырып, бірқатар әлем елдері TikTok-қа шектеу қойды. Мысалы, Үндістан ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді деп, 2020 жылдан бастап TikTok-қа толықтай тыйым салды. Индонезия 2018 жылдан бастап уақытша шектеу қойды. Бауырлас Өзбекстан 2021 жылдан бастап TikTok-қа тыйым салды. Қырғыз елі де шектеу енгізді. Ал АҚШ Үкіметі TikTok-қа ішінара шектеу енгізді. Еуродақ елдері де өз шенеуніктерінің телефондарына TikTok орнатуға тыйым салды. Ал TikTok-ты ойлап табушы, яғни Қытайдың өзі де кәмелеттік жасқа толмаған балаларға «арнайы бала – TikTok» контентін ұйымдастырған. Қытайдың өзінде балалар TikTok-тың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған.

Ерлан Саиров

Үкім: Манипуляция

Депутат атаған мемлекеттерде TikTok қосымшасына шектеулер бар екені рас. Алайда депутат айтқандай қосымшаның зиянды салдарын көрсететін зерттеулер мен статистикалық мәлімет жоқ. Әрі тыйым салу себептері әртүрлі болғандықтан депутат айтқан басқа елдер мысалдарын Қазақстанмен салыстыруға келмейді.

Әр елді қарастырып көрелік

2020 жылдың маусымында Үндістан-Қытай шекарасында болған қақтығыстан кейін, Нью-Дели Үкіметі TikTok пен танымал 59 мобильді қосымшаға тыйым салды. Үндістан билігі мұны “ел қауіпсіздігіне қауіп төндіреді” деп түсіндірді. Оған қоса 2020 жылдың 2 қыркүйегінде тағы 118 қосымшаға, 24 қарашасында 43 қосымшаға тыйым салынды.

Индонезияда 2018 жылы TikTok-қа уақытша шектеу қойылды. Компанияның жасөспірімдер мен балалар үшін шектеулер мен балалар қарайтын контентіне бақылау жүргізу жайлы уәдесінен кейін ел билігі Индонезияда TikTok-қа тыйым салуды алып тастады. Қазірде Индонезияда TikTok-ты пайдалану бойынша балалар мен жасөспірімдерге UNICEF ұйымының қолдауымен дайындалған арнайы шарттар қарастырылған.

Өзбекстанда 2021 жылы TikTok-қа шектеу қойылған. Тыйым салу себебін Өзбекстанның “Дербес деректер туралы” заңының бұзылуымен байланыстырды. TikTok бұғатталғанымен оған VPN арқылы қосылу қолжетімді. Заңды түрде шектеу тұрғанымен, 2023 жылдан бері TikTok Өзбекстан аумағында қайта VPN-сіз жұмыс істеп тұр.

Қырғызстанда осы жылдың 19 сәуірінде TikTok-ты пайдалануға тыйым салынды. 17 сәуірде Қырғызстанның Цифрлық даму министрлігіне қарасты Байланыс саласын реттеу және қадағалау қызметі TikTok-қа шектеу шараларын қабылдау қажеттігі туралы хат жолдады. Хатта TikTok-тағы контент балалардың психологиялық дамуы мен денсаулығына кері әсер етеді делінген. Дегенмен қолданушылар қосымшаны VPN-мен қолданып жатыр. Қырғызстанда 2023 жылдың тамызында да TikTok-қа тыйым салу қарастырылған еді. Ол кезде де балаларға кері әсер етеді деген себептер айтылған-ды. Қырғызстандық сарапшылар бұл шараның балаларды қорғауға ешқандай тиімділігі жоқ екенін әрі бұл орта және шағын бизнеске соққы болатынын айтады.

АҚШ-та көптен талданып жүрген TikTok-қа қатысты заң жобасы 2024 жылдың 24 сәуірінде мақұлданды. Заң жобасына сәйкес, TikTok бас компаниясы саналатын ByteDance-ке TikTok-ты сатуға 270 күн уақыт беріледі. Қойылған талаптар орындалмаса АҚШ-та қосымшаны пайдалануға тыйым салынады және жызып алу мүмкін болмайды. АҚШ билігі америкалық пайдаланушылардың деректерін TikTok Қытай билігене береді деп қауіптенеді. Алайда заң жобасына қарсы кей партия өкілдері заң жобасын талдау барысында тағылғанға айыпқа қатысты ешқандай дәйекті дәлел келтірілмеді деді. Әрі сарапшылар бұл заң жобасын қабылдау АҚШ конституциясының бірінші түзетуінде жазылған сөз бостандығына қатысты бабын бұзатын айтады. TikTok тағылған айыптарды жоққа шығарған, компания АҚШ-тың бұл шешімімен келіспейтінін мәлімдеді және сотқа жүгінді.

