Мамыр айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көші-қон саясатына өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды, содан кейін БАҚ пен әлеуметтік желіде «Қазақ тілі мен тарихын білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді» деген тақырыппен хабарламалар пайда болды (1, 2, 3, 4). Басқа басылымдар: «Қазақ тілін, тарихын білмейтіндер Қазақстан азаматтығынан шығарылады» (1, 2, 3) деп жазды.
Factcheck.kz редакциясы осы мәселенің егжей-тегжейін анықтауды жөн көрді.
Үкім: Жартылай шындық
Мемлекеттік тілді, Конституцияның негіздерін және тарихын білмеген үміткерлерге шынымен де азаматтық беруден бас тартуы мүмкін. Алайда азаматтық алуға үміткерлердің барлығы емтихан тапсыруға міндетті емес. Адамдардың біраз бөлігі жеңілдетілген тіркеу рәсіміне құқылы және оларға жаңа талаптар әсер етпейді. Сондай-ақ, түзетулерге сәйкес, қазақ тілін білу бастауыш деңгейде, ал Қазақстан тарихын білу «ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындаған көлемде» болуы тиіс екенін атап өткен жөн.
Мәселенің мән-жайы
Қазақстан азаматтығына үміткерлерді тестілеу туралы талқы 2022 жылы басталды (1, 2, 3). Алайда заңға енді ғана қол қойылды. Заң құжатында егер кандидаттың тиісті білімі болмаса, азаматтық беру немесе қалпына келтіру туралы өтініш қабылданбайды деген түзету бар. Бұл жерде білім дегеніміз: мемлекеттік тілді бастауыш деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындаған көлемде Қазақстан тарихын білу.
Кейін өзгерістерге ішкі істер министрлігі түсініктеме берді. Ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мұндай өзгерістер шетелдіктердің бейімделуін және интеграциясын жеделдетуге ықпал ететінін түсіндіріп, мұндай нормалардың халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін айтты.
Азаматтық емтиханы бүкіл әлемде кең тараған тәжірибе, бірақ тестілеуден босатылған азаматтардың санаттары жиі кездеседі. Мысалы, Германияда 67 жастан асқан талапкерлер жазбаша тіл емтиханын тапсырмайды. Қазақстандық заңда да ерекшелік бар. 17-баптың 3-бөлігінің 14-тармақшасына сәйкес төмендегі жандарға ешқандай талап қолданылмайды:
- кәмелетке толмағандар;
- еңбекке жарамсыз;
- ел алдында елеулі еңбегі барлар;
- кәсібі бар және Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тізбе бойынша талаптарға сай келетіндер;
- этникалық қазақтар;
- Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде оңайлатылған тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы барлар.
4-тармақтағы мамандықтар мен талаптардың тізімін мына жерден оқыңыз. Қазіргі уақытта оның құрамына небәрі 40 мамандық кіреді. 6-тармаққа қатысты, редакцияның сауалына Ішкі істер министрлігі әңгіме екі құжат туралы деп жауап қатты:
1) Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан арасында азаматтықты алуды жеңілдендіру туралы келісім бар. Бұл жағдайда осы мемлекеттердің азаматтары шарттардың кем дегенде біреуіне сәйкес келуі керек:
- Өтініш беруші Беларусь КСР, Қазақ КСР, Қырғыз КСР немесе РСФСР азаматы және бір мезгілде бұрынғы КСРО азаматы, 1991 жылғы 21 желтоқсанға дейін азаматтық алған тараптың аумағында туған немесе тұрған.
- Өтініш берушінің азаматтық алған тараптың аумағында тұрақты тұратын және оның жақын туыстарының бірі: жұбайы, ата-анасының бірі (асырап алушылар), баласы (оның ішінде асырап алғаны), әпкесі, ағасы, ағасы, атасы немесе әжесі, немересі әйтеуір туған-туыстарының бірінің азаматтығы болса.
2) «Некеде тұрған әйелдің азаматтығы туралы» конвенция, оған сәйкес «өз азаматтарының бірімен некеде тұрған шетелдік оның өтініші бойынша азаматтық алудың ерекше жеңілдетілген тәртібі арқылы күйеуінің азаматтығын ала алады».
Қазақстанда туған немесе бұрын Қазақстан азаматтығын алған, бірақ Келісім мен Конвенцияның, сондай-ақ жеңілдетудің басқа бес тармағына сәйкес келмейтін шетелдіктер, «бастауыш деңгейде мемлекеттік тілді, сондай-ақ Қазақстан Конституциясы мен тарихының негіздері туралы білімі тексеріледі» деп хабарлайды ҚР ІІМ.