Мессенжерлерде Өскемен қаласында «маньяк» пайда болғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Тараған аудиода ер адам Өскемен қаласында «адам өлтіруші» пайда болғанын, 4 күнде 4 құрбаны барын айтады. Оның үстіне, ол құрбандарын ағашқа асып кетеді екен-міс.
Аудиомен қатар қандай да бір адамның суреті (ақпарт таратушылар оны қылмыскер деп таныстырады) мен асылып тұрған екі адамның видеосы қатар тараған.



Үкім: Фейк
Дәл осыған ұқсас ақпарат Абай облысында да тарап, 18 сәуірде аймақтың полиция департаменті деректі терістеген. Құзырлы органның жазуынша, қала аумағында мұндай оқиғалар тіркелмеген. Ақпарат тексеріс барысында расталмаған. Біз көріп отырған нұсқада тек қала атауы өзгеріп, енді Семейдің орнына Өскемен қаласы деп айтылады. Біз Абай және Шығыс Қазақстан облысытарының полиция департаментінің баспасөз хатшыларымен сөйлесіп, видеоның бұл аймақтарға қатысы жоғын және ақпараттың жалған екеніне көз жеткіздік.
Толығырақ
Байқауымызша, ақпараттың сәуірдің басында тараған алғашқы нұсқасында Абай облысы мен ШҚО туралы емес, Астанаға қатысты болған. Ол кезде де ақпарат мессенжер арқылы тарап, онда қандай да бір маньяк түнде Көктал шағын ауданын аралап, жасөспірімдерді өлтіріп, олардың денесін саябақтағы ағаштарға асатыны туралы хабарланған. Ол хабарламада да төрт ықтимал құрбан туралы айтылады. Бірақ Астана полиция департаменті деректің жалған деп атады.
Дегенмен сурет пен видео тек Абай облысы мен ШҚО туралы тараған кезде «қосылған» секілді. Редакция ол видеолардың алғашқы дереккөзін анықтай алмады. Дегенмен, видеолардың бірі 6 сәуірде YouTube платформасында жаряланып, кейін арна иесі аккаунтын өшіріп тастаған.

Дей тұрғанмен, тараған видео сәуір айында түсірілгенге ұқсамайды, себебі адамдар тым қалың киініп алған, ал бір видеода қар анық көрінеді. Шамасы бұл екі бейне қыстың күні түсірілген.
Factcheck.kz «қылмыскер» деп суреті тараған адамның жеке басын анықтай алмады. Бұл адамның суреті желіде тарамаған секілді. Суреттің желіде алғаш пайда болған уақыты — 18 сәуір, яғни Абай облысының полиция департаментінің ақпаратты терістеген посты.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін WhatsApp мессенжерінде Сәтпаев қаласының бір ауданында каннибал пайда болғаны туралы хабарлама тараған еді. Хабарламаға адамның денесі жартылай бөлшектелген сурет қоса тіркелген. Дегенмен ол жаңалық та фейк болып шықты.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.