Осыған дейін ByteDance компаниясы АҚШ билігіне қарсы сот істерінде бірнеше рет жеңіске жеткенін айта кету керек. 2020 жылы АҚШ-тың бұрынғы президенті Доналд Трамптың TikTok-қа тыйым салуы жайлы шешімін федеральды сот тоқтатқан. Оған қоса 2023 жылы АҚШ-тың Монтана штаты TikTok-ты штатта пайдалануға тыйым салатын заң жобасын қабылдағаннан кейін, федеральды сот заң жобасы сөз бостандығын бұзатынын ескертіп, заңның күшіне енуін уақытша тоқтатқан болатын.

Сонымен қатар АҚШ-та мемлекеттік қызметкерлердің құрылғыларына TikTok-ты жүктеуге тыйым салынған және кей мемлекеттік университет кампустарында ортақ Wi-Fi арқылы TikTok-ты пайдалануға шектеу қойылған еді.

Еуропалық парламент, Еуропалық комиссия және ЕО Кеңесі TikTok-ты қызметтік құрылғыларда пайдалануға тыйым салды. Сонымен қатар заң шығарушылар мен қызметкерлерге TikTok қосымшасын жеке құрылғыларынан да өшіру ұсынылды.

Қытайда TikTok-тың халықаралық нұсқасын Қытай аумағында пайдалана алмайды. Оның орнына пайдаланушылар TikTok-тың цензурланған Қытайлық нұсқасы Douyin-ді пайдаланады. Қосымшаның қытайлық нұсқасында кәмелетке толмаған пайдаланушыларға шектеулер енгізілген. Мәселен, жасөспірімдер тікелей эфир жүргізе алмайды және YouTube Kids функциясы сияқты тек іріктелген контенттен “жасөспірімдер режимі” ойластырылған. Әрі қытайлық нұсқада саяси тақырыптардағы контент көрсетілмейді.

Алайда халықаралық TikTok пен Douyin-нің өзгешеліктері бар. Мәселен, Douyin құпиялылық пен қауіпсіздік мәселелерін тудыруы мүмкін, себебі, оның динамикалық кодты жүктеу және серверлік іздеудегі цензура сияқты функциялары бар. Дегенмен екі нұсқада да өшпенділік тілі, суицидке шақыратын контенттерді және басқа қауіпті тақырыптарды шектеу мен бұғаттау қарастырылған.

TikTok-қа неге тыйым салынып жатыр?

Тыйым салған мемлекеттердің шектеу қою себептері әртүрлі, бірақ көбі ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді немесе балаларға зиян деген желеумен қосымшаға тыйым салып жатыр. TikTok-қа тыйым салудың басты себебі— қосымшаның бас компаниясы ByteDance-пен байланысты. Бұл компания Қытай билігінің ықпалына ұшырауы мүмкін және TikTok қолданушыларының деректерін Қытай билігіне беруі ықтимал деген қауіп бар.

TikTok-қа қандай Қытай билігінің ықпалы бар жоғы әлі де анық емес. TikTok ресми түрде ByteDance-тің ешқандай мемлекет билігіне қарамайтынын мәлімдеген. Әрі зерттеуледің бірі TikTok контентінде қандайда бір биліктің ықпалын таппаған.

Ал The Network Contagion зерттеу институты Rutgers университетінің Miller орталығымен бірлесіп жүргізген талдауда Қытай билігіне қатысты саяси тақырыптардың TikTok-та барынша шектелетіні анықталған. Мәселен, Қытайға қатысты (ұйғырлар, Тяньаньмэнь алаңы, Тибет, Гонконг, Тайвань, оңтүстік Қытай теңізі) саяси тақырыптар хештегі мен контенті TikTok-та Instagram-ға қарағанда аз ұсынылған. Оған қоса шетелдік қақтығыстар негізінде TikTok-та Украинаны жақтайтын және Израильді жақтайтын хэштегтердің аз ұсынылғанын, ал Кашмирдің тәуелсіздігін жақтайтын хэштегтердің шамадан тыс көп жарияланғаны анықталған.

Қытай TikTok-тағы жарнама арқылы басқа елдерге өз “пропагандасын” жүргізуі мүмкін деген қауіп те бар. Forbes талдауына сәйкес, 2022 жылы платформада Қытайдың мемлекеттік медиалары ұсынған мыңнан астам жарнама видеолары Еуропа елдерінде көрсетілген. Жарнама арасында АҚШ үкіметі геноцид деп таныған Қытай үкіметінің ұйғырларды жаппай қуғын-сүргін, мәжбүрлеп ұстау және “қайта тәрбиелеу” науқанын жүргізіп жатқан Шыңжаң мемлекеттік басылымдарының бірі ұсынған жарнамалар да көрсетілген. Жарнаманың көбі Қытайдың экономикасы, технологиясы және мәдени мұрасы жақсы жағынан көрсетуге бағытталған.TikTok-тың жарнамалар жинақтамасында “TikTok саяси немесе сайлауалды жарнамаларды көрсетпейді, дегенмен мемлекеттік органдар TikTok-тың ресми сату менеджерімен тікелей байланысса жарнама беру құқығына ие бола алады” делінген.

TikTok балаларға зиян ба?

Платформаларда контентті реттейтін балаларды қорғауға бағытталған функциялары бар. Мәселен, TikTok-қа балаларға тіркелу тек 13 жастан бастап рұқсат етілген, әрі қосымшада бағдарламаны қолданудың уақыттық шектеуін қоюға болады. Әрі отбасылық бақылау (Family pairing) жүйесі арқылы ата-ана баласының қандай контент қарайтынын, желіде қанша уақыт отыра алатынын бақылай алады. Баланың әлеуметтік желіні пайдалануы ата-ана жауапкершілігінде екенін ұмытпау керек. Одан бөлек қосымшада өшпенділік тілі, сексуалды негіздегі контент, зорлық-зомбылық контенттері байқалса бірден бұғатталып желіден өшіріледі. Бұл Instagram, Meta, TikTok, Youtube және басқа да танымал қосымшаларда бар.

Әдетте Instagram, TikTok және Youtube контентін өндірушілер пайдаланушылардың өзі. Сол себепті платформалардағы контентке толық бақылау жүргізу әзірге мүмкін емес. Стратегиялық диалог институтының (ISD) зерттеуіне сәйкес, TikTok-та байқалған өшпенділік тілі мен экстримизм негізінде жүктелген видеолардың 18,5%-ті ғана автоматты түрде өшірілген. Зерттеуде TikTok-та жарияланған 1 030 видеоның 30%-і нәсілдік дискриминация мен қастандық теорияларын дәріптейтін видеолар екені анықталған. Барлық видеоның 24%-і экстремистік және террористік тұлғаларды немесе ұйымдарды қолдайтын видеолар. Оған қоса COVID-19 пандемия кезінде азияттарды алалау сарынындағы видеоның бірі 2 млн-ға жуық қаралым жинап үлгерген.

Сонымен қатар басқа да танымал әлеуметтік желілер секілді бала TikTok-та да кибербуллиңке ұшырауы мүмкін. Кей деректерге сай, балалардың TikTok-та кибербуллиңге ұшырау ықтималдығы— 64%. Барлық әлеуметтік желілердің ішінде Youtube-те балалар кибербуллиңке ұшырау ықтималдығы — 79%, Snapchat-та — 69% және Facebook-те — 49%.

Сарапшылар мен құқық қорғаушылар TikTok-тың балаларға зиян екеніне қатысты аргумент сенімсіз екенін айтады. Себебі TikTok сияқты басқа да әлеуметтік желілер балаларға дәл осындай әсер беруі мүмкін.

TikTok-тың балаларға әсері мен TikTok-ты бұғаттаудың тиімділігі туралы сарапшылардың пікірін білдік. Психолог Дина Байдилдаева әлеуметтік желіні бұғаттау баладағы психологиялық мәселерді толық шешпейді дейді. Оның сөзінше, әлеуметтік желілер мәселенің себебі де, шешімі де бола алмайды.

