Қапшағайдағы акула туралы тағы бір күмәнді видео тарады

Мамырдың соңы мен маусымның басында әлеуметтік желілерде Қапшағайда акула ұқсас балық жүргені туралы видео тараған. Factcheck.kz видеоның фейк екенін жазған еді. Ақпаратты қазақ тілінде алғаш таратқан «alban_almaty88888» парақшасы кейін, Қапшағайдағы акуланы ұстағаны туралы тағы бір видео жариялады. Бұл видеоның да Қапшағайда түсірілгені күмән тудырады. Factcheck.kz тексеріп көрді.

Қапшағайдағы акула туралы тағы бір күмәнді видео тарады
Instagram желісінің скриншоты

Үкім: Фейк

Қапшағайдағы акуланы ұстағаны туралы видео екі кадрдың қосындысынан құралған. Алғашқы секундтарда акула туралы фейк видеоның өзі тұрса, соңында басқа кадрды байқауға болады. Басындағы видеоның ЖИ-мен жасалғанын жаздық, ал видео соңындағы кадр Сан-Себастьян аралдарында түсірілген.

Толығырақ

31 мамыр күні Instagram және Tiktok желілеріне «alban_almaty88888» атаулы парақша, Қапшағайда акулаға ұқсас балық жүргені жөнінде видео жариялайды. Кейін видеоны қазақ тіліндегі парақшалар бөлісе бастады (1, 2, 3, 4, 5). Бейнеде «абайлаңыз, Қапшағай су қоймасында акулаға ұқсас осындай бірдеңе жүр» деген мәтін бар. Factcheck.kz редакциясы Hive Moderation сервисі арқылы видеоның 59,5%-ке жасанды интеллект көмегімен жасалғанын көрсетті. Бейненің тек 8% ғана ЖИ-мен жасалмаған. Сондай-ақ, фейк видео тек қазақ тілінде емес, өзге тілде де таралған.

Кейін «alban_almaty88888» атаулы парақша иесі Қапшағайдағы акулаға ұқсас балық туралы екінші видеоны жариялады. Онда «сүйінші!!!, ана пәлені бүгін Қапшағай су қоймасында по горячим следам ұстапты» деген мәтін жазылған. Бейненің басында акула туралы фейк видео тұрса, Сан-Себастьян аралдарында түсірілген кадрды байқауға болады. Видеоның түпнұсқасында жағаға шығып қалған китті көреміз. Бұл туралы rocknewslitoral.com сайты 27 мамыр күні жазған.

Қапшағайдағы акула туралы тағы бір күмәнді видео тарады

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz