Фейк | Қарақшылар көлікті тоқтату үшін жол бойына автокресло қойып кетеді

Желтоқсанның соңы мен қаңтар айында желінің орыс тіліндегі бөлігінде қарақшылар мен ұрылардың жаңа тактикасы туралы хабарламалар тарады. Олар жол бойына балалар автокреслосын қойып, өтіп бара жатқан көлік жүргізушілерін тоқтатуға тырысады, содан кейін «ұрып-соғып, тонап, зорлап, өлтіріп тастап кетеді»-мыс (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12). Әсіресе әйел жүргізушілерге мұқият болуды, тоқтамауды және жылдамдықты азайтпауды ескертеді. Сондай-ақ, қылмыскерлердің басқа әдісі туралы ақпарат бар: олар алдыңғы әйнекке жұмыртқа лақтырып, жүргізушінің көруін шектейді. Бұл ақпараттың дереккөзі ретінде «жергілікті полиция» көрсетілген. Хабарламаның толық мәтіні төмендегідей.

Фейк | Қарақшылар көлікті тоқтату үшін жол бойына автокресло қойып кетеді
Хабарламаның скриншоты

Оқырмандардың өтініші бойынша Factcheck.kz редакциясы бұл ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Үкім: Фейк

Балалар автокреслосына қатысты оқиға – 15 жылдан астам уақыт бұрын интернетте пайда болып, осы күнге дейін тарап жүрген қалалық аңыз. Шын мәнінде, мұндай әрекеттерге қатысты тіркелген жағдай жоқ. Қазақстанның ішкі істер министрлігі де бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Хабарламада фейктің негізгі белгілері бар: эмоцияға басу, оқиға орны мен ақпарат көздеріне қатысты нақты мәліметтердің жоқтығы, бас әріптер мен леп белгілерін шамадан тыс қолдану, грамматикалық қателер.

Соңғысы мәтіннің ағылшын тілінен машиналық аударма арқылы (мүмкін, Google Translate көмегімен) аударылғанын көрсетеді. Бұл фейктің ағылшын тіліндегі нұсқасы әлеуметтік желіде 2024 жылғы қараша айының соңында – желтоқсан айының басында тараған.

Толығырақ

2009 жылғы желтоқсанда америкалық Snopes фактчекиң жобасы «Ұлттық қарақшылар апталығы» туралы жалған хабарламаны жоққа шығарған. Бұл хабарламада қылмыскерлер әйел жүргізушілерді қанға боялған балалар автокреслосы арқылы алдап, кейін оларды ұрып-соғып, зорлап кетеді делінген.

Кейін, 2010 жылғы мамырда, Snopes бұл материалды жаңартып, тағы бір жалған хабарламаны жоққа шығарды. Онда автокресло туралы аңызға көлік әйнегіне жұмыртқа лақтыру туралы мәлімет қосылған. Хабарлама бойынша, жүргізушілер ешқашан тоқтамауы керек және әйнекке су шашып одан бетер жағдайды ушықтырмауға тиіс.

«Бұл аңызды бақылап келе жатқан жылдардың ішінде біз бірде-бір қарақшының (ел бойынша бірдей әрекет ететін қарақшылар тұрмақ) жүргізушілерді автокресло арқылы тоқтатып алуға тырысқан жағдайын кездестірмедік. Полициямен байланысып та мұндай әрекеттер туралы ешқандай мәлімет ала алмадық», – деп хабарлады фактчекерлер.

2025 жылы бұл хабарлама, енді орыс тілінде, әлеуметтік желіде, соның ішінде қазнетте қайта шықты. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Stopfake.kz сайтына берген түсініктемесінде ақпараттың жалған екенін растады.

Ресейлік ақпарат кеңістігінде, біздің байқауымызша, бұл хабарлама кеңірек тараған. Онда да жалған екендігі айтылды (1, 2).

Біздің тапқан ең ерте орысша хабарламалар 2024 жылғы желтоқсан айының ортасына таман жарияланған (1, 2, 3). Қызығы, алғашқы хабарламаларда кейінгі нұсқалардан алынып тасталған бір сөйлем болған: қылмыстық топтарға қатысты ескерту Crime Stoppers ұйымынан шыққан делінеді.

Crime Stoppers – қылмыстық әрекеттер туралы анонимді ақпарат беруге көмектесетін қоғамдық бастама. Әдетте, ол коммерциялық емес ұйымдар немесе полиция тарапынан басқарылады және жедел қызметтер мен полициямен байланысудың стандартты әдістерінен бөлек жұмыс істейді. Бүгінгі таңда бағдарлама негізінен АҚШ пен Ұлыбританияны қоса алғанда, Батыс елдерінде қолданылады.

Бұл бізді фейк әуелі ағылшын тілінде жарияланды деген ойға жетелейді. Расымен де, 2024 жылғы қараша айының соңында және желтоқсан айының басында ағылшын тілді әлеуметтік желіде дәл осындай хабарлама пайда болды. Екі мәтінді салыстырсақ, орысша мәтіннің ағылшын тіліндегі фейктің тура аудармасы екені анық көрінеді.

Фейк | Қарақшылар көлікті тоқтату үшін жол бойына автокресло қойып кетеді
Ағылшын тіліндегі фейктің скриншоты

Журналист с 19-летним стажем, медиакритик. Последние 15 лет работала корреспондентом в Азаттыке — Казахской службе Радио Свободная Европа.

Factcheck.kz