Ит иелерінің арасында иттерге тамақ қалдықтарын я болмаса адам жейтін тағамды беруге болады деген ортақ сенім бар. Бұл пікірді әртүрлі форумнан, сондай-ақ кейбір БАҚ материалдарынан табуға болады (1, 2). Factcheck.kz редакциясы мұның қаншалықты рас екенін анықтауды жөн көрді.
Үкім: Жартылай шындық
Ветеринарлардың ұсынысына сәйкес, иттің рационы арнайы азықтан ғана емес, адам жейтін тағамнан да тұруы мүмкін. Дегенмен, адамдарға таныс кейбір тағам үй жануарының денсаулығына айтарлықтай зиян болуы мүмкін.
Неліктен тыйым салынған?
Ит, адам сияқты, әртүрлі тағамды жей береді. Алайда олардың ас қорыту жүйесі адамнан өзгеше.
Материалды дайындаған кезде біз «Зоосфера» клиникасының мал дәрігері Мәди Айтжанмен кеңестік. Маманның айтуынша, айырмашылықтың тізімі мынадай:
- Етқоректілердің ішегінің ұзындығы адамға қарағанда қысқа, сондықтан ас қорыту процесі тез жүреді.
- Етқоректілерде крахмалды молекулаларға ыдыратуға жауап беретін амилаза ферменті жоқ. Сондықтан олар тамақты шайнамайды, ас қорыту ауыздан емес, асқазанда басталады.
- Ас қорыту кезінде иттің асқазаны адамның асқазанына қарағанда көбірек қышқыл шығарады, сондықтан ол тағамды әлдеқайда жылдам сіңіреді.
Бұл ерекшеліктер жануарды азық таңдауға сезімтал етеді. PetMD ветеринарлық уеб-сайтының мәліметіне сәйкес, иттің диетасы оның салмағына әсер етеді. Идеал дене салмағының 10%-ке артуы артық салмақ, ал 20%-і семіздік болып саналады. Дене параметрлері дұрыс болса, иттің буындардағы, сүйектердегі, сіңірлердегі және жалпы қозғалыстағы проблемалардың даму қатері төмен. Жүрек, тыныс алу, бауыр және т.б аурулардың да алдын алады.
Қате таңдалған тағам улануға, жүрек-тамыр жүйесіне зақым келтіруге, бүйрек пен бауыр жетіспеуіне, кейбір жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ жеңіл зардаптар бар: иттің талғампаздығы мен әдетте жейтін тағамын жемей қоюы мүмкін.
Не жеуге болады және болмайды?
Medical News Today микронутриенттерге бай тағамның қатарына сәбіз, алма, балықтың кейбір түрі, тауық еті, жержаңғақ майы, қияр және жасыл бұршақ жатады деп жазады. Ақ және қара бидай нанын шектеулі мөлшерде тұтынуға болады.
Америка Құрама Штатында 2005-2014 жылдар аралығындағы үй жануарларының улануын зерттеген Journal of the American Veterinary Medical Association журналында жүргізілген зерттеу ит ең көп уланған тағам ретінде шоколад, мейіз және жүзім, сондай-ақ құрамында негізгі ингредиент сахароза, сорбит немесе ксилит бар тағам екенін көрсетті.
Medical News Today итке зиян тигізетін тағамға авокадо, шие, цитрус жемісі, шоколад, кофеин, даршын, шикі немесе шала піскен ет, шикі жұмыртқа, пияз, сарымсақ, тұзы көп тағам, алкоголь және т.б. қосады.
Мәди Айтжан итті бөлек дайындалған, үйлесімді рационын ветеринарлық диетолог-дәрігер дайындаған тағаммен тамақтандыруға кеңес береді.
Егер итіңіз жеуге болмайтын тағамды жесе, не істеу керек?
Мәди Айтжан үй жануарыңызға адсорбент беруді ұсынады, егер оның жағдайы нашарласа, маманға хабарласу керек. Алайда, егер ит майлы, тәтті, ысталған, бұрышы көп, шоколад немесе бүлінген тағамды көп мөлшерде жесе, онда адсорбент көмектеспеуі мүмкін.
Medical News Today-дің хабарлауынша, егер тағам улы болса, дереу жергілікті ветеринарды шақыру керек. Ем ауру белгілеріне және жеген тағам түріне байланысты болады. Өз бетінше ауруды анықтап, диагноз қоюға қатаң тыйым салынады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін тыйым салынған тағамды ит жетпейтін жерде сақтау керек.
Қорытынды
Адам үшін қауіпсіз деп саналатын барлық тағам иттке қауіпсіз емес. Үй жануарының тамақтануы оның әл-ауқатының маңызды факторы. Жеке кеңес алу үшін ветеринармен кеңесіңіз.
Материалды Factcheck.kz сайтында тағылымдамадан өтуші Дайана Үсенхан дайндады