Баланың әлеуметтік желіге тәуелділігі — бұл отбасындағы, мектептегі жағдайдың көрінісі. Сондықтан егер біз баланың әлеуметтік желіде отырудан басқа ешнәрсемен айналыспайтынын көрсек, онда бұл баланың ішінде болып жатқан қиындықтарға қатысты сигнал болуы мүмкін. Әлеуметтік желі болмаса, онда бала уақытын өткізетін басқа қызық табады, мәселен порнографияға, темекіге немесе алкогольге, “көңіл көтеру үшін” ұрлыққа құмар болуы мүмкін. Яғни мәселе тек әлеуметтік желіде емес. Егер отбасында ата-ана балалармен бірге өткізетін уақытты жақсы ұйымдастырса, олармен сапалы уақыт өткізсе, онда бала әлеуметтік желілерге тәуелді болмайды.

Әлеуметтік желі бізде бар нәрсені ғана көрсетеді, егер біздің ішкі сезімдеріміз шығармашылыққа толы болса, онда біз әлеуметтік желіде де сол шығаршылықты бөлісеміз және қараймыз, егер біздің ішкі күйіміз деструктивті болса, онда біз әлеуметтік желілерде де деструктивті боламыз. Осылайша, әлеуметтік желіні бұғаттау проблеманың шешімі емес, мәселені шешу үшін ең алдымен негізгі себептермен және ішкі күйіңізбен кәсіби психологтың көмегімен жұмыс істеу керек.

Дина Байдилдаева

Құқық қорғаушы Роман Реймер әлеуметтік желіні толық бұғаттау ақылға қонымсыз әрі қисынсыз және бұл Қазақстанда Конституцияда бекітілген сөз бостандығы мен цензураға жол бермеу принциптеріне қайшы деген пікірде.

Әлеуметтік желідегі контент гетерогенді және кейбір жағдайда белгілі бір елдің заңнамаларына қайшы келуі мүмкін. Алайда, “заңға қайшы” немесе балаларға “қауіп төндіретін” кейбір контент үшін әлеуметтік желіні толық бұғаттау ақылға қонымсыз әрі қисынсыз және бұл меніңше Конституцияда бекітілген сөз бостандығы мен цензураға жол бермеу принциптеріне қайшы. Әрі мен TikTok-тың Қазақстандық сегментінде “заңға қайшы контент” көлемін көрсететін бірде-бір зерттеуді немесе статистиканы көрген жоқпын.

Мәдениет және ақпарат министрі, сондай-ақ мәжіліс депутаты баяндаған аргументтер дәлелді базаға негізделмеген және күмәнді, я болмаса елдегі TikTok-тан “құтылғысы” келетіндерді қолдаудың көрінісі.  

Қазақстан БҰҰ мүшесі және адам құқықтары бойынша бірқатар құжаттарға қол қоюшы ретінде оның халықаралық міндетемелері бар. Соның негізінде күмәнді аргументтерді желеу етіп әлеуметтік желіні бұғаттау кем дегенде ақылға қонымсыз және бұл ұсыныс Қазақстан өз еркімен қабылдаған халықаралық міндеттемелерге қайшы.

Роман Реймер

Контекст

Қазақстанда осыған дейін “Сарым-Закиева өзгерістері” аталып кеткен әлеуметтік желілерді толығымен бақылау арқылы кибербуллинңмен күресуді ұсынған атышулы түзетулері ұсынылған еді. Бұл нормалар қарапайым қазақстандықтар және блогерлер мен БАҚ өкілдері үшін тиімсіз шара екенін айтқан едік. Ол кезде Instagram, Facebook және Twitter контентін мемлекет бақылауға алғысы келсе, енді TikTok-қа тыйым салу жиі айтылып жүр. Заң жобасы ұсынылғанда белсенділер мен құқық қорғаушылар заң жобасында әлеуметтік желідегі ой еркіндігіне қауіп төндіретінін және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тым кең өкілет беретін түзетулер бар екенін ескерткен.

Осы тұста кез-келген әлеуметтік желіге шектеу қою мен оны бұғаттау цифрлы құқықты бұзады және сөз еркіндігіне шектеулер қоятынын ескеру маңызды.

Журналист-фактчекер, OFA 2023 түлегі, KIMEP университетінің 3-курс студенті

Factcheck.kz