Қаңтар айының аяғында және ақпан айының басында WhatsApp мессенжерінде Сәтпаев қаласының бір ауданында адам жегіш пайда болғаны туралы хабарлама тарады. Хабарламаға адамның денесі жартылай бөлшектелген сурет қоса тіркелген.

Оқырмандардың сұрауы бойынша, Factcheck.kz аталған хабарламаның шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін тексерді.
Үкім: Фейк
2025 жылдың 30 қаңтарында Жезқазған қаласында адам өлтіру және мәйітті бөлшектеу оқиғасы расымен тіркелген. Алайда, Factcheck.kz редакциясының сұрауына жауап берген Ұлытау облысының полиция департаменті бұл оқиғаның «адам жеуге» ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер марқұмның таныстары болып шыққан. Олар жанжал барысында кісі өлтіріп, кейін денені қоқыс жәшігіне тастап кеткен.
«Ешқандай адам жегіш жоқ. 30 қаңтарда Байқоңыр көшесіндегі үйде таныстар арасында пайда болған қақтығыс салдарынан кісі өлтіру әрекеті болған. Полиция қызметкерлері Жезқазған қаласының 2 тұрғынын анықтап, ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Тергеу жалғасып жатыр», — деп хабарлады Ұлытау облысы полиция департаменті редакцияға.
Жезқазғанда болған аяусыз кісі өлтіру туралы ақпарат 31 қаңтарда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың бірі оқиға орнын суретке түсіріп, бұл қорқынышты кадрлар әлеуметтік желілерде кеңінен таралғаны хабарланған. Полиция департаменті тексеріліп жатқан хабарламада тараған суреттің нақты кімнің түсіргені туралы мәлімет бермеді.
Кейбір басылымдарда көшедегі бақылау камерасынан алынған бейнежазба да пайда болды, онда екі адамның мәйітті қоқыс жәшігіне тасталғаны көрінеді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.